ШҮЛЕН ТАРАТУ
Дәстүрлі қазақ қоғамында жарлыға жәрдем беру мен әлсізге қамқорлық көрсетуді насихаттайтын салт көп болған. Әлі де аз емес. Десек те олардың бірқатары қазіргі күні ұмытылып кеткенін мойындауымыз қажет. Сол ұмытылған немесе бүгінде көп насихатталмайтын салт-дәстүрді жаңғырту мақсатында "Шүлен тарату" деген дәстүр жайлы айтқымыз келеді. Бұл –жомарттықты көрсететін салт. Бұл дәстүрдің тамыры өте тереңге кеткен. Оның мақсаты–жағдайы нашар адамдарға көмектесу. Бүгінгі тілмен айтсақ, бұл – қайырымдылық шарасы. "Шүлен тарату" салты күз түсіп, мал саны көбейгенде хан-сұлтандар мен дәулеті тасыған байлардың кедейлерге тегін мал, ақша, бұйым, тамақ үлестіруі арқылы жүзеге асқан. Бұл біріншіден, кедей-кепшіктің келе жатқан қыстан аман шығуына жәрдемдесу болса, екіншіден көптің алғысын алудың амалы. Шүлен таратқан жандардың ел арасындағы беделі артып, алыс-жақын жерлерге ол жайлы мақтау әңгімелер тараған. Жалпы, адамдарды бауырмалдыққа баулитын, қоғамдық қарым-қатынасты реттейтін бұл дәстүрдің игілігі көп.
«Ақмешіт-ақпарат»