Жерсеріктер неден жасалады?
Қазіргі уақытта Жер планетасын 1419 белсенді жерсеріктер айналып ұшып жүр. Әрқайсысы әртүрлі қызмет атқарады. Біреуі әскери міндеттерді орындаса, енді біреуі коммерциялық мақсатта орбитаға шыққан, - деп хабарлайды Massaget.
XXI ғасырда жерсеріктерін жасау барысында металлдың орнына көміртекті пластикті жиі қолданады. Қазір АҚШ пен Ресей ғалымдары алюминий қоспасы негізінде жасалған ұшақтың ажырайтын бөлігін көміртекті пластикке ауыстыруды қолға алған. Неге көміртекті пластик дейсіз ғой? Өйткені, ол алюминий қоспасына қарағанда 30–35 пайызға жеңіл. Бір келіні жақын орбитаға шығару үшін 50 мың доллар жұмсау қажет. Ал ғаламшар аралық ұшуға бұдан 10 есеге дейін көп шығындалуға тура келеді. Оның үстіне көміртекті пластиктен жасалған жерсеріктерінің пайдалану мерзімі ұлғайып, сенімділігі мен беріктігі арта түседі.
Мысалы, "Федерация" көп мәртелік ғарыш кемесінің басым бөлігі көміртекті пластиктен жасалған. Алайда адамдар отыратын басқарылатын бөлігі металлдан тұрады. Не себепті басқарушы бөлікті көміртекті пластиктен жасамайды? Мәселе, алғашқы басқарушы бөліктерді жасаған уақытта көміртекті пластиктің болмауында. Қазір оларды алмастыру үшін бірқатар сынақтар өткізіп, тексеріс жасау қажет.
Адамзат баласының басты проблемаларының бірі – ғарыш қоқысы. Зымыранның сатылары, ғарыш аппараттарының істен шыққан бөліктері жерсеріктеріне көп нұқсан келтіруде. Олардың бірде-біреуі, тіпті, көміртекті пластиктен жасалған жерсеріктер де үлкен жылдамдықпен келіп соғылған кішкентай ғарыш қоқысының бөлшегіне де төтеп бере алмайды. Адамзат баласы ғарыш аппараттын қорғауды және ғарышты қоқыстан қалай тазартуды ойлап тапқан жоқ. Орбитада ғарыш қалдықтары жыл сайын көбеюде. Соңғы үш жылда олар 2 пайызға немесе жылына 100 тоннаға артып отырған.
Заманауи әдістер жерсеріктің бөлшектерін аддитивті технологияның көмегімен жасауға мүмкіндік береді. Дегенмен жерсерігін түгелдей 3D-принтерде басып шығару тиімсіз. Өйткені аппараттың қаңқасының өзіне көп уақыт пен қаржы кетеді. Оданша оны тұтас материалдан кесіп алған тиімдірек.
Материалды болашақта не күтіп тұрғанына байланысты көміртекті талшықты төсеудің бірнеше тәсілі қолданылады. Егер оны дұрыс төсемесе арасында бос кеңістік қалып қоюы мүмкін. Алайда бұл авиацияға қарағанда ғарыш құрылғылары үшін аса қауіпті емес. Ұшақтар түрлі ауа-райында қатынайды. Соның салдарынан қуыс суға не өзге де бүлінуге әкелетін затқа толып қалуы мүмкін.
Осы себепті көптеген ғарыш аппараттарын титан қоспасынан жасауға көшті. Титан қоспасы алюминийге қарағанда әлдеқайда берік. Дегенмен болашақта көміртекті пластиктен жасалған жерсеріктеріне басымдық берілетіні күмәнсіз.