Ара балының денсаулыққа пайдасы
Бүгінде кәдімгі ара балының адам денсаулығына пайдалы екендігін білмейтін кісі кемде-кем. Бал қосылған шәй ішсеңіз бойыңыз сергіп, көңіліңіз көтеріңкі жүреді. Алайда балмен емдеудің түрлі-түрлі жолдары мен әдіс-тәсілдері көп екендігін біріміз білсек, біріміз білмейміз. Ендеше, назар салыңыз.
1. Мұрынды шаю.
Суық тиіп, тұмауратқанда, одан емделу үшін пайдаланылған ащы пияз бен сарымсақ жәрдемдеспеген болса, мұрынды бал қосылған жылы сумен шаюға кеңес береміз. Бұл үшін бір шәй қасық балды бір құты жылы суға араластырып, әбден шайқап еріткен соң тамызғышпен (пипетка) оны әуелі мұрынның бір қуысына, сонан соң екінші қуысына тамызыңыз. Егер сіз балды суға емес, қызылша шырынына араластырып бірнеше рет қайталасаңыз оның тиімділігі өте жоғары.
2. Ұйқысыздыққа қарсы.
Жарты шәй қасық балды тіліңіздің астына салып, ақырын жұтыңыз. Мұны бір ай бойы ұмытпай әдетке айналдырсаңыз, ұйқыңыз түзеліп, ашушаңдықтан арыла бастайсыз.
3. Балмен ішекті тазалау.
Бұл үшін 1 ас қасық балды 1 литр жылы суға араластырып ерітінді дайындап алыңыз. Оған лимон шырынының бірнеше тамшысын және 1 ас қасық тұз қосыңыз. Осы ерітіндімен тоқ ішектен клизма жасасаңыз, ішектің шырышты қабатын және ондағы қалдықтар мен шірінді микроорганизмді тазартуға, ішекте пайдалы микрофлора қалыптастыруға пайдасы зор.
5. Қан айналымын жақсарту үшін.
Егер сіздің беліңіз ауырып, денеңізде көгерген тамырлар, дақтар пайда болса, онда ара балымен массаж жасағаныңыз абзал. Таза теріңізге 2 ас қасық бал жағып, оны жақсылап сылаңыз. Сонда қан айналымы жақсарады.
6. Иммунитетті көтеру үшін.
Омарта ұяшықтарындағы балды пайдаланыңыз. Бұл балдың өте пайдалы, нағыз табиғи түрі. Оның құрамында аралардың өмірін ұзартатын пайдалы элементтер көп. Сондықтан мұндай балды ауыр отадан шыққан, әлсіреген адамдарға пайдаланған жөн.
http://reactor.inform.kz