Айдарлы бала – айбарлы бала
Бала күнімізде үйге өзге адам келсе «бөлмеден шықпаңдар» деп қамап қоятын. Қонақтар кеткенше сонда тыныш отырушы едік. Той-томалақ, туған күнге де өздері барады. Бізді ертпей тастап кетеді.
Туысқандар бас қосса ағамның баласы Айбынды төрге шығарып, ерекше құрметтейді. Бар тәттіні алдына қойып, алты жасар балаға бата бергізеді. Ағам мен жеңгемнің үлкен қызынан кейін он бес жыл күткен ұлы ғой. Есімін Айбын деп қойып, төбе шашына айдар қалдырды.
– Ағаң екеуміз перзенттерімізді асыға күттік. Қыздың да, ұлдың да өз орны бар ғой. Аллаға шүкір! Шаһризада деген сұлу бойжеткеніміз бар. Десе де, қазақ отбасындағы әрбір әйел атұстарды дүниеге әкелуді армандайды. Біраз жыл емделдік. Дегенмен, нәтиже болмады. Алланың көзінің түзулігі шығар. Ұлымыз өмірге келді. Аллаға тапсырып, жұмыс істеп жүре бердік. Айбын дүниеге келгенде үлкендер ырымын жасап, қырқынан шығарғаннан кейін айдар шаш қойды. Келесі жылы ол бірінші сыныпқа барған да тұлым тойымен тілашарды бірге істейміз. Балам өте зерек, алғыр, тілалғыш. Болашағынан зор үміт күтеміз. Атына заты сай қайсарлы, айбынды, күш-қуатты ер азамат болса екен деп тілейміз, - деді жеңгем Ақжарқын ағынан жарылып.
Расында, қазақ қашанда ұрпақ жалғастырар, атұстар ер баланы құрметтеген. Оған ерекше көңіл бөліп, ел қорғайтын азамат болсын деген мақсатта түрлі салтты орындап, ырым-тыйымға сенген. Соның ішінде айдар қою дәстүрінің де өз міндеті, өз құпиясы бар.
Соңғы жылдары бұл шашты сән үлгісі ретінде балаға жиі қоятын болды. Ежелгі дәстүрдің ескірмей қайта жаңғырғаны көңілге қуаныш ұялатады. Алайда, бұрын аталмыш ғұрыпты халқымыз ретсіз қолданбаған. Себебі, айдарлы балаға көз өтпейді деп ырымдап, сәби сүйе алмай немесе өте сүйкімді бүлдіршіндерге тіл-көзден аман болсын деп арнайы қойған.
Бұл тек біздің елде ғана емес шығыс халықтарында да көрініс тапқан екен. Мәселен, Таиланд жұрты аурушаң балаға тұлым не айдар қойса, сауығып кетеді деп сенген. Қытай, Корея, мысырлықтардың кішкентай балаларының да төбе, кекіл шашын байқауға болады. Олар да сыртқы тылсым күштен қорғайтын ырымға сенсе керек. Байқасаңыз, үлкендер үнемі «Шаштың киесі бар» деп тараған кезде түскен шашын жерге түсірмей жинап отырады. Сондай-ақ, «құс тістеп кетпесін, басымыз ауырады» дейді.
Ата-бабамыз нәресте дүниеге келгенде төбесіне арнайы бір шөкім шашты қалдырған. Мұндай балаға үлкендер ерекше назар аударып, көрген жерде батасын беріп, «Ата-анаң үлкен той істейді екен ғой», деп жатады. Қазіргі кезде аталмыш дәстүр салтқа сай орындалып жүр ме? Әл де жай ғана сән үлгісі ретінде қолданылады ма?
Бүгінде бұл ырымды бірі ұстанса, енді бірі оған мән бермейді. Десе де, перзентін сүндетке отырғызып, ағайын-туыстың ортасында тұлым той істеп жатқандар қатары жетерлік. Үлкендер таңдаған елге сыйлы, абыройлы азаматқа баланың шашын алдыртады. Ондағы мақсат – «баласы өскенде сол кісідей құрметті, беделді азамат болсын» дейді.
– Кешеден бүгінге, атадан балаға мирас болып келе жатқан салт-дәстүріміздің қай-қайсысы болмасын өз құндылығын жойған емес. Олардың әрқайсысы өзіндік қасиетімен ерекшеленеді. Ең бастысы, адамға берер тағылым-тәрбиесі мол. Қазақта «Айдарлы ұлың, тұлымды қызың бар ма?» - деген әдемі тәмсіл бар. Алайда, бұл қазір көп қолданыла бермейді. Десе де, үлкендар жағы «Айдарлы бала – айбарлы бала» деп немересін қырқынан шығарып, төбе шашын қалдырады. Біз де немеремізге айдар қойып, бес жасқа толғанда сүндетке отырғызып, шашын елге сыйлы қайын ініме ырымдап алдырттық. Қазір ол баламыз он екі жаста. Қатарының алды, алғыр ерекше болып өсіп келеді. Мектепте оқу озаты. Болашағынан үлкен үміт күтемін, – дейді көп балалы ана Жамал Сермақанова.
Одан бөлек балаға кекіл қоюдың да мән-мағынасы тереңде жатыр. Халқымызда «сәбидің кекіліне періште ұялайды» деген ырым бар. Қазақ маңдайы жарқырап тұрған баланың болашағынан үлкен үміт күткен. Алайда, оны сұқ көзден сақтау үшін кекілмен жасырған. Сонымен қатар, бұрын бүлдіршін жетім қалса оған желке шашын қойды. Ата-анасы, жанашыр туысы болмаса, халық қамқорлық танытып, мейірімін төксін деген мақсатта тұл шаш та өсірді.
Қарап отырсақ, ата-бабамыз ежелден-ақ баланы сырт келбетіне қарап таныған. Оған сәбидің шашындағы түрлі белгілер себеп болса керек. Мәселен, кімнің ерке, қорғансыз, жетім бала екенін, ал кімнің ұзақ уақыт сәби сүйе алмай айдарлы бала немесе тұлымды кызды өмірге әкелгенін түсінген.
Ал, бүгінде шаш қою салты сырттан еліктейтін үлгілермен өзгеше күйге түсті. Осылайша салттың қайсы, сәннің қайсы екенін ажырата алмай қалды. Қазір шашты қойғанымен елдің батасын алып, той жасамайтын адамдар да кездеседі. Бірінің қалтасы көтерсе, енді бірінің жағдайы келмейді. Өйткені, ер жетсе де айдармен жүргендерді көз көріп жүр. Олар салт-дәстүрге емес стильдік ерекшелікке мән бергендей. Тіпті, айдар шашты халық алдында жүрген эстрада жұлдыздарынан да кездестіруге болады. Алайда, оны қою үрдісі ешбір сәнге де модаға да жатпайды. Ол қазақ сенімі бойынша ырымдап қойылған.
Ақмарал ОЛЖАБАЕВА