142-ші баспана аралдық отбасыға табысталды
ҚМДБ «Зекет қоры» қайырымдылық қорының облыс бойынша өкілдігі, Арал аудандық Орталық мешіт жамағаты және кәсіпкерлердің бірігуімен «Ел үлесі пәтерге» әлеуметтік жобасы аясында аралдық отбасы баспаналы болды.
Айта кетейік, аталған жоба басталғалы бері республика бойынша 142 баспана сыйға берілсе, Қызылорда облысының өзінде 16 үй әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға табысталды. Бұл жолы да әдетінен жаңылмаған игі жоба Қызылорда облысына қарасты Арал ауданында тұратын жалғыз басты ана мен балаларын қуанышқа бөледі.
Пәтер кілтін табыстау салтанатына қатысқан ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкіл имамы, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің бас имамы Болатбек Ұласқанұлы, ҚМДБ «Зекет қоры» корпоративтік қорының облыс бойынша өкілі Оңталап Жидебаев құттықтап жаңа пәтер кілтін табыстады.
Шара соңында Өкіл имам Б.Абуов сол үйдің салынып бітуіне бас-қасында жүрген жанашыр азаматтарға ризашылығын жеткізіп, алғыс білдірді.
Сонымен қатар, ҚМДБ Зекет қорының Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен Бас имам Болатбек Ұласқанұлы Қазалы ауданының тұрғыны Тұрышов Ерболдың отасына (операциясына) көмек ретінде 50 000тг көлеміндегі қайырымдылық сертификатын анасы Аяпбергенова Айнагүлге табыс етіп, аман-есен жазылып келуін тіледі.
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі