Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Жыр жаттаған Валерия

Жыр жаттаған Валерия

      Соңғы жылдары қазақша сөйлейтін өзге ұлт өкілдері айтарлықтай көбейді. Бұл  – олардың қазақ жеріне, мемлекеттік тілге деген құрметі. Олар халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын да қастерлейді. Сондай-ақ, батырлық дастандарымызды мүдірмей айта алады. Солардың бірі ретінде қазақ тілін жетік меңгеріп, ақын-жазушылардың өлеңдері мен батырлар жырын жатқа айтатын Валерия Лизьконы айтуға болады.
Қазақ тілін туған тілінен кем сөйлемейтін кейіпкеріміз 2004 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Отбасында  – екі қыз, әпкесі және өзі. Ата-анасы 2008 жылы Қызылорда қаласының «Шанхай» бөлігіне көшіп келеді. Сөйтіп, Валерия осындағы №253 орта мектептің табалдырығын аттап, қазақ сыныбына барды. Ұлты өзге болса да, қазақ балалары арасында  озат оқушылар қатарында. Оның жеткен жетістіктері аз емес. Мәселен,  екі жыл қатарынан ақын Мұқағали Мақатаев оқуларына қатысып, бағын сынады. Қалалық деңгейдегі байқауда 2 орынды иеленді. Ол  бүгінде айтулы ақынның 100-ге жуық өлеңін жатқа біледі.
– Сыр өңірі – қазақылықтың қаймағы бұзылмаған өлке. Бала күнімнен қазақ балаларымен бірге өсіп келемін. Көршілердің барлығы жергілікті ұлт өкілдері. Біздің тұратын аймақ ауылдан кем емес. Себебі, барлығы бір-бірімен бауырдай араласады. Өз тұрған жерін құрметтейтін, қадірлейтін адам тілді де тез меңгереді. Ал, менің қазақ тілін еркін үйренуіме араласқан ортам көмектесті. Ешкім де тіл үйрен деп мені қинаған жоқ. Өз еркіммен үйрендім. Соның арқасында біраз жетістікке де жетіп, түрлі байқауларда топ жарып жүрмін. Алда әлі талай белесті бағындырып, биіктен көрінетініме кәміл сенемін. Қазіргі кезде отбасымызда  анам мен әпкем де қазақ тілінде еркін сөйлейді, – деді ол.
Орыстың сары қызы қазақтың ақын-жазушыларының өлеңдерін мәнерлеп, жатқа айтқанды жаны сүйеді. Жетекшісі Индира Арыстанбекованың айтуынша, Валерия көпшілік ортада өз ойын анық жеткізіп, қазақ тілінен сауатты екенін қашанда мойындатып келеді. Ол тіпті, мектепте қазақ балаларынан да жақсы көрсеткішке қол жеткізуде. Әрине, бұл ретте Валерияның тілге деген сүйіспеншілігін арттырған ұстаздарының да еңбегі зор екенін айта кету керек.
Кейіпкеріміз республикалық «Тұлпар мініп, ту алған» байқауы болатынын естігенде ерекше қуанған. Өйткені, осындай қазақ тілінде өткізілетін түрлі іс-шараға белсене қатысуды әдетке айналдырған. Осы байқауда да  өз бабы мен бағын сынап көргісі келді.
– Бұл мүмкіндікті естігенде менің де білім алып жүрген мектебіме абырой сыйлар кезім келген екен деп ойладым. Сөйтіп, бар зейініммен «Қобыланды батыр» жырын жаттауға кірістім. Осылайша жазғы үш ай демалыстың қалай зулап өткенін де аңғармай қалдым. Осы аралықта жетекшімнің рухани қолдауы мен ата-анамның сенімі мені шабыттандырды. Жырдағы 132 беттің барлығын жаттадым. Қалалық деңгейде өткізілген байқауда 54 мектептің арасынан суырылып алға шығып, 3 орынды иелендім. Бұл – ең бірінші ата-анам мен ұстазымның еңбегінің жемісі. Одан кейін облыстық деңгейде жүлделі орыннан көріне алмадым. Десе де, оған еш өкінбеймін. Есесіне, үлкен тәжірибе жинақтадым. Көптеген байқау қатысушыларымен танысып, достық қарым-қатынас орнаттым, – деді Валерия.
Сырдың сары қызы болашақта Нұр-Сұлтан қаласындағы Өнер академиясына журналистика факультетіне оқуға түсуді армандайды. Сондықтан уақытты босқа өткізбей әркез ізденіс үстінде жүреді. Келесі жылы мектепті үздікке бітіріп, алдына қойған мақсатына жетуді көздейді. Лизьконың бағындырар белесі мұнымен шектелмесі анық. Оның алдағы уақытта қалаған мамандағына оқуға түсіп, журналистика саласының мықты маманы боларына  сеніміміз зор.
Қысқаша айтқанда:
Валерия Лизько ақын Мұқағали Мақатаевтың 100-ге жуық өлеңін жатқа біледі.
Отбасында анасы мен әпкесі де қазақша сөйлейді.
Республикалық «Тұлпар мініп, ту алған» байқауының қалалық кезеңінде үшінші орын алды.
Ол «Қобыланды батыр» жырының 132 беттік нұсқасын толық жаттап алды.
Валерия болашақта журналист болсам дейді.
 Ақмарал ҚАДЫРХАНҚЫЗЫ
05 қараша 2019 ж. 963 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 437 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам