Сүмбіл шаш төгілсе тобығынан
Қыздың көркі – шаш. Сүмбілдей төгілген бұрымы арудың көркіне көрік қосады. Дегенмен, бүгінде оны жайып жіберу сәнге айналған. Қай жерге барсаң да шашын жайып алған бойжеткендерді көресің. Белден асатын ұзын шашымен алысып әлек. Әсіресе, қоғамдық көлікке мінгенде басын қозғаса ол желпілдеп, жұрттың мазасын алады.
Қазақта «ең сұлу әйел – жүкті әйел» деген сөз бар. Жақында осындай келіншекті кезіктіріп қалдым. Қолында жетектеген баласы бар, өзі жүкті екен, қол ұстасқан жары үшеуі банкке келді. Кезек күтіп тұрған едік. Жаңағы келіншектің кішкентай баласы тынымсыз, анасының әбден мазасын қашырды. Келіншек те баланың айтқанын жасаймын деп жайып алған шашынан көп қиындық көрді. Шашының ұзындығы белден асады. Өзі жүкті келіншек, басына бір жапырақ орамал тағып, шашын өріп алса қандай жарасып кетер еді... Сонда өрген бұрымы тал бойына жарасып, нағыз қазақы келіннің бейнесін көрер едік. Қазір 50-60 жасты алқымдаған әйелдің өзі шашын түрлі бояуға бояп, жалаңбас жүреді. Мұндай енеден қандай келін үлгі алары белгісіз. Сондай-ақ, қазіргі уақытта енелердің өзі жас көрінгісі келеді де, келіндеріне жалаңбас жүруге рұқсат береді екен.
Ойды ой қозғайды. Осындай көріністі көрген кезде бұрынғы аналар бейнесі көз алдымызға келеді. Ертеректе жас келін, шашын жаймаған. Басынан орамалын тастамаған. Тіпті бойжеткеннің өзі ұзын шашын екіге өріп қойған.
Білектей арқасында өрген бұрым,
Шолпысы сылдыр қағып, жүрсе ақырын.
Кәмшат бөрік, ақ тамақ, қара қасты,
Сұлу қыздың көріп пе ең мұндай түрін? – деп ұлы ақын Абай жырға қосқан.
Расында, шаш – қыз бала үшін сұлулықтың белгісі секілді. ның басты бұйымы саналған. Кезінде бұрым сұлулықтың сәні деп бағаланған. Қыздың шашын қырқып, кеспеген екен. Қайта керісінше, оны бойжеткеннің тобығына дейін жеткізе өсіруге айрықша мән берген. Өлеңнен өрнек салған ақындар қос бұрымы тау басынан құлаған бұлақтай деп дәріптеген. Сол үшін де оған айрықша көңіл бөлінген. Тілерсегін соққан қос өрім қыздың ажарын аша түскендей көрінетін. «Ақ үйден бір қыз шықты көзі күлген, шаштарын он күн тарап, бес күн өрген» деген жыр жолдары да бұрымның қасиетін меңзеп тұрғандай.
Бүгінгі қоғамда ұзын шаштың да қадірі кете бастады. Жастар бұрымға көп мән бере бермейді. Бұрын оны қиса, қиылған шашпен бірге оның биязылығы да, нәзіктігі де қоса кесіледі деп түсінген. «Жүкті әйелдерге шашты қимау керек» деген тыйым да осыдан қалған. Демек, «шашыңды қиғаның – бағыңды қиғаның», «бұрымды шаш – абыройың» деп тегін айтпаса керек.
Ұзын шашты жайып жүру бүгінгі таңда сәнге айналды. Ертеде әйел адам күйеуі өлгенде шашын жайып, жоқтау айтқан. Жайылған шаш әсіресе, күн батқан уақытта бойына жағымсыз энергияны жинайды екен. Сондықтан әке-шешеміз түнде далаға шыққанда «басыңды жауып шық», «бас киіміңді киіп шық» деп айтып жатады.
Зерттеулерге сүйенсек, әйелдің шашы магнит секілді екен. Күнделікті шаш тарағаннан-ақ оның жоғарыға ұшатынын, энергияға толы екенін аңғарып жүрміз. Демек, оның беріктілігін альюминиймен салыстыруға болады. Бір шаштың өзі 100-ден 200 грамға дейінгі салмақтағы затты ұстап тұруға шамасы келетін көрінеді. Ал бұрымы 20 тонна салмақтағы затты көтеріп тұра алады дейді зерттеушідер. Міне, осындай күш қуатқа ие шашты жинап, буып-түйіп жүрген жөн. Өйткені, оны жайып, желбіретіп жүрудің зияны өте көп. Мәселен, әйелдердің күніне 70 шашы түседі екен. Жерде жатқан зат аяққа басылады, ал аяққа басылған нәрседе не қадір қасиет болады.
Шашты жаю сондай-ақ қыз баланың жеңілтектігінен де хабар береді. Жайылған шаш кез келген жерге түсіп, тамақ ішкенде дастарханға тиіп қыздың тазалығына да нұқсан келтіретіні анық. Қызды қырық үйден тыйған қазақ үшін бұл – тәрбиесіздік. Ол тәлім-тәрбие қыздан басталатынын меңзейді. Ең алдымен солар ұятты болуы керек. Биязы аруды көргенде жігіттің өзі сондай тәртіпке келгісі келеді. Көзге көрінбейтін қылық секілді көрінгенмен, бұл жайттың астарында үлкен мән-мағына жатыр.
Осы орайда, ұлттық намысымыз жоғалып ұстанымымызға сәйкес келмейтін әрекеттерге назар аудару қажет. Себебі, аяулы арулардың кейбір қылығын көргенде жүрегің селт етпей қоймайды. Қаракөз қыздардың тәлім-тәрбиесі жоғары, ізетті де инабатты, мейірімді болғанын көру – ұлт мақтанышы. Сондықтан жас жеткіншектердің рухани әлемі кедейленуіне жол бермеу – бүгінгі күннің басты міндеті. Сол үшін де арулардың жүріс-тұрысына көңіл аударып, қазақы тыйымдарды қолданып отырған жөн болар. Бойжеткендеріміз өздеріне батыстың ерсі әрекеттері емес, дәстүрге сай әсем қылықтары ғана жарасатынын ескеру қажет секілді. Қазақ қызына қарап «үкілі кәмшат, бүрмелі көйлек» деген теңеуді кері қайтаратын уақыт келді.
Дайындаған А.БАТЫРБАЙҚЫЗЫ