Қосымша ғимараттар орын тапшылығын шешті
Қызылорда қаласындағы білім беру ұйымдарындағы орын тапшылығын шешу мақсатында қазан айынан бастап, №198 орта мектебі жанынан 200, №261 орта мектебіне қосымша 150 орындық ғимарат берілді. Жаңа нысандармен танысу үшін жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне баспасөз туры ұйымдастырылды. Оған қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысты.
Қала орталығында орналасқан Ж.Нұрманов атындағы №198 орта мектебі 964 орынға арналған. Бүгінде мұнда 1983 оқушы бар. Осыған орай қосымша 200 орындық екі қабатты ғимарат салынды. Оған жергілікті бюджеттен 243 млн. теңге қаражат бөлінген. Мердігер – «Орион ЛТД» құрылыс мекемесі. Қазіргі кезде сол ғимаратта бірінші ауысымда 242, екінші ауысымда 326 оқушы білім алуына мүмкіндік туды. Сондай-ақ, қосымша асхана, спорттық алаң салынған.
– Ата-ана ретінде қала әкімдігіне, мектеп ұжымына алғысымды білдіремін. Биыл тұңғыш балам 1-ші сыныпқа келді. Бұл оқу ошағы білім сапасы жөнінде алдыңғы қатарда саналады. Жаңа ғимарат пайдалануға берілгеннен кейін сабақты толықтай оқуға мүмкіндік жасалды. Осы бағытта игі істер атқарған басшылыққа алғыс айтамыз, – деді ата-ана Жаңыл Әбубәкірова.
Содан соң, қала басшысы әлФараби бөлігіндегі №261 орта мектептің жанынан салынған 150 орындық екі қабатты ғимаратты аралады. Оған жергілікті бюджеттен 147,9 млн. теңге қаралған. Қазіргі кезде жаңа ғимаратта бірінші ауысымда 212, екіншісінде 204 оқушы оқиды. Одан бөлек, мектептің ішкі тәртібі мен білім сапасы сөз болды.
– Біз үшін баланың барлығы да бірдей. Сондықтан бөліп-жарудың еш қажеті жоқ. Сіздердің мектептің ішкі тәртібі бізге дейін жетті. Шеткі аймақтағы білім ошағы болғандықтан мұнда жан-жақтан көшіп келген тұрғындардың балалары келеді. Сол себепті, мектеп инспекторы, мектеп директорының тәрбие жөніндегі орынбасары ішкі тәрбиемен тікелей жұмыс істеулеріңіз керек. Кәмелет жасқа толмағандардың арасындағы құқық бұзушылыққа орай өткізілген шарада осы мектептің аты қайта-қайта айтылды. Тіпті, дұрыс жұмыс істемеген мектеп инспекторын орнынан босаттық. Орнына жаңа инспектор келді. Оған бір ай сынақ мерзімі беріледі. Біз тек нақты әрі нәтижесі жұмысты ғана талап етеміз. Барлық жағдайы жасалған жаңа мектепте қызмет атқарудасыздар. Сондықтан білім мен тәртіп жағынанда алдыңғы орында тұруларыңыз қажет. Үнемі қатаң бақылауда боласыздар, – деді қала әкімі.
Одан кейін Нұрлыбек Нәлібаев біршама нысандарды аралап, ондағы жылу мәселесін пысықтады. Атап айтсақ, жақында ғана «Бәйтерек» мөлтек ауданынан көп балалы аналарға берілген үйдің жағдайымен танысты. Бүгінде мұнда ыстық су, жарық, жылу бойынша ешқандай мәселе жоқ. Тіпті, балалар ойнайтын спорттық алаң да салынған. Тұрғын үйлері жып-жылы. Тек көп балалы аналарды қоғамдық көліктің жиі қатынамауы алаңдатады. Балаларының мектепке жаяу қатынауға тура келетінін де тілге тиек етті. Қала басшысы алдағы уақытта бұл мәселенің оң шешімін табатынын жеткізді.
Сондай-ақ, қала әкімі орталықтағы №6 қалалық емханасында болды. Ондағы жылу беру барысымен танысып, ғимаратты аралады. Сонымен қатар, тазалық мәселесіне де тоқталып, емхана басшылығына сөгіс жариялады. Расында, мұнда келетін халықтың қарасы қалың. Оларға сапалы қызмет көрсетілу үшін барлық жағдай қарастырылу қажет. Оның ішінде тазалық – басты назарда.
Ақмарал ОЛЖАБАЕВА