Қызылорда қаласының әкімі «Алғашқы қоңырау» шарасына қатысты
Бүгін қаламыздың барлық білім ордаларында жаңа оқу жылы басталып, мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндерге алғашқы қоңырау соғылды.
Бұл бір ерекше тебіреніс пен толғанысқа толы күн. Тәуелсіз еліміз-Қазақстан Республикасының тарихындағы, сондай-ақ Қазақстанның әрбір азаматының, мектеп жасындағы баланың өміріндегі елеулі күн. 1 қыркүйек әсіресе мектеп табалдырығын тұңғыш рет аттағалы тұрған, жаңа өмірге қадам жасаған бірінші сынып оқушылары үшін қуанышты күн.
Осындай қуанышты күні қала әкімі Н.Нәлібаев шаһарымыздағы Ә. Мүсілімов атындағы №101 мектеп-лицейіне «Алғашқы қоңырау» күнімен құттықтап, ыстық лебізін білдіру үшін арнайы келді.
Биылғы жылы, Қызылорда қаласы бойынша жалпы білім беретін 54 мектепте 63 836 оқушы білім алады деп күтілуде.
Өткен жылмен салыстырғанда қаламыздағы оқушылар саны 5 216 оқушыға көбейді.
Тәуелсіздігіміздің алғашқы күнінен бастап, мемлекет тарапынан ұстаздар қауымының әлеуметтік жағдайын, біліктілігін арттыру және жан-жақты жағдай жасау мақсатында түрлі шаралар қабылданып келеді.
Осы ретте, жыл аяғына дейін Жаппасбай батыр көшесінің бойынан салынып жатқан 600 орындық мектеп пайдалануға беріледі деп күтілуде. Биылғы жылы бала санының артуына байланысты №198 орта мектебі жанынан 200 орындық, №261 орта мектеп жанынан 150 орындық қосымша ғимараттар салынуда.
Қала әкімінің қолдауымен биылғы жаңа оқу жылында жалпы білім беретін мектептерде тұрмысы төмен, аз қамтылған отбасыларынан шыққан 6000-нан аса баланы ыстық тамақпен қамтамасыз ету жоспарланып, 6900 ге жуық бала қоғамдық көлікте тегін жүру мүмкіндігіне ие болды.
Сонымен қатар, бүгін қаламыздағы №278 қазақ орта мектебінде белгілі ғалым, Қазақстанда отандық инженерлік-педагогикалық білімнің негізін қалаушы, техника ғылымдарының кандидаты, профессор Байзақ Көпірбайұлы Момынбаевтың бьюсты ашылды.
Ашылу салтанатына қазақтың тұңғыш ғарышкері, ұшқыш, Кеңес Одағының Батыры, ҚР Халық қаһарманы Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіров, Экономика ғылымдарының докторы, профессор, академик Бақберген Сәрсенұлы Досмамбетов, Байзақ Көпірбайұлының ұрпақтары мен зиялы қауым өкілдері қатысты.