Әсери борыш – әркімге парыз
Бүгінде елімізде күзгі әскерге шақыру науқаны жалғасуда. Болашақ сарбаздарға жүктелетін міндет жоғары. Атап айтсақ, білім деңгейі, денсаулығы мен моральдық-психологиялық тұрақтылығы мұқият тексеріледі.
– Біздің аймаққа көктем мезгілінде 214 азамат шақыру алып, оның 187-і әскерге барды. Ал, күз маусымына шақыру жұмысы әлі күнге дейін жүзеге асуда. Бүгінге дейін 406 азамат медициналық тексерістен өтті. Оның 200-ден астамы жарамды деп танылды. Дегенмен, жастардың арасында әскерге барудан жалтаратын жігіттер бар. Қазіргі кезде қала бойынша 113 әскерге шақырылған азамат іздеуде жүр. Осыған орай кент және ауылдық округке жеделхат жолданды. Десе де, әскерге шақырушылар саны азаймай тұр. Іздеуде жүрген азаматтарды тауып, соларды әскерге жіберуге жұмыла кірісуіміз қажет, – деді қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқарма бастығы Руслан Намазбаев.
Аталған мәселе қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен өткен аппарат мәжілісінде талқыланды. Бүгінде әскерге баласын жібергісі келмейтін ата-аналар қатары көбейген. Себебі, олар күннен-күнге түрлі жағдайды көзбен көріп, құлақпен естіп отыр. Сондықтан қала басшысы жас баланың психологиясы мен денсаулығын жан-жақты тексеруді баса айтты. Өйткені, әскерге барған әрбір азаматтың түрлі жағдайға кезікпеуі үшін оның алдын-алу керектігіне тоқталды.
Жиын барысында қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев сала басшыларына күзгі шақырылымның жүз пайыз орындалуын тапсырды. Сонымен бірге іздеуде жүрген азаматтардың тізімін бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерге жариялауды ұсынды.
Сондай-ақ, мәжіліс барысында 2020 жылы өтетін ұлттық халық санағына дайындық барысы таразыланды.
Ақмарал ОЛЖАБАЕВА