Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Ұлт өнерін ұлықтаған «Жыр мұра»

Ұлт өнерін ұлықтаған «Жыр мұра»

   Сыр елі – жыршы мен жыраулар мекені. Бүгінде атадан балаға қалған мұра өз деңгейінде дәріптелуде. Алты алашқа аты мәшһүр Сыр сүлейлерінің сара жолы – бүгінгі ұрпақтың рухани қазынасы.
Осы мақсатта биыл облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы тарапынан жобалық кеңсе аясында «Жыр мұра» жобасының тұсауын кесті. Ауқымды жұмыстар нәтижесінде жоба биік мақсаттарға қол жеткізді. Мәселен, «Ұлы дала төсіндегі Сыр елінің фольклоры» атты экспедиция ұйымдастырылып, нәтижесінде 45 жыршы-жыраудың дауысы, 35 ескі сарындағы мақам-саздар, 27 адамнан аңыз әңгіме, 5 қолжазба, 25 терме-толғау мәтіндері, 10 дастан, 58 өнерпаздың орындауындағы терме толғауы жазылып алынған. Қазіргі  таңда ұлттық мұраның құнды дүниелері орталық қорына өткізілген. Осындай терең зерттеу мен ұлттық өнерге ерекше құрметтің нәтижесінде жыр әлемінде облыс аудандарынан және Қызылорда қаласынан 15 жаңа есім анықталды. Олар А.Тоқмағанбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде қорытынды концертте өнер  көрсетті. 
Жыр кешін Сыр сүлейлерінің сынығы Бидас Рүстембеков Кете Жүсіптің «Өсиет» жырымен ашты. Мәдени кештің ерекшелігі таңдап алынған  жас таланттар бұрын-соңды орындалмай жүрген халықтың арасында ұмыт бола бастаған мақам-саздарды, терме-толғауларды орындады. 
Аталмыш жоба аясында ұлттық өнердің мәртебесін асырып жүрген бірқатар жыршы-жыраулар жас талапкерлерге шеберлік дәрісін өткізді. Онда мақамды икемдеуден бастап,әр сөзді ұғына айтуға бағыт берді. Сондай-ақ, Сыр сүлейлерінің бұрын-соңды көп орындалмай жүрген мақам-саздары жастарға үйретілді. Ауқымы кең, мақсаты мазмұнды жобаның жас ұрпаққа тигізетін пайдасы зор. Қорытынды концертте жас талапкерлер осы үдеден шыға білді. Қазалы ауданынан келген жыршылар үйірмесінің шәкірттері Базар жыраудың «Тіршіліктің түрлері» атты термесін нақышына келтіре орындады.
 – Бұл жоба жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Біз Қазалы ауданынан 8 баладан тұратын термешілер тобын алып келдік.  Олардың орындайтын шығармасы осы кезге дейін еш жерде айтылмаған. Ұмыт болып бара жатқан мақамдарды қайта қалпына келтіруге осылайша өз үлесімізді қостық. Көрермендер оны өте жақсы қабылдады. Жас таланттардың шығармашылық деңгейін әрі қарай жетілдіруге бұл шара зор септігін тигізді. Өзге де ауданның өнерпаздарымен танысып, ұстаздар, шәкірттер арасында пікір алмасты, – деді Қазалы аудандық Қорқыт ата атындағы музыкалық мектептің ұстазы Сандуғаш Бисенбаева.
Оосы уақытқа дейін Қармақшы, Арал, Шиелі аудандарындағы жыр мектептерінде 236 бала дәріс алған еді. Енді аталған жоба аясында Қазалы, Жалағаш, Сырдария аудандарынан 4 жыр-терме үйірмесі және 7 ауданнан 7 «қобыз» үйірмесі жұмысын бастады.
 –  Қазір ел арасында екі-үш мақаммен ғана жыр-терме айтылады. Сол себепті осы олқылықтың алдын-алу үшін, елдің арасында мол мұраның, рухани қазынаның, Сыр сүлейлерінің тың туындылары жатқанын ойладық. Соны нәтижесінде осы жоба жүзеге асты. Биылғы жылдың ақпан-нау­рыз айларында «Ұлы дала төсіндегі Сыр елінің фольклоры» атты экспедиция ұйымдастырылды. Нәтижесінде Қызылорда қаласы мен облысымыздың 7 ауданында жоба аясында нәтижелі жұмыс атқарылды. Халық арасындағы құнды мәдени мұралар жинақталып, көшірмелері алынып, ел ішінде танылмай жүрген талантты өнерпаздардың орындауында жыр-термелер таспаға түсірілді. Облыстық халық шығармашы­лығын дамыту және мәдени-про­дю­серлік орталығы жаны­нан құ­рылған жұмысшы тобы өз сапарын Арал ауданынан бастады. Экспедиция барысында атақты Дәріғұл жыраудың шәкірті Берекет жыраудың орындауындағы 40 минуттық мақам саз, Үмбетәлі жыраудың баласы Тәжібай, Жұбатов Қызылбай жыраудың баласы Мықтыбай, Үркім­баев Дайрабайдың әңгі­мелері және осы өңірдегі жыршы-жыраулардың терме-толғаулары жазылып алынды. Осы өңірден шық­қан би-шешендер, батырлар, шашасына шаң жұқпаған жырау­лар жайлы тың мағлұматтармен таныстық. Бұл жоба мұнымен тоқтамайды. Елдің арасынан табылған мақам-саздарды әдеби редакциялап, жыр-терме үйірмелеріне ұсынамыз, – деді облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени проюсерлік орталық жанындағы дәстүрлі өнер секторының  мегерушісі Майра Сәрсенбаева.
Жыраулық дәстүрді кеңінен насихаттауға арналған жоба өз мақсат-міндетін осылай орындап келеді. Баба өнеріне дем берген «Жыр мұра» бұдан әрі дами түссе әлі талай таланттар дәстүрлі өнерге ден берері анық.
          Айтолқын АЙТЖАНОВА
19 қараша 2019 ж. 886 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 442 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам