Ауданның дәріханаларында акция өтті
Сырдария ауданы Тереңөзек кентінде аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы кентте орналасқан дәріханада 2019 жылдың 18 қарашасы мен 24 қараша аралығында Қазақстан Республикасында антибиотиктер туралы ақпараттандыру бүкіләлемдік апталығына сәйкес «Болашаққа қадам», «Өз денсаулығың – өз қолыңда» акцияларын өткізді. Аталмыш шараға салауатты өмір салтын қалыптастыру кабинеті, Сырдария аудандық АИТВ/ЖИТС кабинеті дәрігері, Жастар денсаулығы орталығы мамандары да қатысты.
Акция барысында аудан тұрғындарына денсаулықты сақтау шаралары, антибиотиктердің пайдасы мен зияны, оларды өздігінен пайдаланудың қауіптілігі мен тек дәрігердің нұсқауымен қабылдаудың маңыздылығы, қимыл белсенділігі, денсаулықты әлсірететін зиянды әрекеттерден алшақ болып, салауатты өмір салтын ұстанып, скринингтен уақытылы өтудің қажеттілігі бойынша түсіндірмелер берілді.