Қызылордалық күрішшілер рекорд жаңартты
Биыл қызылордалық күрішшілер әр гектардан 60,3 центнерден өнім жинап, 530,5 мың тонна күріш салысы қамбаға құйылып, жаңа рекордқа қол жеткізді. Бұл туралы елордада ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өтіп жатқан баспасөз мәслихатында Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақов мәлімдеді.
Аймақ басшысы күріш егуді оның алқабын өсіру есебінен емес, күріш өндіру тиімділігін арттыру есебінен дамытуды көздейтінін айтты.
«Биыл күрішшілеріміз жаңа рекордқа қол жеткізді. Әр гектардан 108 центнерден өнім алған күрішшілер де бар. Бұл облыс тарихындағы ең үздік нәтиже, әйтсе де, аяқ судың тапшылығынан қиын болады деген қауіп болды. Бірақ, бұл мәселені шеше алдық. Сонымен қатар, күріш тұқымын сауықтыру және вегетациясы қысқа, бәсекеге қабілетті отандық сорттардың үлесін арттыру бойынша да бірқатар жобалар іске асырылуда. Биыл “Сыр сұлуы”, “Ай-Керім” және басқа да отандық сорттар бірнеше шаруашылықтарда егілді», – дейді облыс әкімі.
Айта кетейік, Қызылордада күріш таяу шет елдерден басқа, қазір Монғолия, Түркия, Ауғанстан елдеріне экспортталуда.