Тас жолда үзілген тағдырлар немесе көлік апатының көбеюіне не себеп?
Жол апаты туралы жағымсыз жиі еститін болдық. Өткенде аялдамада тұрған төрт адамды жүйіткіген көлік қағып кетті. Оның үшеуі – бала. Күні кеше «Қызылорда-Құмкөл» трассасында 8 адамның өмірін қиған ірі жол апаты орын алды. Оған қоса жаяу жүргіншілер жолында адам қағып кеткен дерек те тіркелді. . Соңғы кездері бейбіт күнде адамдардың осындай жайттардан қаза тауып жатқанына елеусіз оқиғаны естігендей қарайтын болып кеттік.
Елімізде жыл сайын көлік саны көбеюде. Басқа аймақты айтпағанда, Сыр өңірінің өзінде бір жыл көлемінде автокөлік саны 7000 -ға өскен.
Күре жолда күнара бір оқиға
Жол сақшыларының айтуынша, барлық жол-көлік апаттарының 90 пайызы жүргізушілердің кінәсінен орын алады. Себебі, бірі көлікті ішімдік ішіп алып басқарса, ендігісі жылдамдықты шектен тыс асырып, ереже бұзады.
Облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Шамшидин Әмитов осы мақсатта өткізілген брифингте жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында күрестің ұдайы жүргізіліп жатқанын кеңінен әңгімеледі.
– Жол апатының орын алуы – өте күрделі және өзекті мәселе. Осыған байланысты полиция департаментінің жауапты қызметкерлері арасында автокөлік жолындағы қозғалысты ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында көптеген жұмыстар атқарылды. Соған қарамастан, өңірде жол-көлік оқиғаларының саны 47 пайызға көбейген. Былтырғы жылы дәл осы мерзімде 330 жол апаты тіркелсе, биыл бұл көрсеткіш 485-ке жеткен. Бүгінде жол-көлік оқиғаларының алдын алу қатаң бақылауда. Осыған орай, 45 бейнебақылау орнату қолға алынбақ, – деді ол.
Облыс көлемінде тіркелген жол-көлік оқиғасына тікелей әсерін тигізетін негізгі фактор – жүргізушілердің салғырттығы және жолда жүру ережелерін сақтамау. Кей жағдайда жаяу адамның салғырттығы себебінен де оқыс жайттар тіркеледі.
Жол қателікті кешірмейді
Осыдан үш ғасыр бұрын «Темірден болар көлігің, темірден болар өлімің» дегенді Майқы би бабамыз айтқан екен. Келешектің өмір бейнесін көріпкелдік қасиетімен тап басқан ұлы тұлғаның сол сөзі қазір расқа айналып отыр. Қалай дегенде де, жол-көлік оқиғасын мейлінше азайту – әрбір азаматтың еншісіндегі жауапкершілік. Ал, полиция қызметкерлері жол жүру ережесін бұзғандарды дер кезінде ұстап, әкімшілік шара көруде. Дерекке сүйенсек, жол апатына тікелей әсер ететін 35 мыңға жуық құқық бұзушылық анықталған. Оның ішінде көлік құралын ішімдік ішіп басқарған 1288 жүргізуші бар. Сондай-ақ, ереже бұзып, тәртіпсіздікке бой алдырған адамдарға 647 млн. теңгеден астам айыппұл салынған.
– Өңірімізде орнатылған 272 бейнебақылау камерасының көмегімен 16 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, оның ішінде 91 қылмысқа тергеу жүргізілді. Сонымен қатар, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, апаттардың алдын-алу бағытында барлық себеп-салдарды көрсете отырып, облыс әкімінің атына бірнеше ұсыныстар жасалды. Бұл бағытта жұмыстар қатаң бақылауда, – деді облыстық Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Шамшидин Әмитов.
Адам өмірі – баға жетпес құндылық. Осы құндылықты арттыру үшін әрбір қадамды аңдап басу жақсылықтың нышаны. Аңдамай кеткен қателік үлкен қасірет әкелетінін әрбір жүргізуші білуі қажет. Бір секундты асығыс шаруа немесе еркетотай жігіттердің темір тұлпарды тізгіндеп жүргеніне қашанғы көндігеміз. Әсіресе, өрімдей бүлдіршіннің өмірі қиылғанда «әттеген-ай» деп қабырғамыз қайысады.
Сол үшін де тізгінге отырар кезде, жаяу жолға шыққанда жан-жағымызға қарап, бағамдап жүрген жөн болар. Түрлі тағдыр, түрлі қиындық кездесер. Дегенмен, әрбір нәрсенің алдын-алуға болады. Осы тұста жол апатына әкеліп соғатын қателікті жібермеуді мақсат еткен абзал. Жол қателікті кешірмейді...
Сізді үйіңізде күтіп отыр...
Көшеде оқтай зулаған көлік... Кейбір салғырт жүргізушілер кесірінен тар жолда талай тағдыр үзіліп жатыр. Мәселен, өткен жылы осындай жағдайдан 68 адам ажал құшса, биылғы 10 айда олардың саны 98-ге жеткен. Ал, жарақат алғандар саны 392 адамнан 563-ке көбейген. Шамшидин Әмитов жол апаттарының өсім алуына әкеліп отырған негізгі факторларды да атап өтті. Оның бірден-бір себебі – соңғы үш жылдың ішінде автокөліктердің және жол тораптарының ұзындығының көбеюі.
– «Батыс Қытай – Батыс Европа» автомагистралінің республика бойынша өтетін ұзындығының 30 пайызы Қызылорда аймағына тиесілі. Тағы бір себеп, осы автомагистральдің ортасында бөлетін қоршауы жоқ. Сонымен қатар, көлік тізгіндеген азаматтарды тоқтатқан уақытта қандай жылдамдықпен жүріп келе жатқанын анықтай алмаймыз. Қазір тұрғындар тарапынан «радарды қайтадан қойсын» деген ұсыныс бар. Алайда бұл мәселені біз шеше алмаймыз, – деді ол.
Дұрыс, ешкім әдейі жасамайды. Дегенмен, бүгінде келтірілген деректерге қарап, әр адам өзіне тоқтам жасауға болады. Көлікті жаймен жүргізсе бір апаттың саны азаяды. Адамның өмірін сақтап қалады. Сондықтан әркез жолда жүргенде абайлаған жөн. Себебі, сізді үйіңізде күтіп отыр....
Айтолқын АЙТЖАНОВА