Қызылордалық кәсіпкер сауда үйін ашты
Қызылорда қаласында киімдер сататын «Алтынай» сауда үйі ашылды. Кәсіпкер Айнұр Қожагелдиева сауда үйін салуға бекінгенде алдында осынша қиындық кездеседі деп ойламады да.
Сауда нарығында 20 жылдық тәжірибесі бар кәсіпкер тауарларын жалға алған орында емес, өз нысанында сатуды ұйғарып, қала аумағынан жеке адамнан жер телімін, дайын эскиздік жобасымен бірге сатып алады. Алайда аталмыш аумақта құрылыс жұмыстарын бастаған сәттен жергілікті атқарушы орган тарапынан кедергіге ұшырайды. Кәсіпкерлер палатасына өтінішпен жүгінген Айнұр Қожагелдиеваға палата мамандары жан-жақты заңгерлік көмек көрсетіп, жобасын 9 ай көлемінде барлық инстанцияда сүйемелдеу жұмыстарын жүргізді.
Нәтижесінде кәсіпкер жаңа нысанын 40 млн теңгеден астам қаржыға салып, толықтай іске қосты. Жаңадан ашылған екі қабатты нысанда жанға не керек барлығы бар.
Нысанның салтанатты ашылу шарасында кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов, қалалық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Алмасбек Есмаханов, палата жанындағы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес төрағасы Болат Нұрхожаев және өзге де қала тұрғындары қатысып, кәсіп иесінің жұмысына сәттілік тіледі.
Айнұр Қожагелдиева «Алтынай» сауда үйін салу арқылы 12 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Сауда үйінің ашылу салтанатына орай ол тұрмысы төмен отбасыларға тегін киім-кешектер таратты. Кәсіпкер алдағы уақытта өңірде өндіріс орындарын да ашуды көздеуде.
Қызылорда облысы
кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі