Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Азаттықтың арайлы таңы

Азаттықтың арайлы таңы

   Азаттықтың арайлы таңы. Бейбіт күннің бесігінде тербелген ұрпақ. Бұл – талайдың арманына айналған құндылықтар. Қазақ та кезінде сондай жарқын күннің келуін мақсат тұтқан еді. Арманымыз ақиқатқа айналды. 1991 жылы Кеңес Одағы ыдырады. Алып империя құрамындағы одақтас республикалар өз алдына жеке мемлекет атанды. Сол жылғы 16 желтоқсанда Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі «Тәуелсіздік» пен «Мемлекеттің егемендігі туралы» заңды қабылдады.
1991 жылы 17 желтоқсан Демократиялық жаңару күні болып жарияланды. Алаш жұртының абыройын асқақтатқан салтанатты шара барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйлеп, халыққа үндеу жариялады. «Мен осы жиналған жұртшылыққа кеше респуликаның Жоғарғы Кеңесі Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі жөнінде Конституциялық Заң қабылдағанын хабарлағым келеді. Осы тарихи оқиғамен барлығыңызды құттықтаймын. Дербес мемлекет құру қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған арманы еді. Ұзағынан сүйіндірсін» деп жазылған республикалық басылым беттерінде жарияланған Елбасы құттықтауында.
Осы уақыттан бастап Қазақстан тәуелсіз, егемен мемлекет ретінде дами бастады. Еліміздің жаңа Конституциясының жобасы дайындалды. Облыстардың, қалалардың және аудандардың басқару органдарына реформалар жүргізілді. Жаңадан әкімдер лауазымы енгізіліп, олардың алдына Президент пен Үкімет шешімдерін орындау, жергілікті жерде экономикалық, мәдени-әлеуметтік мәселелерді шешу міндеті қойылды.
Тәуелсіздік алған Қазақ елін көп ұзамай дүниежүзінің көптеген мемлекеті егемен ел ретінде таныды. Біздің елдің тәуелсіздігін алғашқы болып Түркия мойындады. Сол сияқты АҚШ, Германия, Франция, Ұлыбритания секілді мемлекеттер осындай ниетін білдірді. Қазақстан шет елдерде дипломатиялық және консулдық өкілдіктер ашуға кірісті. Ал Алматыда шетелдік елшілік пен миссия, халықаралық және ұлттық ұйымдардың өкілдіктері қызмет жасай бастады. Республиканың егемендікке қол жеткен алғашқы кезінен бастап-ақ мемлекетаралық және үкіметаралық келісім-шарттарға қол қою жүзеге асырылды.
Тәуелсіз Қазақстан алдында үлкен келелі міндеттер тұрды. Олар – елдің ішкі жағдайында мемлекет тұтастығын нығайтып, нарықтық экономикаға көшу және көп ұлтты елдің бірлігін сақтауда барлық мүмкіндікті пайдалану болатын. Ал, сыртқы саясаттағы басты міндеттер – Қазақстанның бүкіл дүниежүзі елдерімен байланыстарын одан әрі дамытып, алдыңғы қатарлы өркениетті мемлекеттердің қатарына қосылу, елдің қауіпсіздігін қорғау, әлемде бейбітшілікті сақтау еді. Республика халқының ерік-жігері осындай аса маңызды міндеттерді жүзеге асыруға бағытталды.
Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары еліміз ірілі-ұсақты жетістіктерге жетіп, биіктерді бағындырды. Ондағы басты мақсат – алдыңғы қатарлы дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Сол жылдардан бастап өркениетке бет түзеп, дамудың даңғыл жолына түсті. Аз ғана жылда сайын даланың қақ төріндегі Сарыарқа отырабында аспан астын жайнатып, шырайы келіскен елордамыз бой көтерді.
Тұңғыш Президент – Елбасының сарабдал саясатының арқасында еліміз жаһан жұртына тыныштық пен бейбітшіліктің биік үлгісін көрсетті. Оның ішінде Еуропа қауіпсіздік ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) тізгінін ұстап, Дүниежүзілік Сауда ұйымына (ДСҰ) мүшелікке енгеніміздің өзі үлкен жетістік.
2016 жылы Қазақстан тәуелсіздігіне 25 жыл толды. Сол жылы Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған декларация жазылды.  Ал, 2017 жылы Қазақстанда алғаш рет ЭКСПО көрмесі ұйымдастырылды. Аталған көрме 10 маусым мен 10 қыркүйек аралығында елордада өтті. Оны тамашалауға әлемнің түкпір-түкпірінен 3 миллион адам келді. Ал көрмені өткізуге 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйым қатысты. Түркі әлемінің ең жас елордасы және қазіргі таңдағы қуатты Қазақстанның символына айналған қала төрінде өткен көрменің орны ерекше болды. Себебі, айтулы шара жас мемлекетіміздің дүниежүзіне танылуына үлкен мүмкіндік берді.
Бүгінде мемлекетіміздің тұтастай даму тарихына үңілер болсақ, азаттық, бостандық, тәуелсіздік үшін күрестің толассыз жүргізілгендігін байқаймыз. Тіпті, Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін де, оны сақтап қалу, болашаққа аманаттау – үлкен борыш. Қазіргі таңда еліміз әлемдік өркениетте орны бар әлеуетті мемлекет ретінде қалыптасты. Экономикасы дамыды, әлеуметтік жағдайы нығайып, елдің еңсесі көтерілді. Расында, Тәуелсіздік –бүгінгі ұрпаққа берілген үлкен бақыт, халқымыздың мәңгілік құндылығы. Еркін ел ретінде халықтың әл-ауқаты көтеріліп, төл мәдениетіміз бен мемлекеттік тіл жаңғыра түсті. Соның нәтижесінде бүгінгі ұрпақ бейбіт күн кешіп отыр.
Артқа тастаған жиырма сегіз жылдың ішінде не атқардық деген сауал туса, тізбектеп сөзбен жеткізу мүмкін емес. Бір мемлекетке жетерлік іс тындырылды және жүзеге асырылды. Жүрек түкпірінде еліміздің көк туы көкте желбіреп, тәуелсіздік тұғыры нығая берсін деген ізгі сезім, ниет, мақсатымыз қонақтап тұр.
Айтолқын АЙТЖАНОВА
14 желтоқсан 2019 ж. 809 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 442 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам