ДАРХАН ДАЛАНЫҢ ДАРА ПЕРЗЕНТІ
Кеше Асқар Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күніне орай «Елімнің бағы – Елбасы» атты мерекелік шара өтті. Оған қала әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов қатысты.
– Бұл күн – барша отандастарымызды ынтымақ пен бірлікке бастайтын айтулы мереке. Қазақстан мемлекеттінің негізін қалаушы – еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жан-жақты сараланған ішкі және сыртқы саясатының арқасында еліміз дамудың ілгерілеу мен өркендеу жолымен келеді. Қазақта «Тарихты тұлғалар жасайды» деген сөз бар. Әр ұлттың өзіндік тарихын қалыптастырған ұлы тұлғалар болады. Олар қаншама уақыт өтсе, сол ұлттың данасы ретінде санаға бекіп, адамзаттың ортақ азаматына айналады. Бұл ретте егемен Қазақстанның негізін салудың және нығайтудың тарихи миссиясы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі. Тәуелсіз мемлекеттің негізін қалаушы Президент – барша қазақстандық мойындаған және халықаралық қоғамдастық тарапынан құрметке ие болған кемеңгер тұлға. 1991 жылғы 1 желтоқсанда мемлекет тізгінін Нұрсұлтан Назарбаев сынды дана перзентіне сеніп тапсырған ел үміті ақталды. Қазақстан ширек ғасырда бірлігі мен берекесі жарасқан нағыз тәуелсіз елге айналды. Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ елін әлемдегі барша жұртпен достық байланыс орнатқан еңсесі биік мемлекетке айналдыра білді, – деді қала әкімінің орынбасары.
Шара барысында Мемлекет басшысының тағылымды өмір жолы, егемен елдің қол жеткізген табыстары туралы бейнебаян көрсетілді. Салтанатты жиында екі дүркін «Алтын домбыра» иегері, жерлесіміз Мұхтар Ниязов жиналған қауымды мерекемен құттықтады. Онан соң «Қауырсын қалам» жас ақындар үйірмесінің қатысушылары өздерінің жүрекжарды жырларымен бөлісті. Облыстық Қазақстан Халқы ассамблеясы неміс диаспорасының өкілі Светлана Крюгер Сыр өңірінің халқын осынау ерекше мерекемен қазақ тілінде жылы лебізін жеткізді.
Салтанатты шара барысында Елбасының сүйіп тыңдайтын әндері орындалды. «Сырлы сөз» халықтық фольклорлық ансамблінің орындауында бірнеше шығармалар орындалды. Сонымен қатар, Сыр елінің жас әншілерінің орындауынағы «Үш қоңыр» әні көрермен қауымды бір серпілтті.
Жарасхан ҚУАНЫШБАЙҰЛЫ.