Сол жағалауда – жаңа баспана
Тәуелсіздік күні қарсаңында Сырдария өзенінің сол жағалауында орналасқан кредиттік көпқабатты салынған тұрғын үйлердің кілттері табысталды. Аталған үйлер «Нұрлы-Жер» бағдарламасы аясында салынған. Салтанатты шараға облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов қатысып, баспаналы болған тұрғындарды жаңа қоныстарымен құттықтады.
– Бүгін 60 пәтерлік көпқабатты 4 тұрғын үйдің кілті табысталды. Сырдарияның сол жағалауынан жаңа қала салу идеямызға қолдау көрсетіп, алғашқы тұрғын үйлердің құрылысын бастаған барлық құрылыс компанияларына және жұмысшылардың еңбектеріне алғыс айтамын. Құрметті жерлестер! Қоныс тойларыңыз құтты болсын! Қуаныштарыңыз көбейе берсін, – деді облыс әкімі.
Баспанаға қол жеткізгендердің көбісі – жас отбасылар. Олар қуаныштарымен бөлісіп, жылы лебіздерін жеткізді.
Соңғы жылдары Сыр өңірі қарқынды құрылыс алаңына айналды. Мәселен, облыс орталығында 15 жаңа шағын аудан бой көтеріп, 7 мыңнан астам қызылордалық жаңа үйге қоныстанған. Ал, жыл басынан бері мыңға жуық пәтердің кілті табысталды. Бүгінде сол жағалаудағы жаңа қалада республикалық, облыстық бюджеттерден 820 пәтерлік 16 көпқабатты арендалық тұрғын үй мен 830 пәтерлік 17 көпқабатты кредиттік тұрғын үйдің құрылыстары жүргізілуде.
А.АЙТЖАН