Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Мерейі тасыған Мейірбек

Мерейі тасыған Мейірбек

  Жақында елордада ел мерейін асырып, ерен еңбегімен ерекше көзге түскен талантты азаматтарға «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы табысталды. Әр сала бойынша сарапталған 10 үздікке құрмет көрсетілді.
Биыл сыйлыққа үміткерлерден 250-ден астам құжат келіп түскен. «Дарын» еліміздің дарынды азаматтарды насихаттау, ғылымға, мәдениетке деген құштарлығын арттыру бағытында жылма-жыл үздіктерге беріліп келеді. Солардың ішінде Сыр өңірінің белгілі өнерпазы айтыскер ақын Мейірбек Сұлтанхан «Халық шығармашылығы» номинациясы бойынша сыйлық иегері атанды.
Мейірбек – жас болса да талай додада халықтың көкейіндегісін дөп басқан талант иесі. Сыр бойында туып, бүгінде Сарыарқаны құтты қоныс еткен Мейірбектің үлкен айтыста жүргеніне 10 жыл болды. Өз заманының жыршысына айналған азулы ақындарға алдырмас қарсылас бола білген ол –Қазақстан Айтыскерлер Одағының мүшесі.
Осындай жетістіктерге қол созған Мейірбек бүгінде биік баға мен құрметтің иесі атанып, «Дарын» төсбелгісін кеудесіне тақты. Осындай қуанышты күнінде жерлесімізді құттықтап, алған әсері жөнінде ой бөліскен едік.
 – Әрине, алған әсерім мен қуанышым ерекше. Бұл тек менің ғана мәртебемнің көтерілуі, маған ғана берілген марапат деп есептемеймін. Бүкіл айтыскер ақындардың, төл өнерімізді төрге шығарып, төбеге көтеріп жүрген өнерпаз бауырларымның, біздің – ортақ жеңісіміз. Мемлекеттің жастар жылында бізге осылай қолдау беріп, сенім артуы алға қадамымызды нық басуға кепіл болады. Жүлде – ұрпақ сабақтастығына, жаңалықтары мен еңбектерімен көзге түскен жастардың насихатталуына зор септігін тигізеді.  Ең бастысы, осы күнге дейін алақанда аялап, ақын деп сенім білдірген Сыр өңірінің халқына мың алғыс білдіремін. Үлкен додаларға түспес бұрын, облыстық, аймақтық айтыстарда шыңдалып өстім. Сондықтан жерлестеріме ерекше алғыс білдіремін, – деді ол.
Расында, «Дарын» сыйлығына ие болу – үлкен жауапкершілік. Марапат иесі атанған жастардан халық үлкен үміт күтеді. Олар алдағы уақытта өзге де жастарға үлгі болып, еліне қызмет жасауы керек.
 – «Қазақта арық сөйлеп, семіз шық» деген жақсы сөз бар. Алдағы уақытта жақсы жаңалықтарды ел көре жатар. Биыл айтыста жүргеніме 10 жыл толуына орай, айтыстар жинағын шығаруды қолға алдым. Туған жерімнің сенімін ақтап, халыққа қызмет етуден шаршамаймын. Бұл марапат маған үлкен серпіліс берері анық, – дейді жас ақын.
Айтолқын АЙТЖАНОВА
19 желтоқсан 2019 ж. 821 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 421 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам