Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады

Сыр сұлуы

Жайраңдап жазда ағатын еді,
Есімде қайран Сыр сұлу.
Таңертең сонда баратын еді,
Толқынға құмар бір сұлу.
Мамыр айының кешкі мақпал ауасында қалықтайды. Ән ауыл сыртындағы «Андрей» участогі тұсынан естіледі. Ауылдан әудем жерде орын тепкен №147 орта мектептің өндірістік оқу-тәжірибе шаруашылығы күндіз қауырт еңбекке толса, кешке дала қосынан қайтқан оқушылардың балауса әні ауыл аспанында толқиды.
Дариханың науқастардың үйін жағалап, жұмыстан қайтқан беті сол еді. Таныс ән құлағына жеткенде, көше ортасында селт етпестен тұрып қалғанын да сезген жоқ. Жиырма жылдан астам уақыт бойы айтылып, қазіргі кезде сирек естіле бастаған ән оны жастық дәуренге қарай жетелей берді.
1964 жылдың көгілдір көктемнің күндерінде оның көңілінен кім болам деген ой кетпейтін. Құрбыларының бірі мектептен алған білімін жоғарғы оқу орнында оқуды арман етсе, енді бірі ауылда қалуды қалаған. Алып ұшқан жүректе тұрақ жоқ. Соңғы қоңырау салтанаты болған күннің кешінде сынып оқушылары болып ауыл клубына киноға барғаны есінде. Қандай кино көрді, жадында жоқ, бірақ мектепті бір жыл бұрын бітірген Баянмен болған әңгіме қаз-қалпында есінде сақталды.
Отбасында кілең ер бала болғасын ба, оның үстіне кенжелігі бар. Баян жастайынан ерке де бір бет болып өсті. Мектеп бітірген жылы басқалар секілді оқу деп қалаға бой тасалаған жоқ. Қолына кетпен алып, күріш ексем деген ниеті барын білдірді. Ауданда алғашқылар қатарында бірі болып күріш екті. Ол туралы жергілікті газеттер жазып жатты. Міне, сол Баян бір топ қызды біріктіріп, күріш өсіруші жастардың комсомолдық бригадасын ұйымдастыруға тілек білдіріп тұр. Сөйтіп, Дариха, Әсия, Қаламқас, Арапа, Тұрғанкүл, Раушан, Баян – жетеуі жастар бригада құруға ортақ байлам жасады. Ертеңіне шаруашылықтың бастауыш комсомол ұйымының хатшысы Акпар Құтыбаевты ортаға алып, төраға Сейіткамал Иманбаевпен ақылдасып, ойларын ортаға салды. Бұл бастама басқарма тарапынан қолдау тауып, өмірге жолдама алды.
Дүниеге келген күрішші жастардың «Сыр сұлуы» бригадасы аяғын тәй-тәй басып, еңбекке араласты. Жұмыс ауыр. Еткен еңбек, төккен тер өтеусіз кеткен бе? Еңбектің зейнетін де көре бастады. Алғашқы жылы әр гектардан 52 центнерден өнім келді. Аудандық, облыстық газет беттерінде Жамбыл колхозының жеті қызы жайлы мақалалар жиі-жиі жазыла бастады.
Ақын С.Есмахановтың «Жамбылдық жетеуміз біз егіз» өлеңін жігіттер жатқа айтатын болды.
Бригада мүшелері жұмыстан қол бос уақытында мектеп оқушылары мен басқа жастармен кездесу кешін өткізді. Кеш соңынан жиналған жұрт жеті қыздың өнеріне қуана қол соғатын. Бригада мүшелері 1965 жылы облыстық конференцияда ғарышқа екінші болып самғаған ұшқыш-космонавт Г.Титовтың қолынан грамота алу бақытына ие болған қуанышты сәттерін еш уақытта да ұмытпас.
Бригаданың комсомол жетекшісі Баян Құтыбаева мен Дариха Заитова Бүкілодақтық Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің күміс медалімен, жүз сом ақшалай сыйлығын алуы «Кілең қыздар не көгертер дейсің» деген кереғар ойдың тұманын сейілткендей болды. Бригадаға еңбек етуге тілек білдірушілер көбейді, келер жылы бригада құрамы он алты қызға жетті.
Жаздың тамылжыған кешінде клубқа бүкіл ауыл халқы жиналды. Ымырт үйіріле кеш те басталды. Сахнада қайсар талант Зейнолла Шүкіров пен композитор Шәмші Қалдаяқов әндері шырқалып, өлеңдер оқылды, күрішші қыздардың еңбек жолы әңгімеленді. Кеш соңынан З.Шүкіров «Сыр сұлуы» бригадасының қыздарына арнап «Сыр сұлуы» өлеңін оқыды. Әсерлі кеште Шәмші Қалдаяқов «Сыр сұлуы» әнін дүниеге келтірді.
Сырдың күріші ырғалып, би болып толқыды. Сырдың қарапайым еңбекші қыздары республика аспанында ән болып шалқыды.
Ауыл жастарына арналған бұл ән еңбек гимініне айналды. Мектеп бітірген қанша жас бұл әнмен дала қосына, дархан дала төсіне еңбекке аттанды. Ауыл тарихында «Сыр сұлуы» бригадасының еңбек жолымен «Гүлдәурен», «Жасдәурен», «Жазира», «Жадыра» жастар бригадалары мектептен түлеп ұшып, қиын да қызықты коллективтік еңбекке де жолдама алып жатты.
Аңсатса Сыр өңірі,
Ән тербер жүрегіңді,
Өзіңнен туған ұлың айналсын.
Әннің сөзі анық, жақындай түскендей. Ән салған оқушылардың алды көріне бастады. Дариха топтың ішінен өз ұлын жазбай таныды. Жел қағып күнге тотыққан жүздері кешкі қызыл нұрмен алаулап келе жатқандай. Бұндай игілікті іске бір ұл, бір қызының қатысып жүргені көңіліне қуаныш ұялатады. Өзінің жастық шағымен қайта қауышқандай күй кешкен Дариха ананың жүрегін қуаныш кернейді.
Бұл өткен күндердің жарқын көірінісі. Ауыл жастарының айрықша ісі әлі күнге дейін ел арасында ерекше рәуіште айтылады. Сол бір сәттер жүрекке жылылық нұрын құяды. Содан бері қаншама буын алмасты. Еліміз тәуелсіздік тұғырын бекем ұстады. Ал елдің жадынан сонау бір кезеңде еңбек көрігін қыздырып биік белестен көрінген өрімдей бойжеткендердіңөрелі істері кеткен жоқ. Оны жас ұрпаққа өнегелі іс ретінде жиі айтып отырады.
Жұмабай БАЙЗАҚҰЛЫ
19 желтоқсан 2019 ж. 878 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 442 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам