Жалақы, жәрдемақы және кредит: Қазақстанда 2020 жылдан бастап не өзгереді
Тышқан жылы елімізде жағымды өзгерістер аз емес. 2020 жылдың басты жағымды жаңалығы көпбалалы отбасыларға табысына қарамастан төленетін жаңа мемлекеттік жәрдемақы болмақ
Келер жылы қазақстандықтарды қандай өзгерістер күтіп тұрғанын Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз
Жаңа жәрдемақы мен атаулы әлеуметтік көмек
2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап еліміздегі барлық көпбалалы отбасыға табысына қарамастан мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Ай сайынғы жәрдемақы кәмелетке толмаған төрт және одан көп немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студенттері бар көпбалалы отбасыларға беріледі.
Мемлекеттік жәрдемақы бала санына қарай сараланады:
төрт баласы бар отбасыларға – 42 496 теңге;
бес балаға – 53 127 теңге;
алты балаға – 63 757 теңге;
жеті және одан да көп балаларға – 74 388 теңге.
Сонымен қатар, жаңа жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмекті төлеу жүйесі өзгереді.
Атаулы әлеуметтік көмек бұрынғыдай алты немесе он екі айға емес, тоқсан сайын тағайындалады. Егер отбасының еңбекке жарамды мүшесі мемлекет ұсынған жұмыстан бас тартса, атаулы әлеуметтік көмек бүкіл отбасыға тоқтатылады.
Бұған қоса, атаулы әлеуметтік көмек алып жүрген отбасылардың балаларына кепілдендірілген әлеуметтік пакет беріледі. Яғни, мектеп жасына дейінгі балалар азық-түлік және гигиеналық құралдармен қамтылса, мектеп жасындағыларына тегін ыстық тамақ, мектеп формасы мен оқу-құралдары беріледі, күнделікті мектепке барып-келуге жұмсалатын жол шығыны өтеледі.
Кімдердің жалақысы өседі?
Қазақстанның еңбек заңнамасы бойынша, елімізде тек ең төменгі жалақының мөлшері ғана реттеледі. Қалғаны – жұмыс берушінің қалауына қарай.
2019 жылдың басынан бері әлеуметтік жауапкершілік аясында 203 мың кәсіпорын 1,2 миллион жұмысшының жалақысын 32%-ке – 46 мың теңгеден 61 мың теңгеге дейін көтерді.