Қазалы ауданында 108 отбасы баспаналы болды
Бүгін облыс әкімі Қ.Ысқақов Қазалы ауданы, Әйтеке би кентінің тұрғындарына 18 пәтерлік 6 көпқабатты тұрғын үйдің кілтін табыстады. Пайдалануға берілген бұл үйлерде барлығы 108 пәтер бар.
Аймақ басшысы өтіп бара жатқан жыл еліміз үшін де, аймақ үшін де табысты да, берекелі жыл болғанын айтты. Соның ішінде, құрылыс саласы өзінің соңғы алты жылдан бергі қарқынын тоқтатқан жоқ. Өңірдің бас шаһарындағы құрылыс жұмыстарының көлемі артты. Облыста атқарылған құрылыс жұмыстарының үштен бірі қаланың үлесіне тиесілі екендігін атап өтті.
"Тұрғындарымыздың игілігі үшін әлеуметтік, мәдени ошақтар, мектеп, балабақша, аурухана, емхана, тұрмыстық қызмет көрсету, қабылдау орындары, спорттық ғимараттар, балалар алаңдары салынуда. Бұл дегеніміз күн өткен сайын ел тұрмысының түзеліп, әл-ауқатының артқандығын көрсетеді. Десек те, аймақта мемлекеттік бағдарлама аясында тұрғын үйге сұраныс білдіруші тұрғындар саны жыл сайын еселеп өсуде. Бұл өңір - халқы санының көбейіп келе жатқанының белгісі. Халықтың сұранысын қанағаттандыру мақсатында облыс орталығында ғана емес, аудандарда да тұрғын үй құрылысы көптеп жүргізілуде. Бүгін міне, Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Қазалыда тұрғын үйлер пайдалануға берілуде. Баспаналы болған барша қазалылықтарды қоныс тойларымен құттықтаймын",- деді облыс әкімі Қ.Ысқақов.
Сонымен қатар, аймақ басшысы Қазалы аудандық мекемелер үйі ғимаратының құрылысымен танысты. Ғимарат 3 блоктан тұрады. Құрылыс салуға бөлінген жер учаскесі 2 гектар. Мекемелер үйі ғимаратында аудан әкімдігі мен мәслихат аппараты және 9 дербес бөлім орналасатын болады.