«Самғау» – үздіктер сыйлығы
Қала әкімінің «Самғау» сыйлығы жастардың азаматтық және қоғамдық-саяси белсенділігін арттыру, талантты, білімді, белсенді жастарды көтермелеу және қолдау мақсатында тағайындалады. Биыл бұл шараны қалалық ішкі саясат бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы негізінде «Ұшқыр жебе» қоғамдық қоры ұйымдастырды.
Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін қала әкімінің «Самғау» жастар сыйлығы биыл 8-ші мәрте ұйымдастырылды. Айтулы шараға белсенді 39 жастың құжаты ұсынылып, оның ішінде 10 жас іріктеліп алынды. Сыр өңірінің дамуына үлес қосып, жастар саясатын жүзеге асырып жүрген жалынды жастарға қомақты сыйақы берілді. Олар 7 номинация бойынша үздік деп танылды.
– Құрметті жастар, сіздерді әлем халықтарының ортақ қуанышына айналған жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын. Жаңа жыл өткен жылға көз жүгіртіп, жаңа бастамалар мен ізденістерге тың қадам жасайтын ғажайып мереке. Өтіп бара жатқан 2019 жыл біздің өңір үшін саяси, тарии оқиғаларға толы болды. Бүгінде еліміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басып, халық сұранысын қанағаттандыру жолында жасампаз жобаларды іске асыруда. Бұл – Сыр жұртшылығының ынтымағы мен бірлігінің арқасы. Қазіргі кезде тек алға ұмтылып, аянбай еңбек етен азаматтар ғана зор жетістікке жетеді, – деді қала басшысы Нұрлыбек Нәлібаев.
Мерекелік шарада биылғы Жастар жылына орай «Жастар жырлайды» атты жыр жинақтың тұсауы кесілді. Онда Сыр өңірінің тарихы мен жетістігін өз жырына арқау еткен жас ақындардың жыр шумағы енгізілген.
Бүгінгі кеште қалалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының ІТ-аймақ жобасының үйлестірушісі Ақтілек Темірбай, облыстық тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Айдана Махамбетова, «Qyzylorda» телеарнасының редактор-жүргізушісі Альбина Байдүйсенова марапатталды. Сондай-ақ, қазақ гуманитарлық заң және техникалық жоғары колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Талғат Меңдібай, «Ашық азаматтық қоғам» ақпараттық-ресурстық орталығы» қоғамдық қорының президенті Әділ Әлиқұлов, «Жас Отан» облыстық филиалының консультанты Әсем Қақарманова аталған сыйлыққа лайық деп танылды.
Жеңмпаздар қатарынан ҚР пара атлеттер арасындағы чемпионатта ұзындыққа секіруден І орын иегері Қолғанат Бақберген, А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінің «Мереке Думан» халықтық әзіл-сықақ отауының көркемдік жетекшісі Мейрамбек Нұртаза, облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің велоспорт түрінен бірнеше дүркін жеңімпазы Олжас Әбжаппаров, Ресейде өткен «Созвездие» бүкіләлемдік олимпиадасының алтын медаль иегері Жансая Карбоз да көрінді.
– Жастар жылында еңбегіміз бағаланып, қала әкімінің «Самғау» сыйлығына ие болдым. Бұл ең алдымен ата-анамның, одан кейін ұжымдастардың қолдауының арқасы. Бүгін марапат төрінен көрінген барша жастарды шын жүректен құттықтаймын. Алдағы уақытта да, Сыр өңірінің дамуы жолында аянбай еңбек етіп, бұдан да биік белестерді бағындыруына тілектеспін. Келе жатқан жаңа жыл Сыр жұртшылығына берекесі мен молшылығымен енсін, – деді марапат иесі Альбина Байдүйсенова.
Сонымен қатар, әр салада жетістігімен көзге түскен 12 жасқа арнайы номинация беріліп, қала әкімінің алғыс хаты табысталды. Шара соңы жастар балына ұласып, мерекелік кеште әннен шашу шашылды.
Ақмарал ОЛЖАБАЕВА