Сенат депутаттары ауданда
Кеше Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Бекмырза Еламанов, Мұрат Бақтиярұлы және Дана Нұржігіт жұмыс сапарымен Қамыстыбас, Аманөткел және Бөген елді мекендерінде болып, тұрғындармен кездесті. Аталған елді мекендердегі жиындарды аудан әкімі Мұхтар Оразбаев жүргізіп, депутаттардың ауданға келу мақсатын айтып өтті.
Халық қалаулылары кездесу барысында Парламент қабырғасында атқарылған жұмыстар мен қабылданған заңдар жөнінде ауыл тұрғындарын хабардар етіп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылдың 2 қыркүйегінде халыққа арнаған Жолдауын насихаттап, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Депутаттар жиында Президент Жолдауындағы әлеуметтік мәселелер, көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру, атаулы әлеуметтік көмек жүйесіне енгізілген өзгерістер мен мал ұрлығы, зорлық- зомбылық, орта және шағын кәсіпкерлікті дамыту, ауылшаруашылығы саласы бойынша заңға енгізілген толықтырулар жөнінде кеңінен баяндап өтті.
Сонымен қатар, мұғалімдердің мәртебесін көтеруге негізделіп қабылданған «Педагог мәртебесі» Заңындағы ұстаздардың беделін, материалдық және моральдық жағдайын арттыру мәселелеріне де айрықша тоқталды.
Жиынға қатысқан ауыл тұрғындары өздерін толғандырған өзекті мәселелер жөнінде ұсыныс-пікірлерін білдіріп, сауалдарына тиісті жауап алды.
Сенат депутаттары ауданға жасаған сапарында «Ақлақ» су тоспасы мен «Көкарал» бөгетінде болып, қазіргі жағдайымен танысты.