БАҒДАРЛАМАНЫҢ БАЯНДЫ БАҒЫТЫ
Халықтың әл-ауқатын арттыратын «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» насихаттау мақсатында ҚР Парламент Сенатының депутаттары Бекмырза Еламанов пен Мұрат Бақтиярұлы Сыр өңіріне іс-сапармен келді. Олар қалалық мәслихаттың мәжіліс залында кездесу өткізді. Жиынға қалалық мәслихат депутаттары, жергілікті атқарушы органдар өкілдері, кент және ауылдық округ әкімдері және қоғамдық кеңес мүшелері қатысты.
Жиын барысында халық қалаулылары Елбасының бес әлеуметтік бастамасы аясында атқарылатын іс-шаралар жайында ой бөлісті. Жаңа бағдарламаны іске асыру жаңа жұмыс орындарын құруға, ел экономикасының одан әрі өсуіне ықпал етеді.
Баспананың қолжетімді болуы, жастарға жатақхананың салынуы, жұмыскерлер жалақысының өсуі, кәсіп ашқысы келетіндерге қаржылай көмектің берілуі – бұның барлығы әлеуметтің әлеуетін арттыратын игі жобалар. Халық қалаулылары осы мәселелерге кеңінен тоқталды. Сондықтан аталмыш бағыттағы бағдарламалар қарқынды жүргізілуі тиіс. Сенаторлар Елбасы үндеуінің басымдықтарын нәтижелі орындауға ауқымды қадамдар жасалатынын айтып өтті.
Кездесу кезінде қатысушылар тарапынан бірқатар сұрақтар қойылды. Мәселен, мұғалімдердің жалақысын 30 пайызға көтеру, әйелдердің жасын 63 жасқа ұлғайту мәселесі айтылды.
Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ.