Облыс әкімі Жанқожа батыр және Бекарыстан би ауылының тұрғындарымен кездесті
Аймақ басшысы алдымен Қазалы ауданына ат басын бұрып, Жанқожа батыр мен Бекарыстан би ауылының тұрғындарымен кездесті.
Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақовқа Арықбалық және Майдакөл ауылдық округінің әкімдері Мәулен Қайруллаев пен Ғалымжан Зинадинов 2019 жылы атқарылған жұмыстармен таныстырып, алдағы жоспарларымен бөлісті. Майдакөл ауылдық округі әкімінің айтуынша, биыл жеке кәсіпкер ауылдан 90 орындық балабақшаның құрылысын бастайды.
Жаңа жылды ауыл-аймақтарды аралаудан бастаған Қуанышбек Досмайылұлына тұрғындар алғыстарын айтып, жергілікті халықты толғандырған сұрақтарын қойды.
Жанқожа батыр ауылындағы спорт кешенінде өткен кездесуде ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әли Шайқұл сервистік желі жүргізу жөнінде ұсыныс айтты.
Бекарыстан би ауылының тұрғындары да сервистік желі жүргізу жөнінде мәселе көтерді. Сондай-ақ, тұрғындар ауылға типтік жобадағы спорт кешені салынса деген өтініштерін жеткізді.
Аймақ басшысы Қуанышбек Ысқақов ауыл тұрғындарының ұсыныстары назардан тыс қалмайтынын жеткізіп, осы жылы Бекарыстан би ауылында мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізде спорт кешенін салу үшін кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізілетінін атап өтті.
Мұнан әрі облыс әкімінің сапары Арал ауданына жалғасты.
Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі