Марат мерт болды. Оның ерлігі ескерілді ме?

Қазір ғаламторды ашып қалсаң, бейнекөрініспен берілетін қайғылы оқиғаларға кезігетініміз жасырын емес. Өткен жылдың 27 желтоқсанында әуе апатынан болған қанды оқиға күллі қазақстандықтарды дүр сілкіндірді. Мамыражай отырған қазақтың көк туы төмен түсірілді. Ертеңіне қаралы күн болып жарияланып, опат болған азаматтардың отбасыларына көңіл айтылып, бүкіл ел қайғырып, қара жамылды. Сол «Bek Air» әуе компаниесына тиесілі «Фоккер-100» ұшағының 93 жолаушы және 5 экипаж мүшесі болған. Оқиға орнында 8 адам, әуежайда 2 адам қаза тауып, 17 адам ауыр халде ауруханаға жеткізілген. Кейінірек қайтыс болғандар саны 12-ге жетті. Осылайша, 12 адамның өмірі қиған апат кемесі жайлы деректер төбе құйқаңды шымырлатады. Әрине, бұл қайғы оңай емес. Десе де, осы ұшақтың жанармайы жарылса, бүкіл адам мерт болып, қайғы үстіне қайғы жамалар еді. Бұл тұста жолаушылардың өмірін сақтап қалу үшін өзін өлімге қиған әуе кемесінің капитаны Марат Мұратбаевтың ерлігі шынында ескеріле ме? Соңғы мүмкіндікті пайдаланған өте тәжірибелі ұшқыш ұшақты өртенуден сақтаған. Алып ұшақтағы адамның ең болмағанда жартысын аман сақтауға бекінген ержүрек азамат өзінің басын бәйгеге тігіп, ажалды қасқайып тұрып қарсы алғанын оның әріптестері де мойындап, оның ерлігіне бас иіп отыр.

Бақытжан Қалиев, ұшқыш:
«Маратпен осы қалада 1982 жылы аэропортта бірге жұмыс жасадым. Мен «АН-2», ол «ЯК-40» ұшағын айдады. Көңілді жігіт болатын. Гитарамен ән шырқады. Ақжарқын, адам жатырқамайтын. Өте елгезек, бауырмал еді. Ол белсенділігімен көзге түсті. Қызылорда қаласында халық қалаулысы болып елге абыройлы қызмет жасап, жастарға көп пайдасы тиді. Көп ұзамай кәсіби шеберлікпен шыңдалып, Алматыға жұмысын ауыстырып, ірі авиакомпанияларда алып әуе лайнерлерін тізгіндегенін білемін. Ол Сыр елінің мақтанышы болатын. Біз кешегі апатты жағдайды естіп, есеңгіреп қалдық. Қимас жаннан қапыда айырылдық. Оның кәсіби қызметі мінсіз, өзі ісіне адал адам еді. Менің ойымша ол өзін емес бірінші кезекте елдің амандығын тіледі. Бұл – сөзсіз ерлік. Артында аңырап ақ шашты әзиз анасы, бауырлары, жары, перзенттері және оны жоқтайтын бір қауым ел қалды. Туған жері бірінші кезекте қайғысына ортақтасып жатқанына тәубе дедік. Әріптесіміздің ерлігі кейінгі буынға үлгі болады деп ойлаймын. Мүмкін ұшақта ақау бар ма?Әлемдік тәжірибеде «Fokker 100» ұшағынан апат жиі болады деп естіп жатамыз. Мен де Сыр елінің перзентімін. Қазір Алматыда тұрамын. Марат Мұратбаев өте ержүрек, адал азамат. Оның есімі ұлықталса деймін» депті.
Шынында, осы ұшаққа қатысты мәліметтер әлеуметтік желіде үсті-үстіне жарияланып түрлі пікір тудырып жатыр. Оқиғаның себеп-салдарына байыппен қарасаң, көп нәрсеге көз жеткізгендей боласың. Біз әрине, кәсіби маман емеспіз. Дегенмен, 12 адамның өмірін қиған апат кемесі жайлы деректі көріп төбе құйқамыз шымырлады. Осы Fokker 100 ұшағы 180 адамның өліміне себепші болған. Бұл апаттан әлемде 180 адам қаза тапқан. Сарапшылардың айтуынша, аталған ұшақ апатына көбіне қозғалтқыштың істен шығуы мен шассидің ашылмай қалуы және гидравлика жүйесіндегі ақаулар себеп болады екен.
Әрине, апаттың мән-жайын зерделеу, оған жазықтыларды жазалау біздің құзырымыздағы міндет емес. Ол уақыт еншісінде. Алайда, ғұмырының ақырғы демі біткенше өзінің кәсіби шеберлігімен жолаушылардың өмірін сақтап қалуға тырысқан жанкешті ұшқыш Марат Мұратбаевтың ерлігі ескерілсе дейміз.
Қиылып түсті бәйтерек ғұмыр
Қыран ұшқан қияны таңдап,
Құзар шыңдарға қиялы самғап.
Көтерілгенде қанатын қомдап,
Көз алдын кенет қара бұлт торлап,
Қиылып түсті бәйтерек ғұмыр.
Ақыл мен ажал арпалысқанда,
Жан берісіп жан алысқанда.
Алтындай басын бәйгеге тікті,
Не болар еді жаңсақ ұшқанда?
Қиылып түсті бәйтерек ғұмыр.
Шырқырап жаны, сезімі тербеп,
Соңғы рет соқты жүрегі ел деп.
Құтқару үшін сәбиді, қартты,
Құрбан қып өзін жаны жай тапты.
Қиылып түсті бәйтерек ғұмыр.
Өз ұлтын перзент осылай сүйді,
Бойына құрыш күш-қуат жиды.
Жарықты емес табытты таңдап,
Ел үшін есіл өмірін қиды.
Қиылып түсті бәйтерек ғұмыр.
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА