Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » «Қауіпсіз қала» жобасы жүзеге аспақ

«Қауіпсіз қала» жобасы жүзеге аспақ

   Өркениетті елдерде сандық технология индустриялық дамудың негізіне айналғаны қашан. Бұл сол арқылы кез келген дүниені бақылау, алақанда ұстау дегенді білдіреді. Яғни ІТ саланы енгізу арқылы көптеген мүмкіндікке қол жеткізуге болады. Тұңғыш Президент-Елбасы өзінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жолдауында цифрлы технологияға көшу жайында айтқан еді. Содан бері бұл бағытта көшуге ақырындап аяқ басып келеміз.
Бүгінде қалада күн сайын түрлі жағдай орын алады. Әсіресе, жол-көлік оқиғалары, қылмыстық деректер, ұрлық-қарлық тыйылмай тұр. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің бірден-бір тиімді жолы – осы сандық технологияны енгізу. Ол өз кезегінде аталған жайттардың азаюына, қылмысты анықтауға, алдын алуға мүмкіндік бермек. Қала әкімдігінде әкім орынбасары Ерлан Бердібаевтың төрағалығымен мәжіліс өтті. Онда «Қауіпсіз қала» жобасын жүргізу кеңінен талқыланды.
          Қалалық полиция басқармасының мәліметіне сүйенсек, өткен жылдың қорытындысымен қалада орын алған қылмыс саны 17,1 пайызды құраған. Алдыңғы жылмен салыстырғанда біршама төмендепті. Оның ішінде кісі өлтіру, ауыр дене жарақатын салу, қарақшылық, тонау, бопсалау, алаяқтық бар.
          Есесіне бұрын істі болғандар мен мас күйдегілердің, есірткі қылмысына қатысты оқиғалардың өсім алғанын байқауға болады. Оған қара жолдың бойында айтып келмейтін апатты қосыңыз. Қала әкімдігінде өткен мәжілісте әкім кеңесшісі Әмірбек Шаймағамбетов соңғы уақытта жол-көлік оқиғасының едәуір өскенін тілге тиек етті.  Мәселен, 2019 жылы 300-ден астам дерек тіркелген. Ал, 2018 жыл ол 200-дің шамасында болған. Салдарынан адам шығыны 47 пайызға, ауыр жарақат алу дерегі 38 пайызға артқан.
          Аталған жайт негізінен жаяу жүргіншілердің, балалардың қатысумен орын алады. Яғни, тұрғындар өміріне қауіп көп. Зардап шегетін де солар. Осыған орай мамандар «Қауіпсіз қала» жобасын жүзеге асыруды қолға алмақ.
Аталған жоба аясындағы іс-шара бұған дейін ірі сауда орындары, алаңдар, скверлер, аэропорт, теміржол вокзалы, оқу орындары, көп қабатты үйлер ауласында бейне камера орнатудан басталған еді. Соған сәйкес "Жедел басқару орталығы» ашылып, орнатылған 272 камера арқылы бақылау жүргізілетін. Бұл өз кезегінде қылмыстық оқиғаны тез арада анықтауға,  алдын-алуға септігін тигізді. Сондай-ақ жол жүру ережесін бұзған көлік тізгіншілерінің де іс-әрекетін дәлелді көрсетуге мүмкіндік берген. Бейнебақылаудың нәтижесінде былтыр 107 қылмыс ашылып, 17315 әкімшілік құқық бұзушылық дерегі тіркелген. Бұдан өзге мас күйінде көлік жүргізу, қоғамдық орындарда азаматтарға тиісу, қоқыс қалдықтарын тастау сынды басқа да құқық бұзушылық әрекеттер анықталған.
Енді сандық жүйеге көшу арқылы бақылау құрылғыларын көбейту, бір жүйеге тоғыстыру, сол арқылы жедел әрекет етуге жағдай жасау жоспарланып отыр. Бүгінде орнатылған камералар түгел дерлік жұмыс істемейді. Тозығы жеткені бар, бұзылғаны бар қайтадан жаңартуды талап етеді. Жаңа технологияға сәйкес соңғы үлгідегі арнайы бейне бақылау құрылғысын орнату қажет. Жиында мамандар мұны жан-жақты талқылады. Мүмкіндіктер мен тиімді жолдары таразыланды.
Адам өмірі бәрінен маңызды десек, оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты міндет. Сондықтан халық көп шоғырланатын орындарда олардың емін-еркін жүруіне жағдай жасалуы тиіс. Мамандардың айтуынша, қазір облыс орталығында мемлекеттік мекеме, стратегиялық, өндірістік т.б бағыттағы 300-ден аса нысан орналасқан екен. Олар террористік шабуылға қолайлы, қорғанысы әлсіз санатқа жатқызылған. Ендігі кезекте аталған аумақтарға және шет аймақтар мен көшелерге бейнекамера орнату басты назарға алынбақ. Бұған қатысты қала әкімінің орынбасары Ерлан Бердібаев тиісті мамандарға нақты тапсырмалар жүктеді.
Айдана СЕЙІЛ
16 қаңтар 2020 ж. 801 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 440 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам