Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Өмірге құштар, сезімге іңкар жандар

Өмірге құштар, сезімге іңкар жандар

  «Баласының білегі ауырса, анасының жүрегі ауырады» демей ме халық даналығы.  Мұның қасында  Сағима ана көрген ауыртпалықты атан түйе көтере алмас-ау деймін. Баласы үшін бәріне шыдап, жанына батқан жарасын жылы сөзімен емдеп, ойы алаң перзентін алдарқатқан болады. Тағдырдың жазуы шығар, оны тәңір солай жаратты. Пенденің қолынан келетін іс болса баяғыда-ақ аяғынан тік тұрғызып, ел қатарлы ер ету үшін ештеңеден тартынбас еді. Амал нешік, қол қысқа.
Қазір қанасынан жарып шыққан төл перзенті Қайрат Қалауовтың туабітті мешелдік ауруына шалдыққанына табаны күректей 43 жыл болыпты.  Үш жасында дәрігерлердің шешімімен Алматыға барып емделіп, сондағы балалар үйінде өсті. Тәрбиешілер оның  зерек зейініне тәнті еді. Қасындағы ақыл-есі дамымаған балаларға қарағанда ойы озық,  таным мен таланты ерекше болатын. Сондықтан дәрігерлер оның келешегінен көп үміт күтті. Қайсарлығы да бар. Әлжуас  нәзік саусақтарын зорға бүгіп, соның мүмкіндігімен  анасына ұялы телефон арқылы хат жазатын. Жасы ұлғая келе жансарайы жыр жауһарына толды. Ол жүректегі сағынышы мен мұңын жыр жолымен нөсерлетіп жеткізе бастады. Баланың бұла сырын анасы жанарына жас алып,  оқтын-оқтын жаулығының ұшымен сүртіп отырып айтқанда аза бойың қаза болады екен. Сонда да сабырға салып біз отырмыз.
Осыдан 8 жыл бұрын Қайратты туған жеріне алып келіп,  жүйке ауруларын емдейтін ауруханаға жатқызды. Ауылда болған соң жиі-жиі соғып, жағдайын біліп тұрасын. Сондағы байқағаны – өзге қатарластарынан ой өресі оқ бойы озық екенін білді. Өнерге ынталы, өмірге құштар қасиеті қайран қалдырды. Ол шахмат, шашкіден үнемі жеңімпаз атанып, марапаты үстін-үстін толыға түсті.  Тіпті жарыс кубогын да иемденді.
Оның тілі орысша шыққан. Сондықтан кітапты орысша оқиды. Өлең де жазатын қасиеті бар екен. «Қазақтың домбырасын жақсы көремін. Күй де тыңдаймын. Есеп те шығарамын. Әттең, өзім жұмыс жасап, ақша тапқым келеді. Бірақ қолым икемге келмейді» дейді ол күлімсіреп. «Ол өзін өте көңілді ұстайды. Мінезі – өте ашық. Ішкі сырын бүкпесіз айтуға тырысады. Ол қазір сондай бақытты. Өйткені оған Алматыдан көңілі қалаған Тамара есімді ару іздеп келіп, екеуі қауышты. Қазір көңілі қалап қосылған екі жұп бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүруде. Бұл үйді олар жалдап тұруда. Бірақ олардың көңілді жүзіне қарап, басында өздеріне тиесілі баспана жоғын да сезбей қаласың» дейді риза болған анасы Сағима.  Анасынан осындай көзайым жаңалықты естіп,  демалысты пайдаланып,  олардың үйіне барып, хал-жайын білгіміз келді. Қаланың Шанхай шағын ауданындағы көп қабатты үйдің екінші қабатында тұрады екен. Баспалдақтары – өте тік. Арбамен көтерілуге қолайсыз,  пандусы жоқ ертеректе салынған үйлер.  Бірақ үйге табалдырықтан енгенде біз керемет күйге бөлендік. Бізге есікті орыс келін Тамара ашты. Ол– екінші топ мүгедегі екен. Жол апатынан солай болған екен деді Сағима апай сөз арасында.  Өзге ұлттан болғанмен өздері «Тома» деп атаған келін қолды аяққа тұрмай зырылдап өзі қалаған азаматына қызмет жасауда. Үй іші мұнтаздай тап-таза. Қайраттың киімдерін үтіктеп іліп, кір киімін жуып,  дереу бізді де ыстық ілтипатпен қарсы алып жатыр. Аядай үйдің ішінде жылылық пен ұлылық көрдім. Арбаға байланған жігіттің жанарынан өмірге деген  құлшыныс пен сөнбеген қайратты көріп қайран қалдым.  Ол орыс тілінде жазған махаббат туралы өлеңін жатқа оқып берді. Жігіт ағасы жасына келген Қайраттың ақылы мен ойлау қабілеті,  қазіргі заманауи технологияны пайдалана білуі, жалпы механикалық затты ойша құрастыру зеректігі ерекше дейді анасы. Мүгедек жігіттің анасы өзегінен жарып шыққан құлынына жанашыр болар жүрегінің қалауы табылса деп армандаған екен. Сол тілегі орындалған сыңайлы.  Тамарамен тілдескенімізде, Қайратты жақсы көретінін, ол осында келуін қалаған соң құстай ұшып жеткенін айтады. Өмірдің теперішін бесіктен белі шықпай көрген қыздың да ешкімі жоқ екен. Ол жетімдер үйінде өскен. Өз отбасым болса, жылы ұяның отын жақсам деп өмір бойы армандаған екен. Міне, екі мұңлықтың жүрек қалауы орындалғанын көріп, толқыныстан көзге жас келді. Олар осы Алланың жазған болмыс-бітіміне ешқандай шағым айтпай, өздерінің өмірлерін сау адамдай сезініп, бар қиындықты қасқайып қарсы алуда.  Шынайы болмыс, шынайы күлкі, шынайы толқыныс. Оларды байлық, бақ-дәулет қызықтырмайды. Бәрі алдамшы дейді олар.  Өмірдің теперішін көрген пенделер әрине, осылай сезінеді бәрін. Оларға өмір – қымбат. Арзан күлкіні, артық қошамет-құрметті қажет етпейді олар. Оларды махаббат, татулық тоғыстырған өмірге құштар, сезімге іңкәр жандар.  
Шынында денсаулығында еш кінарат жоқ адамдар осындай тағдыр тәлкегіне ұшыраған жандардың көзсіз ерліктерінен үлгі алса ғой, шіркін! Ұлын туған жердің бауырына қауыштырған анаға жетпей жүргені онсыз да тағдыр талқысына түскен мүгедек перзентінің болашақ өмірін жападан жалғыз өткізбеу болатын.  Ана жүрегі қарс айырылып, осыны уайымдайтын. Сол арманы орындалған сыңайлы. Тек бір әулеттің осы қуаныштары ұзағынан болғай деп біз де разы көңілмен қимай қоштастық.
Түйін сөз: Жер бетіндегі әр адамның тағдыры әрқилы. «Адамның басы-Алланың добы» деген. Тірі жүргенде бір-бірімізге қолдан келген көмегімізді көрсеткеніміз жөн. Өмір онсыз да қамшының сабындай ғана.  Бүгін бар болсақ, ертең жоқпыз. Алдағыны Алла біледі. Барымызда адам деген қасиетті атқа кір келтірмей, жаурағанға жылу беріп, қасіретке ұшырағанның көз жасын сүртіп, жетімді жебеп, мүгедекті демеп жібергеніміз жөн болар деген ойға кеттім. 
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА
28 қаңтар 2020 ж. 844 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 440 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам