Тәңірден келген тылсым күш
Ел арасында "Қыдыр ата" атанып кеткен Жанарыс Еңсеповті бүгінде мұқым жұрт түгел таниды десек жансақтық емес. Қазіргі таңда басы ауырып, балтыры сыздаған, заманауи медицинадан қайран болмай, осы кісінің емшілік қасиетіне жүгінетін жандар қатары қалың. Әсілінде, жаңа ғасырда ғылым мен технология қарыштап дамып жатыр дегенімізбен, жаратылыстың ашылмаған тылсым құпиялары әлі де жетіп артылатыны жасырын емес қой. Ауруына шипа іздеген жұрттың табанынан тозып, шарқ ұратыны да сондықтан болса керек. Десе де, бұл сөзіміз дамыған медицина жетістігін жоққа шығару емес, керісінше ақ халаттылардың игере алмай жатқан тұсына қол ұшын созып, салауатты өмір салтын қалыптастыруға атсалысып жүрген жандардың еңбегі де тасада қалмасын деген ниет.
Әйткенмен, осы тұста көріпкел, емшіге барып, дертке шипа іздеуді Аллаға серік қосу деп үлкен күнәға балайтындар да табылады. Ал, аталар аманатын арқалап, көпшіліктің ықыласына бөленген Қыдыр ата Тәңірдің өзі тоқсан тоғыз дерттің шипасын бірге жібергенін айтып, ауру жанына батқан қамкөңіл кісіге әрдайым қолдау білдіріп келеді. Ол имандылықты басты мақсат етіп, науқастарды емдеу әдісінде халықтық медицина мен ғылымды өзара ұштастыра білген шын құдірет иесі. Алланың жалғыз екенін алдына келген әрбір жанға үнемі дәріптеуден танбай, насихаттайды. Тұла бойын ауру меңдеп, денесін дендеген дерттен азап шеккен жанның құлан таза айығып кетуі де Жанарыс емшінің осы ақ жолдан айнымас адамдығының шарапаты болса керек. Бір ерекшелігі – дыбыстық терапияны қолдану арқылы қарапайым сумен-ақ көптеген обыр ауруларын жазған, сал ауруынан айықтырған, омыртқа, сүйек-буын ауруларын емдеп шығаруында болып отыр. Мүгедек арбасына таңылған жандардың екі аяғын нық басып кетуі, есту-сөйлеу мүмкіндігінен айырылып, тас мылқаудың күйін кешкен мүсәпір жандардың кенеттен жан-сарайының ашылып, сайрай жөнелуі, өмірден түңілген адамдардың қайғысын жеңуіне, зағип жандардың жарық күн дидарына куә болуына, бір перзентке зар болған ерлі-зайыптының құшағы қуанышқа толуына себепкер болған да осы музыка арқылы емдеудің құдіреті шығар. Ол медицинада емі табылмаған кейбір ауруларды Тәңірден келетін тылсым күшпен, адам жанына дауасын сыйлаған сөз құдіретімен науқастың аяқтан тұрып кетуіне жәрдемші болуда. "Жақсы сөз жан жадыратады" деген ұғымның да шынайылығын Қыдыр ата осылайша дәлелдей түскендей. Оның "жазыласың" деген бір ауыз сөзінен талай жан өмірге қайта келгендей күй кешті. Бір қызығы, аян беру арқылы емдейтін әулиелігінің ғажайып көрінісі оның адамдардың түсіне ену арқылы науқастарға ота жасауы, дем салуы, мейірімділікке, қуанышқа жетелеуі, алдында болатын қауіп-қатерден сақтандыруынан байқалады. Осылайша Жанарыс Еңсеповті халық денсаулығын жақсартуға қосқан үлесі үшін елі құрметтеп, рухани-сауықтырушы шипагер ретінде танығанына да отыз жылға жуық уақыт таяп қалыпты. Халық медицинасындағы құндылығы мен маңыздылығы жоғары еңбегінің арқасында киелі шаңыраққа келгендерге өмір сыйлаушы, қиналғандардың жолын ашушы, саламатты өмір салтын сақтауға жетелеуші, жетім-жесірлерге қорған болушы, адамзат тарихында өзіндік дара жолы бар рухани сауықтырушы ретінде оны құрметтейтіндер көп. Оның дауа іздеп шарқ ұрған науқастарды шипалы қолымен емдеп, алғысын алатын сәті аз емес. Халықтың ыстық ықыласы да осыны айғақтайды.
Айтсаң, аңыз секілді... Көлік апатына түсіп, мидың екі тамыры үзіліп, ес-түссіз 18 күн жатқан азамат осы Қыдыр атаның құдіретімен ол кісінің музыка таспасын тыңдау арқылы орнынан тұрып, ешқандай дәрісіз аттай шауып кетіпті. Ауруханадағы ақ халаттылар екі жеті ғана өмірі қалды деп, жақын-жуығының ортасына қайтарған науқас осылайша Құдайдың құдіретімен құлан-таза айығып кеткен. Біреу сенер, біреу сенбес... Дегенмен, осындай тылсым күштің арқасында отбасысымен қайта қауышқан жандар шынымен де бар.
Дәл осындай жағдайды бастан кешкен жанның бірі – қызылордалық Сахитжан Әжмолдаев. Осыдан бес жыл бұрын инфаркт ауруымен облыстық медициналық орталықтың жансақтау бөлімінен бір-ақ шыққан оны дәрігерлер жақсы жаңалықпен қуанта қоймапты. Тепсе, темір үзетін жігіт ағасының жүрек ауруына шалдығып, шарасыз күй кешуі өзі үшін де, отбасы мүшелері үшін де оңайға соқпағаны анық. Тіптен, тіс қаққан кардиолог мамандардың өзі емдеу үдересінде шарасыздық танытқанда тауы шағылып, кері қайтқан сол күнді Сахитжан аға әлі де ұмыта қойған жоқ. Ал, Ақтөбедегі Қыдыр атаның көрікпелдік қасиеті туралы естігенде алғаш мойны жар бере қоймағаны да рас. Мұндайда қазақ "Көрер жарығың бар екен" деуші ме еді? Әйтеуір, Қыдыр ата алдына барып, дертіне дәру тапты. Ауруы сап тыйылып, дертінен түгел айықты. Аяққа тұрды. Өмірге қайта келгендей күй кешті.
– Жасыратыны жоқ, көбіміз мұндайға сене бермейміз ғой. Басымнан өтпесе, мен де сенбес едім. Бірақ, көзім көрді. Иландым. Кезегіміз келіп, Мектеп атаға кіргенде "Бізде оның емі бар, жазыласың. Отыр!" дегенде қанша уақыттан бері аурудан тас болып қатқан еңсем әп-сәтте көтеріліп, жүрегім аузыма тығылды. Себебі, маған дәрігерлер бұл дерттен түбегейлі жазылып кету мүмкін еместігін ашық айтқан еді. Сөйтіп, мен 4-5 жылдың ішінде 7 мәрте қатынап ем қабылдадым. Сенесіз бе, ап-ауыр зілге айналған көкірек тұсым жазылып, құрсаудан арылдым. Қазір еңбекке жарап, адам қатарына қосылдым. Бірде-бір дәрі қабылдамағаныма да жылға таяп қалды. Мен оның емшілік, көріпкелдік қасиетіне тәнті болып, әбден мойындадым. Емге келген әрбір адам анкета толтырып, дәрігердің диагнозы қойылған қағаздың көшірмесін қоса өткізеді. Төсек тартып жатқан науқас емге қатыспай-ақ отбасының бір мүшесі арқылы ем ала алады. Тек арақ, темекі, доңыз еті секілді харам заттардан түбегейлі бас тартуың шарт. Еңбегін сатып, сендегі жоқ ақшаны да сұрамайды. "Ем болсын" деген ниетпен қалтаңдағы барыңды салсаң жетіп жатыр. Мендегі ой тек өзім көрген шарапатты ауру азабын тартқан өзге жандар да көрсе екен деймін, – дейді Сахитжан Әжмолдаев ағынан жарылып.
Бүгінде Ақтөбе қаласында тұратын емшінің есігінің аузы күні-түні емделушілерге лық толы. Тіпті, Испания, Қытай, Германия, АҚШ, Түркия, Норвегия, Ресей секілді шетелден де азаматтар жыл аралатып, емделуге келіп тұрады. Барлығы да құт пен құдірет қатар қонған Жанарыс емшінің науқастарды емдеудегі ғажайып қасиетіне, көріпкелдігіне тәнті.
Жалпы, қазақ қашанда қасиеттің түп-тамырын тегінен тартқан ғой. Ел аузындағы "Тегіне тартқан" деген сүбелі сөз де осындайдан қалса керек. Олай деуіміздің де өз себебі бар. Талай жанға дуалы сөзімен де, шипалы емімен де жәрдемші болған Қыдыр ата – кезінде 15 жасында 1000 баладан жасақ құрып, Аңырақай шайқасына қатысқан әйгілі Сартай батырдың жетінші ұрпағы екен. Нағашы жұрты да осал тұқымнан емес. Аты аңызға айналған Ақтан батырдан тарайтын көрінеді. Ендеше, осындай шежірелі тектілер әулетінен тамыр тартқан Жанарыс емшінің де әулиелік жолындағы қасиеті тектен-тек болмайтыны заңдылық. Оның үстіне, бойындағы қарым-қабілетін халықтың қажетіне жаратып жатса, нұр үстіне нұр. Оған қоса, басы ауырып, балтыры сыздаған кісінің ақеден алғысын алып жатса, адамның бір парызының да өтелгені емес пе?
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.