Мал сатудың да мәнісі мол

Ал,енді төрт түліктің бағасы қандай? Оның нарқы мезгіл сайын өзгеріп келе ме? Себеп-салдары бар ма? Бізді жетелеген сауал журналистік зерттеуге итермеледі. Алдымен қаладағы «Мал базарына» баруға тура келді.
Әуелі сатушы мен сатып алушы арасындағы мәміле, сосын базарға кіретін малдың ауру-сырқауын білу еді.
Күн сейсенбі. Дәл осы жұмыс күні Қызылордада «Мал базары» жанданады. Арысы Қармақшы, былайғысы Түркістан облысынан алушы келіп, мал саудалайды. Былай қарағанда 500 бастай ірі қара мен жылқы, 100-200-ден аса уақ мал түссе, соның басым бөлігі сатылып жүр. Бұл жолы қалай, оны бара көрдік.

Мал сатып тұрғанның дені ауыл қазағы. Мал таңдай алмай, таңдағанмен малдан айырылып, қуалап жүрген қала қазағы да осында. Сырттай бақылаған кісіге қызық, даладағы ашық театрға ұқсайды. Мал – актер, көлік – көрермен, самала шам – жарық сәулесі.
Біз базар ішіне онан сайын ендік. Фототілші өз ісіне шындап кірісіп кеткен. Ал мен базар әкімшілігін шарқ ұрып іздеп жүрмін. Ол таптырар емес. Білуімше, мұндағы мәселемен айналысатын бір ғана адам екен. Ол кіре беріс ауызда тұрған Қылышхан деген азамат болып шықты. Оның жұмысы не десеңізші, мал тиеген Газелді тіркеп, олардан 1000 теңгеден алып отырады. Оның он жылдан бергі кәсібі осы. Ақша жинаған адамның өзгемен шаруасы бола ма, ә дегенде көз қиығын салмай тұрған сабазың журналиспін дегесін мойын бұрды. Сөйтіп тілдестік, бірнеше сауалға жауап алдым.
– Көріп тұрғандай, бүгін мал базары. Қаптаған ығы-жығы халық. Мал көп, үстін-үстін келіп жатыр, – деді де үш Газелді тіркеп, әрқайсысынан тиісті ақшасын алды.
Қызықтың көкесі енді басталды. Тоқтаған көлікке ылдым-жылдым бір топ жігіт мінгесті. Көлік бортын көзбен шолып алып:«Ағасы неше бас мал бар? Қанша деп тұрсын барлығын?» деген қоңыр дауысы құлақты жарып жібере жаздады. Бұларды еп-себіне қарап біз алыпсатарлар деп түсіндік. Әрекеттері көтере сатып алатындай бақуатты. Бұған мән бермеген Қылышхан әңгімесін әрі қарай жалғастырды.
– Мұнда сатушы мен алушы үшін барлық жағдай жасалған. Төрт түлік үшін арнайы орын белгіленген. Мысалы, уақ мал тұратын орынның үсті жабық. Өткен жылы мүйізді ірі қара сатылатын орынның үсті жабылды. Жері бетондалды. Ал биыл жылқылар үшін жабық жай жасалады.
Келушінің жағдайын жасау міндетіміз. Сол үшін ыстық тағам ұсынған асхана жұмыс істейді. Мал саудасына бағаны біз қоймаймыз. Сатушы өзі белгілейді. Шамамен мүйізді ірі қарадан 250-300, уақ малдан 100-150 бас келеді. Көктем, жаз айларында базар кешкілік уақытта болатын, қазір халықтың сұранысына сай күндізгі мезгілге ауыстырдық. Күн жылынғаннан кейін қайта түнгі мезгілге қоятын боламыз, – дейді Қылышхан Күзенбаев.
Мал бағасы қанша?

Бір қарағанда адамнан мал, малдан адам көп секілді. Ал, алыпсатарлар базардың бағамын реттеп, ұпайын жібермеуге тырысып бағуда. Саудаласуы да қызық. «Бауырым, қолды бер, сауданың аты сауда. Мал иесін тапты. Қолыңды бер, енді!» деген дауыстар жер-жерде естіліп, сауданың парқы мен нарқын түсінгендей болдым. Рас, «Сауда – мұраты ұту». Кім болса да қымбатқа пұлдауға үмітті. Дегенмен базардың аты базар, алғашқы саудаласу жеңіп тұр.
Жасыратыны жоқ, мұндағы бордақы бұқаларды апта сайын көтерме бағамен шымкенттік алушылар алатын көрінеді. Олар Қарабұлақ базарына тасымалдайды. Дені өзбектер.
Мұнда алыпсатарлардан көз сүрінеді. Әрбір кірген көлік олардың бақылауынан тыс кетпейді. Тіпті, «Камаздың» үстіне қарғып мініп, малдын түр-түсіне қарайды, күйі қомды, етті болса сол жерде саудасын айтады. Одан әргі мәселе алыпсатарда қалады. Ол үстіме баға қойып сатады. Кейде көршілес Шиелі мен Жаңақорғанның мал базарына апарады. Бақсақ, бір малдын үстінен шамамен 50-70 мыңдай пайда көреді екен.
Енді баға жайын байқап көрейік. Мүйізді ірі қаралардың бағасы 150 мыңнан басталады. Ал ірі, еттісі 450 мыңға дейін бағаланып отыр. Жабағы – 250 теңге шамасында. Соның ішінде «Құлагер» тұлпары көзімізге түсті. Тұлпардың иесі 1 млн. 200 мыңға бағалады. Бәйгеден оқ бойы оза шауып, бірінші орынмен келетін жылқыға иесі осындай баға ұсынып отыр. «Алуан, алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» дегендей, оның да өз тұтынушысы бар.
Мал өсіру қазақ халқының ежелден бергі негізгі кәсібі, байлығы және азығы болып келді. Қазіргі уақытта да ауылды айтпағанда қала халқының да негізгі күнкөріс көзі осы мал болып табылады. Базарға бір мал түспейді, оның санын шектеу де жоқ. Сол жүздеген малдың арасында ауру-сырқауы жоқ деу де артық сөз. Осы мазалаған сұрақ төңірегінде базардың мал дәрігеріне бас сұқтық. Алайда онда кіріп арнайы анықтама алып жатқан адамдарды кездестірмедік. Сөйтсек бұл жерде төрт түліктің сатылып кеткені жөнінде ғана анықтама береді екен.
– Мұнда ауру мал келіп жатқан жоқ. Әрбір келетін малдың ветеринар берген анықтамасы болады. Онда түсі мен малдын сау екені жазылады. Аудан мен қаланың жергілікті мал дәрігерлері әрбір төрт түлікті тексерістен өткізіп барып жібереді. Ал біз мұнда малдың сатылғандығы жөнінде анықтама береміз. Бұл салада жүргеніме 17 жыл болды. Сондықтан төрт түліктін түріне қарап та айтуға болады, – дейді Ербол Жүгінісов.
Әрі қарай уақ мал орналасқан орынға бағыт алдық. Ол жақта арнайы мал тиелген көліктер де тұр. Уақ мал орналасқан орынның төбесі жабылған. Олардың жем-шөбіне орын қарастырылған. Қой-ешкі қатар-қатар тізіліп тұр. Мұнда қойдың бағасы әрүрлі. Семіз қой 50 мыңнан сатылса, орташа, көтерем қойлар 30-35-тен саудалауда. Ал, ешкінің құны қырық мыңнан басталады. Жалпы биыл уақ малдың бағасы көтерілді. Саудасы келіп жатса келісеміз дейді сатушылар.
Базарда неге реттілік жоқ?

– Ассалаумағалейкүм!
– Уағалейкүмассалам!
– Я, неғып жүрген адамсындар. Түрлеріне қарасам мал сатып алуға келмегендерін анық.
– Қателеспеспедіңіз, – деп жөнімізді айттық.
Ауыл тұрғыны мұнда адамға да, малға да жағдай жасалмағанын айтты.
– Бүгінде базарда мал саны күн санап артып келеді. Мал басы көбейген сайын мұнда реттілік қажет. Оған арнайы жағдай жасалуы тиіс. Көріп тұрсыздар, базар талапқа сай емес. КБИ мөлтек ауданы қазір орталық болды. Көпқабатты үйлер түсті. Айналасында қаншама жер үй бар. Ал мұны ескеріп жатқан ешкім жоқ. Уақ малды айтпағанда қаншама мүйізді ірі қара бар бұл жерде. Ал тұрғындар үшін ол қолайсыз. Қолқаны қапқан күлімсі иістен бұл жерде тұру мүмкін емес. Сол үшін базарды қаланың сыртына көшіру қажет. Қай өңірде, қай қалада болмасын базарлар санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға, эстетикалық талғамдарға сай болуы тиіс. Сол талаптар сақталған жерде сатушылар да, мал сатып алушылар да қиналмайды, сауда да сәтті жүреді. Біз бұл базардың мәселесін бұрын талай рет көтергенбіз. Десек те мәселеге мән беріп, назар аударып жатқан жауапты азаматтар табылмай тұр. Нәтиже жоқ. Дәл осындай базар Түркістанда бар. Онда барлық жағдай жасалған. Сату үшін орындық қойылған, малдың тезегі дер кезінде тазаланып тұрады. Таза орын, жайлы жағдай қандай жақсы, – дейді ол.
Онлайн сауда қалай жүруде?

Тірі малды экспорттауға тыйым салынды
Ауыл шаруашылығы министрлігі малды тірілей экспорттауға тыйым салды. Бұл шектеу ет өңдеу кәсіпорындары мен бордақылау алаңдарының жұмысын жандандырады деп есептейді. Ал шаруалар қолдағы төрт түлігін онда тапсыруға құлықсыз. Тиімді болған соң сыртқа сатады. Өткен жылы Қазақстаннан 156 мың бас ірі қараны айтпағанда, 264 мың қой экспортталыпты. Оның 200 мыңын Өзбекстан, 21 мыңын Ресей алса, 8 мыңы Әзірбайжанға, тағы 12 мыңы Иран еліне кеткен. Еліміздегі мал саны азайып барады. Министрлік жариялаған мораторий – уақытша шара. Бұл саланың даму динамикасына кері әсер етуші жайттарды талдап-таразылап, нормативті құжаттарды тағы бір пысықтау үшін қолға алынып отыр.

Жарасхан ҚУАНЫШБАЙҰЛЫ,
Суретті түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ