АҒАРҒАНЫ ҮЗІЛМЕГЕН ҚАЗАҚПЫЗ, ТҮРЛІ ДЕРТТЕН АЗАТПЫЗ
Балалық шағымыз осылай қызықты өтті. Таң атқаннан қара кешке дейін үй көрмей ойнаушы едік. Сонда ата-әжеміз бізді «ойын баласы ғой» деп тоқтатпайтын. Сол үшін жыл сайын ауылға баруға құмартып, жазды асыға күтетін едік. Өйткені, онда асыр сап, демалыстың қалай өткенін білмей қаламыз. Үш ай сонда жүріп, сабақ басталар уақытта қалаға бір-ақ қайтатынбыз.
Есімізден кетпейтін тағы бір көрініс бар. Қашанда ауылдағы табиғи таза тағамның орны ерекше. Олардың адам денсаулығына пайдасы да зор. Мәселен, тоқсан ауруға ем – ағарғанның орны бөлек. Кезінде ата-бабамыз түйенің шұбатын, жылқының қымызын, сиырдың айранын, ешкінің сүтін ішіп ұзақ өмір сүрген. Оның құрамындағы құнарлылықты осыдан-ақ аңғаруға болады. Медицина тілімен айтқанда ағарған ағзаға өте пайдалы. Себебі, дәрумендер иммундық жүйені нығайтуға мол мүмкіндік береді.
Бала күнімізде атам үнемі қазақ батырларының күштілігі туралы жиі айтатын. Олар бір қойдың етін сүт пісірім уақытта бір өзі тауыса алатын алып адамдар екенін мысал ететін. Қазіргі жастар ағарғанның пайдасын жіті түсіне бермейді. Өйткені, бүгінде оның орнын газды сусын алмастырды. Дегенмен, медицина олардың адам денсаулығына кері әсері бар екенін дәлелдеуде. Мәселен, науқас адам сауығу үшін түрлі дәрілерді қабылдайды. Олар ішек қызметін бұзып, қарын түктерін қабындырады. Салдары асқазан ауруына алып келеді. Ал, дәрігер дәріні ішкеннен кейін айран, қымыз, сүт ішсе тез жазылуына септігі тиетінін айтады.
Қазіргі кезде барлық адам семіздікпен күресуде. Мәселен, артық салмақтан арылудың жолын іздеп түрлі диетаға отырған жандарды да көз көріп жүр. Осыған орай диетологтар толықпын деп шағымданғандарға ағарғанды ұсынуда. Оның құрамы күрделі болғанымен артық салмақты түсіруде өте белсенді. Сонымен қатар, ауыр және майлы тағамдардан кейін айран ішу көп калорияны жойып, семіздікке апармайды.
– Ағарған деген құт қой. Мейлінше дастарқаннан үзбегеніміз абзал. Десе де, қазір жастар мұны көп ішпейді. Мәселен, немереме айран берсем йогурт одан пайдалы деп ойлай ма, келіндер сол боялған тәттіні береді. Оның исі алыстан жүрегімді айнытады. Ағарғанға қант қосып берсе одан асқан қандай пайдалы тағам бар. Мұны балаға күнделікті ішкізсең денсаулығы мықты болады. Өзіміз кезінде ұл-қызымызды осы қатықпен өсті. Әлі күнге дейін, салқындатып, ішіп алады. Сол кезде тіпті, ауру-сырқауды білмеуші едік. Осының барлығы сапалы асымыздың, ұлттық сусындарымыздың арқасы. Мұны әрбір келін, әрбір ана білу керек, – деді көп балалы ана Анар Жансейітова.
Сонымен қатар, ертеректе әжелеріміз шашын ағарғанмен жуса керек. Сондықтан да ол кездері бас терісінің құрғауы, қайызғақ, жансызданған шаш сияқты мәселелер кездеспеген. Керісінше, нәрлендіріп, жылтырауына, тез өсуіне ықпалын тигізген. Байқасаңыз, көп адам ағарғанды оның ішінде айран мен қымызды астан кейін немесе ұйқы алдында ішеді. Мұның да өзіндік сыры бар. Айран адамның жүйке жүйесіне оң әсер етсе, қымыз асты тез қорытады. Сондай-ақ, олар ұйқызысдықтың алдын алып, мазасыздықты емдейді.
Соңғы жылдары күнделікті күйбең тіршіліктің соңында жүріп, осындай пайдасы зор тағамдарды емес, тез дайындалатын дүниелерге үйір болып алдық. Соның салдарынан түрлі аурулар шығып, ол дүниелер адам өміріне зиянын тигізуде. Бұрын апамыз «Ағарған іш» деп отырушы еді. Бұл сөздің астарында үлкен мән жатыр екен ғой. Сонымен қатар, «Ақ мол болсын!» деген тілекте тектен-текке айтылмаса керек. Осылайша көп тағамның дәмін арттырып, тәбетіңді ашатын ағарғанның пайдасы көп. Сондықтан да оны дастарқаннан үзбеуіміз қажет.
Ақмарал ҚАДЫРХАНҚЫЗЫ