Абайдың бір ғана фотосы сақталған
Стрит-арт өнерін көпшілік біле бермесе де, күнделікті тамашалап жүр.Нью-Йорк, Лондон, Париж секілді әлемнің ірі қалаларында жақсы дамыған стрит-арт кейінгі кезде бізде де үлкен өнердің бір саласына айналды. Бір ерекшелігі – сурет кенепке емес, зәулім ғимараттың қабырғаларына салынады. Бұл екінің бірінің қолынан келе бермейтін өнер.
Елімізде стрит-арт өнерін дамытуда Аққали Зәкіровтің қолтаңбасы айқын. Еліміздің барлық қаласында зәулім ғимараттарға сурет салып жүрген суретшіден ұлы ақын Абай портретін салуда әсерін сұраған едік.
– Стрит-арт өнерін бастаған сәтте зәулім ғимаратқа Абай портретін салғымыз келді. Бір қызығы, ұлы ақынның көзі тірісіндегі бір ғана фото сақталған екен. Ол суретте біз танып-білген ақынға мүлде ұқсамайды. Кәсіпқой суретшілердің еңбегіне, кітаптардағы суретіне жүгіне отырып, ұлы ақынның образын салдық. Сәтті шықты деп ойлаймын, – дейді ол.
Суретшіге мұнан кейін де ұлы ақынды зәулім ғимаратқа бейнелеу жөнінде бірнеше ұсыныс түседі. Тіпті мерейтой қарсаңында дайындыққа ерте қамданған кейбір аймақтар өткен жылы ұлы ақынның портретін зәулім ғимараттарға бейнелеуге тапсырыс берген.
– Қандай кескіндеме болмасын, үлкен жауапкершілік. Стрит-арт өнерінің қызығы да, шыжығы да сол, туындымызды күніне мыңдаған адам тамашалайды. Кейде күн сайын қызықтап, жұмыс аяқталғанша сырттай бақылап жүретіндер де бар. Жанымызға келіп пікірін білдіретіндер де кездеседі. Сондай-ақ қанша асығып бара жатса да, кілт тоқтап тамашалап тұрып қалатындар да аз емес. Сондықтан да зәулім ғимараттарда ұлы тұлғаларды бейнелеу үлкен еңбекті, төзім мен жігерді талап етеді, – дейді Аққали Қайырбайұлы.
Көше өнері оңай емес. Себебі, ауа-райының ешкіммен санаспайтыны айдан анық. Кейде жұмыс қыза түскенде ашық аспан кенеттен алабұлттанып, жаңбыр жауатыны, тып-тынық далада әп-сәтте жел көтеріле салатыны тосын құбылыс емес. Әңгіме барысында кейіпкеріміз табиғат мінезіне төтеп беруге тура келетінін жасырмады. Мәселен, 8 қабатты ғимаратқа Абай портретін салу кезінде аяқ астынан жаңбыр жауып, жел тұрғанын ұмытқан емес. Жұмысты тоқтатуға болмайды. Ашық аспан астында биікте тұрып сурет салудың қиындығымен қызығын қатар көтеріп жүрген Сыр перзенті әрбір жұмыс аяқталғанда бойын ерекше қуаныш сезімі билейтінін жасырмады.
– Осы өнерді қолға алған кезде ұлы ақынның портретін өз қалауымызбен салғаннан болар, қанша дегенмен қобалжыдық. Ұлы ақынның образын жинақтап, биік ғимаратқа бейнелеуіміз сәтті шыққанда балаша қуандық. Бала кезден ұлы ақынның шығармаларымен сусындап өскеннен болар, портретінде ақын болмысын көрсете алдым деп ойлаймын, – дейді ол.
Стирт-арт өнерінің ерекшелігі де сол, ұлы тұлғалардың бейнесі күн сайын көз алдымызда. Бұл өнер ғана емес, жас ұрпақ үшін насихат екені де даусыз.
Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА