Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Жақсылық жасау – жастар мұраты

Жақсылық жасау – жастар мұраты

    Сәрсенбінің сәтінде елорда төрінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел жастарының басын қосқан үлкен жиын өткізді. Бұрынғыдан өзгерек өткен кездесуде еріктілердің «Birgemiz» фронт-офисінің ашылу салтанаты болды. Әр аймақтың белсенділері жиналған жиында Сыр жастарының үнін қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Сабыржан Кеңшілік жеткізді. Маңызды шарада айтылған маңызды мәселелер төңірегінде оның өзімен телефон арқылы тілдескен едік.

          – Сабыржан, Президентпен кездесу қалай өтті?
          – Иә, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев еліміздің әр аймағынан келген белсенді жастармен кездесті. Еріктілер жылына орай ұйымдастырылған жиынға мен де делегат әрі спикері ретінде қатыстым. Басты жаңалық – ЭКСПО аумағының Аrt HUB павильонынан еріктілердің «Birgemiz» республикалық фронт-офисі ашылды. Еліміздегі волонтерлардың жобасын үйлестіруші, әдістемелік білім беретін, консультациялық, ақпараттық орталықтың құрылуы – еріктілерге жасалған қолдау. Мұны жастарға берілген мотивация, қозғаушы күш деуге болатын шығар. Алған әсеріміз ерекше.
   – Қандай мәселе қозғалды?
          – Бұған дейін күрмеулі болған біраз мәселе шешімін тапқан секілді. Қолдау шарасы жан-жақты қарастырылған. Көптен бері айтылып жүрген кәсіби еріктілікті дамыту, жалпы, қайырымдылық жасауды бүкілхалықтық әдетке айналдыру кеңінен қозғалды. Әлем елдерінде бұл жақсы дамыған. Игілікке жұмыс жасау біздің жұртымызға таңсық дүние емес қой. Сол себепті сөздік қорымыздағы «асар» ұғымы іс жүзінде  қайта түлейді деп ойлаймын. Маған ерекше әсер бергені Мемлекет басшысы жастардың елге деген отансүйгіш қасиеті жайында сөз қозғады. Еріктілер заңына өзгерістер енетінін айтты. Сонымен қатар тек республикалық емес, халықаралық жобалар да жүзеге асады деді.
– Сыр жастарының үлгілі ісін ел алдында таныстырдың? Тікелей эфир арқылы да байланыс жасады. Не айтылды?
– Аrt HUB павильонында 7 бағытқа арналған алаң орналастырылды. Соның бірінде мен «Жеңіс» деп аталатын республикалық жобаны таныстырдым. Оның іске асқанына бүгінде 4 жылдан асты. Жоба бойынша қарт кісілерге дәрі-дәрмек, өзге де қажеттіліктермен қамтамасыз етуге мән беріледі. Қазіргі таңда бұл бағытта нақты жұмыстар атқарып келеміз. Ардагерлерге көмек көрсетіп, олардың мұң-мұқтажына көңіл бөлеміз. Айта кетерлігі, жоба өзінің тиімділігін дәлелдей түсті. Сондықтан алдағы уақытта бұл бағытта жүйелі жұмыстар жалғаса береді. Сондай-ақ Президент тарапынан «Қазіргі таңда қанша ардагер қамтылған?» деген сынды бірқатар сұрақ болды. Жалпы, жоба аясында еліміз бойынша қамтылған ардагерлер 1500 шамасында. Ал, қала көлемінде былтыр 45 ардагерге көмек көрсетілді.
Одан басқа Алматы мен Қызылорда қаласының жастары тікелей желі арқылы Мемлекет басшысымен тілдесті. Онда ерікті Алтынбек Лазиев «Таза әлем» жобасы аясында ашылған жергілікті «Экосақшылар» тобының жұмысымен таныстырды. Биылғы еріктілер жылына байланысты экологиялық бағытта атқарылған жұмыстар жайына тоқталды.
– Елге келген соң қандай бастамалар жүзеге асады?
          – Жұмыс барысында біршама республикалық ұйымның жетекшілерімен жүздесіп, тиімді жобалар төңірегінде талқылау жасадым. Әрине, өзіміздің қалаға қатысты, тиімді деген ұсыныстар айтылды. Кейбір жоспар, ой-пікіріміз сәйкес келеді екен. Олар біздермен бірлесе жұмыс жасауға дайын екендігін жеткізді. Солай бірқатар келісім жасадық. Сонымен бірге ерікті жастарымыз бір ғана кеңістікте қалып қоймасын деп оқыту лагерьлеріне жіберу мәселесі жайын қозғадым. Одан өзге салааралық байланысты нығайтуда біршама халықаралық ақпарат орталығының штаб пәтерінде болып, келісті істер атқаруға келісімге келдік. Алдағы уақытта мұның барлығы қайта  нақтыланатын болады.
          Айта кету керек, жиында біршама өзекті мәселе назардан тыс қалмады. Президент Қ.Тоқаев волонтерлық қызметтің әлемдік тәжірибелік үлгісін саралай келе негізгі байламын жасады. Оның ішінде еріктілерге жан-жақты қолдау көрсетуді баса айтты. Енді волонтерлік жұмыс еңбек өтілі ретінде есепке алынады. Студент еріктілер қосымша шәкіртақы немесе пәндік кредитін жабуға мүмкіндік алады. Елімізде қайырымдылық істі серік еткен қаншама үкіметтік емес ұйым бар. Оларға осы кезге дейін мемлекет тарапынан қаржылай қолдау болмаған еді. Биыл бұл олқылықтың орны толады. Қаржылай көмек беріліп, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру үшін 300 мың теңге көлемінде 400-ден аса шағын грант, бұдан бөлек, жергілікті бюджеттен қосымша грант бөлінеді.
          Еріктілер жылында ізгілікті істің аясы кеңейеді. Бұл тек әр азаматтың ерікті түрде баратын тірлігі емес, барлық мемлекеттік орган мен түрлі мекеме, шығармашылық топ, кәсіпкерлер, ірі компаниялар бірлесе атсалысатын жұмыс болмақ. Кәсіби, ұжымдық еріктілік жандана түспек. Осылайша, жақсылық іс жасау – әрбір қазақстандықтың өмір салтына айналмақ.
Иә, Мемлекет басшысы игі іспен айналысу, адамға қайырымдылық жасау – қанға сіңген қасиет екенін, дәстүрге айналған бұл үрдісті сақтап қалу керектігін осы жиында тілге тиек етті. Халқымыздың жанашырлық қасиеті сонау тарих беттерінен белгілі. Бабаларымыз қаншама ұлтқа құшағын жайып, төрінен орын берген, қиын-қыстау кезеңде демеу болған. «Таспен атқанды – аспен ат» дейтін ұлт бүгінгі ұрпағының ата дәстүрден жаңылуы әбестік болар. Еріктілік те осы үрдістің заманауи үлгісі. Сондықтан өзгеге көмек қолын созуда ел болып атсалысу керек-ақ.
Айтпақшы, еріктілердің «Birgemiz» республикалық фронт-офисі ашылуының ресми кешінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі еріктілер қозғалысының құрметті елшісі атанды. 
Айдана САЙДУЛЛАҚЫЗЫ
15 ақпан 2020 ж. 872 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 420 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам