Тәшкеннен жеткен табыс!
Өзбекстан астанасы Ташкентте өткен ауыр атлетикадан Азия чемпионатында жерлесіміз Айсамал Сансызбаева ел қоржынын тағы бір алтын медальға толықтырды. Бұл 16 жасар жеңімпаз Айсамал Сансызбаеваның екінші мәрте Азия чемпионы атануы!
Саңлақ спортшы жасөспірімдер жəне жастар арасында 81 келіден жоғары салмақ дəрежесінде өнер көрсетіп, жұлқа көтеруден - 109, серпе көтеруден – 140 кіләні бағындырды. Сөйтіп, қос сайыс нəтижесімен 249 келіні еңсерді. Айта кетейік, ол былтырғы жылы Солтүстік Кореяның Пхеньян қаласында өткен Азия чемпионатында 2 мəрте күміс жүлдені иеленген болатын.
А.Сансызбаева Шиелі ауданының тумасы, қазіргі таңда Жалаңтөс Баһадүр атындағы олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжде оқиды. Оның жаттықтырушылары: Арман Абдраев жəне Нұрсұлтан Бахрадин.