Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Қызылқұмның қызы

Қызылқұмның қызы

 Әдеттегідей ерте оянған Айсұлу таңертеңгі шәй-суын дайындап, отбасының жайын ойлап жүр. Тұңғышы Диана ұстаз, өз қолы өз аузына жетті. Ал, студент қыздары Аружан мен Аяжаны қарны ашып қалмады ма деп уайымдап, іштей күбірлеп қояды.Кенжесі Аягөз «Мұрагер» мектебінің үздігі. Оны да ойлайды. Болашақта не мамандық таңдаса екен?
Ана болғасын осы ғой, таңертеңнен бәрін бір безбендеп алады. Ендігісі – жұмыс. Кешке дейін үйдің бетін көрмейді. Білекті  бір сыбанып, белсене кіріседі. Ол жаңа бағдарлама жасауды қолға алып еді, қазір соны пысықтайды.
Сөз басы
Сойталдай боп артта қалған абзал шақтың есте қалғаны болмаса бүгін елес сияқты. Уақыт зулаған күйі өте шықты. Айсұлулар күні кеше солқылдаған сұлу қыз болды дегенге кім сенеді? Қазір де қартайып тұрғаны шамалы, әйткенмен жер ортасы да оңай жас емес, шама шау тарта бастағандай ма, адам уақыт билігіне тәуелді, дегеніне көндігуге тура келеді.Шіркін, дәурен десеңші!
Әже
Қазақтың қара домалақ Айсұлуы  педагогтар әулетінің тұңғыш төлі еді,  дәстүрге сай  Күләй әжесінің қызы болды. Олай болатын да жөні бар. Әке-шешесі студент кезінде отау құрып, Айсұлу сол жастықтың  алаулаған шағында дүниеге келді. Олардың оқуына кедергі келтірмесін деп ауылдан арқалананып әжесі қалаға жетті де шақалақ баланы бауырына басты. Бауыры Бексұлу екеуі бір емізікке таласып өсті.Құрт, талқанын езіп, аузын құр қалдырмайтын Күләй әжесінің еркесі үлкеннің үлгісін алды, өнегелі сөзін естіп өсті, содан елдің сүйікті қызы болуға тырысты.
 Қойшы
Анау Қызылқұм қолтығындағы Іңкәрдария ауылын білесіз бе? Шалғай демесең шаруасы шалқыған шаруашылық болды. Айсұлу сол ауылдың қызы.Жасынан алғыр, еті тірі болып өсті. Бәрі есімде, кеңес үкіметінің соңғы кезеңдері болса да сойылы әлі мықты уақыт тұғын. Жұмыссыз адам жоқтың қасы. Бос жүріп, сенделген кісі сотталады. Мектепті жаңа бітіргелі жатқан түлектер де туған жерді түлету девизін ұстанып, еңбек майданынан ешкім айналып өте алмайтын. Заң солай, заман солай.Шұбартаудан шынайы үлгі болып, қой басын 50 миллионға жеткізу мұраты қолдау тауып жатты. Іңкардария шаруашылығынан «Сұңқар» комсомол жастар бригадасы құрылды да соған жұмысшы қолын тарту шарасы күшіне мініп тұрды. Көзден көшпейтін, жүректен өшпейтін сол кезеңнің бір өнегесі осы болды.
Айсұлу мектепті күміс медальмен аяқтап, жоғары оқу орнында оқуға ниетті үздік түлектің бірі болатын. Оның үстіне әкесі Жұматай ауылдың бетке ұстар тұлғасы, білдеймектеп директоры, шешесі Зейнегүлде білікті ұстаз. Қаршадай қыздың қайсарлығы ғой, ел-жұрт ата-анасына арқа сүйеді демесін деп, комсомол-жастар бригадасына кіруге жазылды.Қасында құрбылары Айгүл Ермаханова, Орынкүл Манатауова бар. Мұндай батыл шешімді жұмыс қолы жетпей жанұшырған шаруашылық жетекшісіҚұрман Ысқақов бастаған топқалыңдық келінді күткендей қаумалап, қуанышпен күлімдеп қарсы алды.Сөйтіп бір жыл бойы қойдың соңына түсіп, шопан болуға тура келді. Бұл бастамаға бірнеше сыныптасы қосылды. Тіптібозбала кезден дос, ортақ енені емгендей Бақыт Байділдаева, Күләнда Дербісалиевасекілділернәзік жынысына қарамастан трактор рулін ұстады.Қазір ойлап қарасақ, олардың совхоздың әрбір табысына тері төгілмегенмен мысқалдай болса да  үлесі бар екен ғой. Іргелес Қарқасқада тұрып,  арасында бәрі МТЗ-80 тракторының кабинасына мінгесіп, аптасын бір рет ауылға баратын сол кездің де өз қызығы аз болмады. Айтпақшы, аталған арулар кейін бір-бір жоғары оқу орнын тәмәмдап, бірі дәрігер, бірі журналист, бірі тіл маманы, бірі тарихшы болғанын мақтанышпен атаған жөн шығар.
Ауыл кеші көңілді ғой. Жастардың басы қосылса би ұйымдастырады, сыңғыр күлкі, сырластық сезімдері дала төсінде еркін қыдырып, алысқа шаршап кетеді. Қойшы ауылдың жер ошағынан  айғыр жал сары жалын лаулап, құдды төңіректі нұрландырып, көкке қол созған сағымға ұқсайды. Айсұлуды бұл жаңалық жұбатқан жоқ, уақыттың бос сырғыған сәтіндей сезілді. Қолынан кітабы түспей, сол кездепрофессор Б.Кенжебаев, Т. Қожакеев кітаптарын ақтарып, мектептің бағдарламасын қайталады, қаламның құдіретін ақ қағаз бетінде өршелене өрнектеді.
Студент
Келесі жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне құжат тапсырды. Республикада журналист дайындайтын жалғыз оқу орны. Талапкер үсті-үстіне топырлап келіп жатыр.БӘрі дарынды секілді. Арасында ақын көп ұқсайды. Басы топтаса қалса өлең оқу әдеттегідей көрініске айналды.Әйтеуір Айсұлудың бағы жанып, сынақтан сүрінбеген 50 студенттің бірі болғанына қуанды. Міне, осылай білімді қыздың тынысы ашыла берді.
Қоңыр күздің  май тоңғысыз  жылы күні  соңғы шуағын аямай  төгіп тұр. Алатау бөктері жасыл желекке  оранып,  ұзатылатын қыздай жасанып тұр. Сұлу табиғат аясында студент Айсұлу Қасымова білімнің теңізінде білек сыбана жүзді. Профессорлар Т.Амандосов, Т.Қожакеев, Ф.Оразаев, Ә.Ыдырысов дәрістерінен журналистиканың тарихы мен тағылымына терең сүңгіп, ізденісін, талабын шыңдай түсті. Үздік оқумен қатар факультеттің қоғамдық өміріне белсене қатысты. Бес жыл бойғы білім нәрі келешегіне кемел із салды, бағдарына шырағдан болып жанды.Қазір ол күндер естелікке айналып барады. Қиын-қыстауда қасынан табылып, бір ыдыстың тамағын бөлісіп жеген Гүлмира, Шынар, Гүлназия, Жанар сынды көптеген құрбысы қазір Қазақстанның қай түкпірінде жоқ, олармен достық қарым-қатынасы үзілген жоқ. Студенттік шақтың сағынышын бір-бірінен іздеп, әсерлі кезеңнің әңгімесін шертеді.
Журналист
   Бес жыл алған білімді практика жүзінде дәлелдеу үшін республикалық «Жас қазақ» газетінен еңбек жолын бастады. «Жас қазақ» газеті Нұрлан Мәукенұлы басқаратын. Есімі елеулі кіл ақын осында. Жарас, Әмірхан, Қазбек Исаев, Ғалым Жайлыбай, Балапан Базархан, Болат Үсенов бір-бір төбе. Осындай озық ортада шеберлігін шыңдады, журналистік жолын жалғай берді.
Ел тәуелсіздік алған тұста туған жерге оралуға тура келді. Сөйтіп «Кызылорда таймс», «Ақмешіт ақшамы» газеттерінде тілші болды. Өзін қабілетті журналист қырынан танытып, мемлекеттік қызметке шақырылды. Сол 1998 жылы Қызылорда қаласы әкімінің баспасөз хатшысы қызметіне тағайындалды. Өтпелі кезеңнің ауыр  уақыты. Дүкен сөрелері бос, елдің беті базарда. Сондай сүрең шақта елдің ынтымаққа, сабырға шақырған жұмыстары әлі есте. Одан да өттік, берекелі заманға жеттік.
Айсұлу Қасымова 2000-2004 жылдар аралығында облыстық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасының БАҚ бөлімінің басшысы қызметін атқарды. Тікелей баспасөзбен жұмыс істеу, БАҚ-қа бақылау жүргізу жұмыстарын жандандырды. Ал, 2004 жылдан «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасында жауапты шығарушы, тақырыптық хабарлар редакциясының аға редакторы, шеф-редакторы, 2010-2015 жылдар аралығында «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасының бас редакторы болды. Қазір телеарна директорының орынбасары. 
Бүгінгі аймақтық телевизияның сапалық,  көркемдік деңгейі қаншалықты көтерілсе оған Айсұлудың сіңірген еңбегі ерекше. Тынымсыз және тындырымды. Идеялық, тақырыптық тапқырлығы оның өз мамандығына деген сүйіспеншілігінен, жаңашылдыққа ұмтылуынан дер едім. – Сыр елінің шоқтығы биік телешеберханасында шыңдалдым. Телевизияда жұмыс жасау үшін онымен «ауыру керек» деген қағида бар. Егер онымен ауырмасаң, тұрақтап қалуың екіталай. Мен үшін телеарна екінші үйім. Тәуліктің басым бөлігі жұмыс орнымда өтеді. Білікті медиа менеджер Жағыппар Аманжолұлының басқаруымен көп нәрсені әлі де үйреніп,  тоқыған білім  бен тәжірибені жас әріптестеріме жеткізуге тырысып жүрмін, - дейді Айсұлу.
Ол телеарнада отбасы құндылықтары мен ұлттық тәрбиені арқау еткен «Айтарым, бар ағайын!», «Нысана», «Айқаракөз» қыз-келіншектер телеклубы, «Шаңырақ» хабарларының және тікелей эфирдегі  «Өмірдің өзі...»  ток-шоуының авторы әрі жүргізуші ретінде көрерменге танымал. Аталмыш хабарларда қоғамдық-әлеуметтік мәселелерді өткір көтеріп, мемлекеттің отбасылық, демографиялық, гендерлік саясатын алға жылжытуға қомақты үлес қосты. 
Айсұлу Қасымова «Сыр елі - жыр елі» атанған өңірімізде өнер мен мәдениетті дамытуға, оның талантты өкілдерін танытуға арналған  «Сыр жұлдыздары» телевизиялық байқауының продюсері және сценарий авторы, балалар шығармашылығын насихаттаушы «Ботақан» телефестивалінің продюсері, «Сыр мейірімі» қайырымдылық телемарафонының жоба жетекшісі. Сыр бойындағы жыраулық өнердің ізбасарларын танытуға арналған «Жыр-керуен» телевизиялық фольклорлық фестивалінің сценарисі. Байқап отырсақ, қаншама тірліктің тетігін тауып, тізгінін ұстағаны көрініп тұр.
«Жаңа күн» бағдарламасының жоба жетекшісі,  «Тақиялы періште», «Сыр серілері» жобаларының авторы ретінде жастарды ұлттық құндылықтарды ұлықтауға, олардың адами қасиеттерін айшықтауға, ұлтжандылыққа тәрбиелеуге атсалысып келеді.  Сондай-ақ ол әлеуметтік-қоғамдық маңызы бар жобалардың жетекшісі және ұйымдастырушысы. Елбасының, облыс әкімінің қатысуымен өткізілген телекөпірлердің сценарисі ретінде де аймақтың дамуына айрықша еңбек сіңіріп жүр.
«Тілім бар да тірімін» атты хабары 2005 жылы  «Мемлекеттік тіл және БАҚ» атты   бірінші Ұлттық байқауының жеңімпазы атанды. Баспасөз саласындағы табысты әрі қажырлы еңбегі үшін  ҚР Мәдениет министрлігінің,Қазақстан Журналистер Одағының, «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасының Құрмет грамотасымен,   ҚР Президентінің Алғыс хатымен, облыстың Құрмет грамотасымен, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хатымен, «ҚР Тәуелсіздігіне -25 жыл» мерейтойлық төсбелгісімен  марапатталды.
2012 жылы Еуразия әйелдерінің ІІІ Саммитіне делегат болып қатысып, республиканың 100 үздік әйелінің бірі ретінде есімі «Ажар» кітабына енді.
Тағылым
Кішінің үлкенге қарап бой түзейтіні заңдылық.Алдыңғы арба қайда сүйресе соңғысы соған ілеседі. Бұлай сөз қозғауымның мәнісі бар.Айсұлу үйдің үлкені болған соң іні-сіңлілеріне бас-көз болды, болашақ жарқын жолын жалғауға бауырлары одан бағыт-бағдар алды. Соның әсері болар, бір үйден үш журналист шықты. Қазір інісі Нұрлыбек «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалда баспасөз қызметінің жетекшісі, сіңлісі Нұрсұлу. «Qazaqstan»Ұлттық арнасының Еуропадағы меншікті тілшісі.Міне, бауырды баулу, жақсылыққа жетелеудің сыры осындай.

   Отбасы

Жолдасы Нұртуған Омаров Ақтөбенің азаматы. Инженер.Облыстық телеарнада қызмет істейді. Екеуі Диана, Аружан, Аяжан, Аягөздей төрт қыз өсірді. Қазір қыз ұзатып, құдандалы болған жәйі бар. Құдалары Миржан мен Шынар да ұзақ емес, бірі студенттік құрбысы, бірі жастық кезден дос жігіт.
Сөз соңы
Өмірдің өнегесі көп.Сол өнегені адам жасайды. Әріптесім Айсұлу Қасымова туралы тебіренгенде ылғи жақсы қырын көргенімді айтқым келеді. Шынында ол сондай салиқалы, сырбаз қалыбынан ауытқымай, қоғам үшін жаралғандай сезім ұялатады.Ұжымда сыйлы, отбасында аялы, досқа дәнекер, ағайынға абыройлы қыздың Қызылқұмда туылуының да әсері бар ма деп қаламын. Құм жұмсақ әрі ыстық келеді. Бұл мінездің жұмсақтығы мен жүректің ыстығы секілді.
Қаныбек Әбдуов
18 ақпан 2020 ж. 1 849 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 439 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам