ЖҰБЫ ЖАРАСҚАН ЖУРНАЛИСТЕР
Бір шаңырақтағы екеу. Екі жұптың айтар сыры да, бөлісер ойы да, әзілі мен әңгімесі де бір жерден шығады. Сондай жарасымды. Себебі, ол екеуінің мамандығы бір. Бірі – микрофонды, бірі – газетті таңдаған маман иелері.
Сыр өңіріндегі ақпарат айдынында өзіндік алар орны бар кейіпкерлеріміз – Нұрлан Жақыпбек және Әсел Абзал. Екі жастың танысуы да, бас қосуы да қызықты. Әдемі естеліктер әлі күнге дейін олардың жадында сақталған.
Нұрлан мен Әселдің таныстығы студент кезден бастау алды. Жастық шақтағы ең әсерлі уақыт емес пе? Әсел университет қабырғасында жүргенде «Ақмешіт ақшамы» газетінде жас тілші болып қызмет істеді. БАҚ өкілдері жұмыс бабымен жан-жақта жүреді, әр облысқа барады. Содан әсем қала Алматыда өтетін «Жас патриоттар» форумына біздің облыстан барған тілшілердің ішінде Нұрлан мен Әсел де болды.
«Алматы – ғашықтар мекені» деп дөп айтылған. Өйткені, бүгінде жарасымды өмір сүріп жатқан олардың алғашқы сезімі сол арман қаладан басталады. Жүректегі таза, нәзік сезім мөлдір махаббатқа ұласып, олар 2010 жылдың күзінде шаңырақ көтерді.
Ол кезде Нұрлан қалалық «Қоғам ТВ» телеарнасында, қалыңдығы «Ақмешіт ақшамында» тілшілік қызметте болды. Үлкен той тілшілердің думанды сәтіне айналды. Бір қызығы, бір жылда құрылған газет пен телеарна осылайша қос жүректің арқасында әріптестік құдалыққа ұласты. Сөйтіп, журналистер отбасы қатарға қосылды. Әрине, журналистика саласы айтарлықтай оңай емес. Жауапкершілікті талап ететін мамандық. Үйден гөрі түзде жүретін уақыт көп кездеседі. Жалпы, журналистер – жолдың, ойдың, халықтың адамы. Жасыратыны жоқ, көбі бұл мамандықты қызбаладан гөрі жігітке жарасады дейді. Әйтсе де, Әсел күнделікті жүмысымен бірге үйдің шаруасында да дөңгелентіп әкетті.
– Әйел адамға журналист болу қиын деп жатады. Егер мамандыққа да, отбасына да махаббатпен қарасаңыз, бәріне үлгеруге болады деп ойлаймын. Оның үстіне Аллаға шүкір ата-енем – жақсы адамдар. Бізге түсіністікпен қарап, әр кезде қолдау білдіріп отырады, – деді Әсел әңгіме барысында.
«Бақытты жандар бір-біріне ұқсас келеді» дейді. Бір ерекшелігі, екеуінің арасында ұқсастық, сәйкестіктер барын байқадық. Екеуі де – Қызылорда қаласының тумалары, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің түлектері, журналистика саласының мамандары. Оған қоса отбасыларында екі ағайынды және үйдің кенжелері. Тағы бір қызығы, Нұрлан да, Әсел де Құдабаев көшесінің тұрғындары болыпты. Бірақ, Әсел осы жаққа енді келіп жатқанда Нұрланның үйі Белкөл кентіне көшіп кетеді. Сөйтіп, бір-бірін танымай қалады. Әйткенмен, кейіннен оларды тағдыр қосты.
Бүгінде шаңырақ иелері қоғам дамуына сүбелі сөзімен, салмақты ойымен, ұшқыр қаламымен елеулі үлес қосып келеді. Бала кезден тележурналист болуды армандаған Нұрланның осы күндері қолынан микрофоны еш түскен емес. Алғашқы баспалдағы – «Қоғам ТВ» болса, одан кейін облыстық «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасына ауысты. Мықты кадр қашанда елдің көз алдында жүреді емес пе... Көпке ұзамай республикалық «Хабар» арнасының Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі қызметіне ауысып, сол кәсібін бүгінге күнге дейін атқаруда. Сонымен қатар, ол осыдан екі жыл бұрын педагогика ғылымының магистрі атанып, жұмыс арасында студенттерге дәріс береді. Жас та болса, ұстаз деген аты бар.
– Қарап отырсаңыз, журналистика үнемі ізденісті талап етеді. Күннен-күнге ақпарат ағымы дамып жатыр. Қазір жәй ғана мәлімет бере салу емес, журналисттік зерттеудің заманы болды. Әрине, мен ондай талапқа қуанамын. Өйткені, білгенім өзіме ертеңім үшін жақсы. Сонымен бірге қазір –бәсекелестіктің дәуірі. Міне, телевизияны таңдаған соң осының бәрін игеру керек, – деген ойымен бөлісті Нұрлан.
Ал, Әсел журналистика саласын газеттен бастады. Ақмешітің қызы бірыңғай «Ақмешіт ақшамы», «Ақмешіт апталығы» газеттерінде еңбек етті. Қазіргі күні өзге ұлт өкілдерінің ортақ шаңырағы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының баспасөз хатшысы қызметін атқаруда. Сондай-ақ, екеуі де БАҚ саласындағы абыройлы қызметтері үшін республикалық, облыстық, қалалық марапаттарға ие болды.
Міне, ата-анасының осындай марапаттарына балалары әрдайым мақтан тұтып жүреді. Осы күні олар ұл-қыз тәрбиелеп отыр. Әйткенмен, болашақта ұлы отандық өнімді қолдайтын кәсіп иесі болуды, қызы дәрігер атанғысы келеді екен.
– Ерлі-зайыптылардың бір саладан болғаны өте жақсы дер едім. Себебі, бір-бірімізді түсініп, ақылдасып отырамыз. Ал, балаларымыз біздің жолымызбен жүріп, журналист боламыз десе, қарсылығымыз жоқ. Қайта қуанамыз. Бірақ, әзірге басқа саланы армандап қояды, – дейді сөз арасында Әсел. Айтпақшы, жақында бұл отбасыға тағы да кішкентай сәби қосылмақ.
Ауызбіршілігі жарасқан жұптар бір-бірінің бойындағы бағалайтын қасиеттерін де жасырмады. Отағасының айтуынша, Әселдің адалдығы, ақкөңілділігі, еңбекқорлығы ұнаса, отанасына ерінің сабырлығын, кішіпейілділігін, сыйластығын жоғары бағалайтынын айтты. Тірлігі бүтін, бірлігі бекем үйдің түтіні түзу шығады деген осы...
Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.