Ыстық тамақ құнарлы ма, құрамы қалай?
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы денсаулықтың негізгі күшін рухани және әлеуметтік жағдайдың жақсы болуымен байланыстырады. Оған қоса дұрыс тамақтануды да соның кепілі ретінде таныған екен. Оның ішінде мектеп оқушыларының дұрыс, әрі уақытылы тамақтануы маңызды саналады. Мұны біздің халқымыз о бастан-ақ білген, «ауру – астан» деген. Аталған мәселе елімізде жоғары маңызға ие. Қазіргі таңда барлық білім ордасында асханалар желісі жұмыс істейді. Олар оқушыларды ыстық тамақпен қамтып қана қоймай, құнарлы, дәруменге толы аспен ауқаттануына ден қояды. Мектеп қабырғасында ыстық тамақ ұсынудың өзіндік ереже – тәртібі бар.
Тұрмысы төмен, көпбалалы отбасынан шыққан, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, жетім балаларға ыстық ас беру бұрыннан бар шаруа. Кейінірек мұның кенжелеп қалғаны бар. Қазіргідей көш ілгерілеп, даму жолына түскенде кем-кетігімізді түгендеп жатырмыз. Соның бірі – осы білім ошағындағы тамақ жайы.
Қолда бар мәліметке сүйенсек, оқушыларды ыстық тамақпен қамту аймағымызда біржолға қойылған. Қазір облыста 300-ге жуық білім ордасы бар. Оның 50-ден астамы қалада орналасқан. Ал, ондағы асханаларда әзірленген ауқаттан қаншама оқушы түстенеді. Осы ретте өрендерге ұсынылатын ас мәзірінің құрамы мен құнарлылығы қандай?
Әрине, тиісті тараптан бекітілген арнай стандартты талап-міндеттердің бары белгілі. Дегенмен, кей кейде белгіленген заңдылықтың өзгеріске ұшырайтыны бар емес пе? Адами фактор дейміз бе, әлде басқа да себебі бар болар, әйтеуір бір тексеріс жүргізілу керек. Ол үшін құзырлы орындар бар.
Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті осы іске жауапты бірден-бір мекеме. Сыр жұртшылығының сапалы өнімді тұтынуын қамтамасыз ететін орынның мамандарымен жүздесіп, тақырып аясында әңгімелескен едік. Департаменттің бөлім басшысы Алмаш Шуақбаева біз көтерген мәселе жайында біраз жайтты ақтарды.
– Мектепте берілетін ас мәзірі, тағамның құнарлығы мен порциясы, тамақтану рационы баланың физиологиялық жағдайына сәйкес тағайындалады. Сондай-ақ, санитарлық қағидасы бекітілген. Мұның бәрі мекеме тарапынан үнемі бақылауға алынады. Қазіргі кезде білім ошағындағы асханалар жеке кәсіпкерлер еншісінде. Оларға уақытылы тиісті тексеру жұмыстары жүргізіледі. 2019-2020 жылғы оқу жылының есебімен облыс көлемінде 162 мыңнан астам бала мектепте білім алады. Оның ішінде тұрмысы төмен отбасынан шыққан 27 мыңға жуық оқушы 100 процент ыстық тамақпен қамтамасыз етілген, – дейді маман.
Байқағанымыздай, мектептегі ыстық тамақтың ахуалын мамандар қадағалап отырады екен. Ендігі кезекте тексеріс барысында қандай заң бұзушылықтар анықталғанын білсек дедік. Ойлағанымыздай, көңіл көншітпейтін жайттар бар болып шықты. Алмаш Көшербайқызының сөзінше, кезекті тексеріс кезінде бірқатар білім ошағының асханасында талап сақталмағаны анықталыпты. Мәселен, санитарлық тазалық мәз емес. Желдеткіші істен шыққан, кәріз, су жүйесі бұзылған. Тағам өнімдерінің қауіпсіздігін растайтын құжаттың жоқтығына қоса, піскен және шикі өнімдер бірге сақталған. Бактериологиялық зертханаға алынған сынама нәтижесінде 674 тағам үлгісінің 15 проценті санитарлық нормаға сәйкес емес, ішек ауруларын туғызатын бактериялар анықталған. Нәтижесінде оларға 5 млн теңге көлемінде айыппұл салынған. Қызметкерлер уақытша жұмыстан шеттетілген.
– Қазіргі таңда тұрмысы төмен отбасыдағы мектеп оқушыларын дәруменді ыстық тамақпен тегін қамтамасыз етуде. Ай сайын мониторинг жұмыстары жүргізілуде. Өткен оқу жылына қарағанда тағам түрлері біршама жақсарды. Жеміс-жидектер мен шырындар қосылып, сүт, ет өнімінің мөлшері көбейді. Жасөспірімдер арасында тағамнан уланудан, асқазан ауруларының алдын-алу жұмыстары белсене жүргізілуде, – деді ол бізбен әңгімесінде.
Осы ретте біржақты пікір қалыптаспасын деп, ата-ана мен мектеп ұжымының да ойын білгенді жөн көрдік. Қала тұрғыны, көпбалалы ана Гүлнұр Жылқышиеваның 5 баласы да мектеп жасында. Олардың үзіліс кезінде тегін ыстық тамақпен ауқаттануы ана көңілін жайлы етеді. Дегенмен, кейде оқушылардың тағамнан улануы орын алатынын естігенде өрендері үшін алаңдайды. Сол себепті мамандар тарапынан қатаң қадағаланса дейді.
Ал, қаладағы №4 ІТ мектеп-лицейінің мұғалімі Меруерт Төлежанова білім ұясындағы асхананың жұмысы назарда екенін жеткізді.
– Мектепте оқушылардың 33 проценті тегін ыстық тамақпен қамтылған. Балалардың тамақпен қамтылуын бақылайтын арнайы топ құрылған. Яғни, ата-аналар комитеті, мектеп әкімшілігі өкілдері, медицина қызметкерлері біріге отырып, жұмыс жасайды. Олар тағам сапасына, жарамдылық мерзіміне, тазалық жұмыстарына қадағалау жүргізеді. Соңғы тексеріс бойынша мектеп асханасы талапқа сай екендігі анықталды, – дейді ол.
Қалай десекте, бес саусақ бірдей емес. Бірінде талап сақталса, бірінде жауапкершілік аз. Тек сенім артқан өскелең ұрпақтың өміріне қауіп төнбесе екен дейміз.
Бір айта кетерлігі, қала, аудан, ауыл мектептерінің барлығында бұл мәселе толық шешілмеген. Сөзге дәлел болуы үшін мамандар мәліметіне сүйенеміз. Онда Арал ауданында 5, Шиеліде 2 білім ордасының оқушылары мектептегі ыстық ауқаттың иісін сезбейді.
Наргиза БЕКТАЕВА