Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Абай әлеміне үңілсеңіз...

Абай әлеміне үңілсеңіз...

  Біз Абай жүрегінің тереңіне қанша үңілсек те, оның жұмбақ жанының құпия сырын әлі түсінбей келеміз. Абайдың «алысып өткен мыңы» кім еді? Ол өз заманындағы надандар мен тоғышарлар ғана емес, адам бойындағы мың сан кесел мен кемшілік болатын.
    Абайды әлем жұртшылығы Мұхтар Әуезовтің романы арқылы таныды. Қазақ даласына ХІХ ғасырда жұлдыздай жарқ еткен Абайдай алып тұлғаны Тәңірі халқымыздың бағына тудырған.
Абай әндерінің сөздері   салмақты, ойы терең.
 «Бойы бұлғаң» әнінде:
Бойы бұлғаң,
Сөзі жылмаң,
Кімді көрсем мен сонан,
Тұра қаштым,
Қатты састым,
Бетті бастым жалма-жан, –
Абай надандық қамытын киген айналасынан түңіледі:
Қулық, сұмдық, ұрлықпен
мал жиылмас,
Сұм нәпсің үйір болса,
тез тыйылмас.
Зиян шекпей қалмайсың
ондай істен,
Мал кетер, мазаң кетер,
ар бұйырмас.
Асаған, ұрттағанға ез жұбанар,
Секілді дәулет емес сен қуанар.
Еңбек қылмай тапқан мал
дәулет болмас,
Қардың суы секілді тез суалар.
         Абайдың парасат биігінен жазған есті өлеңі қазіргі қоғамның да жан айқайымен дөп келеді. Қиын-қыстау өтпелі кезеңде ел ырзығын еншілеп, ойына келгенін істеп жүргендер болған. Олар  әлі де бар. Жемқорлықпен күрес тоқтамай жатқаны соның дәлелі.
Алаш жұртының ардақтысы Міржақып Дулатов «Қазақтың бас ақыны Ұлы Абайдың өлген күнінен қаншама алыстасақ, рухына соншама жақындаймыз. Халқымыз үнемі бұл күйде тұра бермес, ағарар, өнер-білімге қанар, сол күндерде Абай құрметі күннен-күнге артар. Халық пен Абай арасы күшті махаббатпен жалғасар. Ол күндерді біз көрмеспіз, бірақ біздің рухымыз сезер, қуанар...» деген екен.
Абай атамыздың қара сөздерін оқи отырып та, философиялық терең ой түйесің. Өмірдің мәні және ғылымның маңыздылығын, діннің тазалығын терең түйсінгенін ұғасың. Түйсініп қана қоймай, келер ұрпаққа оның барлық сырын бүге-шүгесіне дейін қалдырмай, өрнекті ой орамымен, ақиқат шындықпен тағылымдағаны көкірегі ояу, көзі ашық жанға сабақ боларлық дүние. Оның ғибратқа толы қара сөздерінің басты тақырыбы – адам, жеке тұлға,  басты мақсаты – адам тәрбиесі. Адам болғанда да, жан-жақты жетілген, ғұламаның өзі айтқандай, «толық адам». Ол «нағыз адам», «толық адам» қандай болу керек деген сұраққа жауап іздейді. Тағы өзінің қара сөздерінде соған лайықты жауап береді. Ол адамның мінез-құлығын жан-жақты қарастырып, өзін-өзі тануға ықпал жасайтын жол көрсетеді. Пендені жат қылықтан аулақ болуға шақырып, жоғары борыш сезіміне баулиды. Ақын өзінің он жетінші қара сөзінде  «үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деп, толық адамның сан түрлі қасиетін тиісті мінездермен санамалап береді.
Әлем мойындаған Абай Құнанбаевтың қара сөзінің әрқайсысын оқысақ әркімнің өз өмірі көз алдына кино лентасы секілді елестейді. Мен мына жерде қателік жіберген екенмін деп өзіңе іштей есеп береді. Сол қателікті қайталамауға тырысады. Ақылдың көзі, ғибраттың өзіндей кемел сөзді көкірекке тоқисың. Оның өміршеңдігін бар ішкі жан сарайыңмен сезінесің. Әрбір сөзі ту сыртыңнан қамшымен ұрғандай бойыңда ұйықтап жатқан енжарлық пен жалқаулықтың қамытынан босатады. Саған сергектік серік болады. Мәселен, мен Абайдың даналыққа толы қара сөздерін көп оқып, көңіл тереземді тазалап, болашағымның қандай болмағына ойша шолу жасаймын. Тұнып тұрған тағылым сөздің ішінде сіз іздеген қиын сұрақтың шешімі терең таразыланған.
Адамдардың бойындағы жаман қасиеттерін ащы тілмен түйреген, пәрменді сөздермен санасын оятқан. «Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады» деген нақылға дөп келетін өлең жолында «Жек көрсеңдер өзің біл» дейді. «Турасын айтқан туғанға жақпайды» дегендей ғұламаның әрбір насихатынан өмір жолыңа бір ғибратты ақыл табасың. Ашуға булықсаң, сабаңа түсесің, адассаң жол табасың. Әйтеуір күнделікті күйбең тірлікте қолыңа қараңғылықта табылған шырақ секілді сәуле жағады.
     …Қазіргідей заманда Абай жырларына айына емес, аптасына емес, күніне бір үңіліп қоймай болмайды. Сонда жан қинап жүрген қай күмәннің де бәріне жауап таба аласың.»
Бұл сөздер әрбір адамның дұрыс жетілуіне кепіл болатын, коғам өмірінде басшылыққа алатын бағдарламалық ойлар тәрізді.
Бүгінде кейбір жастар  арасында қоғамдық, мәдени орында бір-біріне былапыт сөз айтып, айналасындағы демалып жүргендерге тосын қылық көрсетіп, дөрекі мінезбен өзін батыр көрсеткісі келетіндер кездесіп қалады.  Қоғамдық көлікте  құлаққаппен даңғаза әуен тыңдап, үлкендерге орын бермей, шалқайып отырғанды да көріп, іштей «әттеген-ай» деп бармақ тістейміз.  Қиын жұмыстан қашып, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен күнін өткізіп жүрген жандарды көргенде қарның ашады. Қазіргідей заманда екі қолға бір күрек қайдан да табылады.  Сау адамның жан дүниесі құлазып босқа уақыт өткізгені – бойкүйездік пен жалқаулықтың кесірі.  Айналып келгенде, мұның бәрі Абай атамыздың «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын» деген өлеңіндегі байлам сөздің мазмұнымен үндесіп жатыр.
Қоғамды жемқорлық індеті жегідей жеп барады. Ғаламторды ашып қалсаңыз, сыбайлас жемқорлықтың қақпанына бойында тәлімі мен білімі мол деген  білдей лауазымды қызмет иелері тұтылып жатқанын көреміз. Түкке тұрғысыз азғана пұл үшін бүкіл өмірін тұл етіп,  абырой-беделден жұрдай болуда. «Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң» дегендей дана Абай көрсеткен даңғыл жолмен жүрсек, абыройымызды айрандай төгіп, ар-ожданымызға қара дақ түсіріп қателеспес пе едік, бәлки. Мұның бәрі ұлы тұлғаның көрегендікпен зерделеген қара сөздерінде таразыланып, жіктеліп тайға таңба басқандай айтылады.  «Мен түзелдім, Тыңдаушым, Сен де түзел...» деген бір ауыз сөзбен  адамзат баласын тәлімді, түзу жолға жетелеген  ондай ғұлама біздің қасиетті қазақ халқының маңдайына біткен дара тұлға деп білуіміз керек. Біліп қана қоймай оның салиқалы сөз тіркесінің мәніне зер салып, тұщынып қана қоймай, теңіздей ақылынан тамшыдай болса да ғибрат алуымыз керек. Бүкіл өмір жолымызға қараңғыда адастырмайтын шамшырақ болар туымды сөздер қазіргідей қым-қуыт заманда ауадай қажет екенін білсек қой, шіркін!
Біліп қана қоймай, бойтұмардай кәделеп, жүрек түкпіріне жинақтасақ, тұщынып, қажетімізге пайдалансақ, қысқа өмірде өкініп, бармақ тістемес едік-ау... Әттең...
                                                                               
                                                                                  Гауһар Қожахметова


18 ақпан 2020 ж. 997 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 439 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам