Тұтқынға түскен тағдыр
Міне, тағы ұтылдым. Бүгін де жолым болмады. Алашақ боп кетіп, берешек болып оралдым. Қайырсыз дүние құрдымға сүйреп барады. Бұл ұтылыс пен ұмтылыс қай жағаға апарып соғары беймәлім. Оңаша ойда өз-өзіме есеп бермекке бекіндім. Сүреңсіз кезеңдер неге жиі кезек алып кетті? Ой жетегімен үй маңына қалай жеткенімді де аңғармапын.
Бұл менің үйім. Өзім тұратын көпқабатты үйдің алдында тұрмын. Сағат таңғы төрттер шамасы. Менен өзгенің бәрі қалың ұйқыда. Тек ауланың сыртқы шамдары ғана жарық. Сол сәт тұтас дүние қараңғы болып кеткендей көрінді. Аспандағы жұлдыздардың арасы тым сирек. Қай нүктеге көз тастасам да темірқазығымды таба алмай қойдым. Жоғалтып алғандаймын. Өзімді де. Тегіс жерде неге сүріндім деген сауалдар өзегімді өртеп барады. Үйдегі ұлдың да, қыздың да үлкені мен. Бір құрсақтан туған үшеуміз. Соңымнан ерген інім университет қабырғасында оқиды. Кенже қарындасым мектепті тамамдағалы жатыр. Әкеме қарайласар уақытта бағыттан жаңылғаным үшін арымның алдында ұяттымын. Ердің мойнында қыл арқан шірімес. Қазір тауым шағылар болса, ертең жақындарымның көзіне тік қарай алмаспын.
Үшінші қабатқа ентелеп келемін. Қарсы беттен кім есік ашса да қарауға бетім жоқ. Сылтаудың бәрі сарқылып болды. Құлыпқа кілт салып, ішке ендім. Анам да, әкем де ояу екен. Қонақ күтетін бөлмеде мені тағатсыз тосып отыр. Алыстан қадалған қос жанарды көріп тілім байланды да қалды. Бұл дауыл алдындағы тыныштық еді. Тыныш ұйқысын уайымға айырбастаған анамның бейнесі түпсіз ойларға жетелеп әкетті. Сенделген санам сергелдеңнен шыға алар емес. Әкем «сенен үмітімді үздім» деді. Қабағы қатулы. Жанарында өкініш пен өкпе-реніш тұнып тұр. Бүгін беймезгіл уақытта есік ашқан алғашқы күнім емес. Ойынның әлегіне арбалғалы әдетке айналды.
Анам «балам, бүгін сені теледидардан көрдік» деді. Мен ойымды жинай алмай әлекпін. Сондағы айтпағы көкжәшіктен құмар ойынның құрбандары туралы бағдарлама жүріпті. «Өзіңді көр. Жаныма жайғас» деді ұялы телефоннан әлгі бағдарламаны қайта қосып. Ұйқым шайдай ашылды. Ес жиюға бәлкім осы эфир қажет болған шығар. Айтылған ақылды ұрыс деп түсініп, көп істің байыбына бармаппын.
Жүргізуші алыстан орағытпай төтесінен бастады. Сюжеттегі серілер құрған сауық-сайран маған тансық емес. Аңдатпадан кейін тұтқынға түскен тағдырлар бірінен кейін бірі ортаға шықты. «Азартпен» арпалысқан «ақылдылардың» сөздері расында ой саларлық. Бір қызығы, барын да, жоғын да бәске тіккен бәтшағарлардың жүріп өткен жолдары менікіне келіңкірейді. Қарызға белшесінен батқан кейіпкердің жанайқайын тыңдадым. Құдды бір шытырман оқиғалы кино дерсің. Құрсаудан шыға алмай құрдымға кеткен жігіт жанына жақын адамдарының да сенімінен қалған. Рас, өтірігін білмеймін, 80 миллион теңге қаражат қалтадан көкке ұшты дейді әлгі замандас. Туысы түгілі, туғаны жатсынып, соңғы уақытта іргесін аулақ салған. Бір кездері досқа да, дұшпанға да қарызданып, сарсаңға түскен сәттер болған менде де. Өз портретімді ұялыдан көргенімде кейіпкер кейпіне қалай еніп кеткенімді білмей де қалдым. Өкініштің өкпек желі жанымды қарып барады. Әкем мен анамның айтпағы да осы болар. «Ұлым, ойлан. Өмір өзіңдікі. Маған тиесілі уақыттың көбі кетіп, азы қалды. Мен енді жарты ғасыр жасамаспын» деді әкем бір сөзінде.
Оңаша ойда түнмен таласа таң да атты. Қиял деген жүйрік қой. Бас-аяғы бес минутта балалықтың аспанын кезіп қайттым. Санасы ғаламтордан азат ауыл баласы «азарт» дейтін азапқа неге жеңілді?
Ауылды қалаға айырбастағалы он жылдан аса уақыт өтіпті. Қала өмірі мені мүлдем өзгертті. Мүмкін ауыл асфальтынан ұзамаған балаға бейтаныс қала өмірі таңсық болған шығар. Ауылдың аңғал адамдары қала көшелерінде көптеп кездеспейді. Тек пайдаға жегілген тұрғындар. Құлқынның қамы үшін дос пен дұшпанды бірдей көретіндер. Мен сегізінші сыныпта қала мектебіне ауыстым. Ол мектепте өңкей дөкейдің, бай-бағланның балалары тұрақтаған. Ауыл мектебінде сыныптағы қыз-жігіттермен жарыса оқитынбыз. Қалаға қоныс тепкелі оқу деген қалды өз жайында. Білімге құштар бозбала мен бойжеткенді көрмедім. Қатар қыздармен сауық құрып, күн мен түнім ауысып кеткен күндер жиі болған. Мен араламаған демалыс орындары мен түнгі клуб жоқ шығар мұнда. Аузы ағарғаннан босамаған ауыл баласы алғаш сыраға да ең алғаш сол мезет бағынышты болды. Мендегі сәтсіздікке толы уақытты кері қайтару мүмкін емес. Білемін. Асығым алшысынан түспеді. Өзімнің табиғатымнан алыстап кеткенімді аңғармаппын. Бас қосып, бәс тігу де сол уақыттары басталған-ды. Ұсақ-түйек ұтыста жүріп, қомақты қаражат салып жүргенімді байқамай да қалыппын. Ауыздықпен алысқан асау албырт жастық шағым.
Қайырсыз қағаздарды жоғалтсам да, нағыз байлығымды жоғалтпағанымды түсіндім. Ел ішіндемін. Отбасым аман, бауырым бүтін. Ендігі жерде көкжәшіктегі кейіпкер кейпін сомдағым келмейді. Жеңілдім деп салымды суға кетіруден аулақпын. Жоғалтқан дүниелерім жоқ емес. Бірақ, бәрін кері қайтаруға қауқарлымын. Санамнан саңылау тапқандаймын. Көзімді шел басқан кезеңдер боп қалсын есте. Енді еңсе тіктеу қажет. Жығылсам, қайта тұру – міндетім. Менсіз де букмекерлік кеңсенің есігін қағатын азаматтар аз емес. Ағат бастым. Ойын залында жеңілдім. Бірақ, өмірге жеңілгім келмейді. Тұтқынға түскен тағдырдың кешегі күні күңгірт еді, енді сілкініп, өмірмен күреске бел будым.
Бауыржан ҚОЖАНТАЙ