Шиелі ауданының әкімі тағайындалды
Облыс әкімінің өкімімен, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі және Шиелі аудандық мәслихатының келісімімен Шиелі ауданының әкімі лауазымына Мүбараков Қамбарбек Амангелдіұлы тағайындалды.
Қамбарбек Амангелдіұлы 1973 жылы туған. Қызылорда политехникалық институты мен Қазақ гуманитарлық заң университетін бітірген, «экономист-менеджер» және «заңгер» біліктіліктері бар.
Еңбек жолын Жаңақорған ауданы Өзгент ауылындағы қырманда қарапайым жұмысшы болып бастаған.
1997-2001 жылдары Қызылорда қаласы бойынша салық комитетінде жауапты қызметтер атқарған.
2001-2009 жылдары – Шиелі ауданы бойынша салық комитеті төрағасының орынбасары, Жаңақорған ауданы бойынша салық комитетінің төрағасы, Қызылорда облысы бойынша салық комитеті төрағасының орынбасары.
2009-2018 жылдары Шиелі ауданы әкімінің орынбасары, Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы болған.
2019 жылдың қыркүйек айынан бастап осы кезге дейін Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы лауазымында қызмет атқарып келді.