ӨНЕРІ ӨРЛЕГЕН АҚСУАТ
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында мәдениет саласы да кеңінен қамтылғаны белгілі. Мәдениет және өнер – халыққа ең жақын сала. Өнер иелері қашанда елмен етене араласып, өз қызметін көрсетіп келеді.
Мемлекет басшысы «Мәдениет – елдің ең асыл рухани байлығы, асыл мұрасы» деп атап көрсеткендей, өнер сүйген елдің мәртебесі биік болары анық.
Қалаға қарасты Ақсуат ауылдық клубы осы бағытта нәтижелі қызмет жасауда. Оған барлық қолайлы жағдай бар. Оның құрылысы 2012 жылдан бері қолға алынып, 2013 жылдың маусым айында пайдалануға берілді. Қалалық мәдениет үйі, клубтар және халықтық ұжымдар мемлекеттік қазыналық кәсіпорнына қарасты аталмыш клуб одан кейін Ақсуат мәдениет үйі мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны болып құрылды.
– Ауыл – біздің түп қазығымыз, алтын тамырымыз. Мұндағы мәдениет ұрпақтан-ұрпаққа сақталған салт-дәстүрім, қаймағы бұзылмаған ана тілім, құндылығы арта түскен қолөнерім. Табиғи дауысы таңдай қақтыратын әнші де, домбыраның құлағында ойнайтын күйші де осында, – дейді мәдениет үйінің директоры Асқар Қарабаев.
Осы уақытқа дейін жеткен жетістіктері де баршылық. Облыстық «Үздік клуб – 2013» кәсіптік сайысында жүлделі ІІ орынды иеленсе, қала әкімінің, қалалық мәслихат хатшысының алғыс хаттарымен марапатталған. Сонымен қатар, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен қалаға қарасты елді мекендер арасында өткізілген «Ел іші, өнер кеніші» атты байқауында 2015 жылы – бас жүлде, одан кейінгі жылы жүлделі екінші орын бұйырды.
Мұнда 6 үйірме жұмыс жасайды. «Бұлбұл» ән, «Қызғалдақ» би, «Сарыжайлау» домбыра, «Дарын» көркемсөз үйірмелерімен «Ақбата» әжелер ансамблі бар. Үйірме мүшелері халықаралық, республикалық байқауларға қатысып, жеңімпаз атанып келеді. Атап айтсақ, «Бұлбұл» ән үйірмесінің жетекшісі Салтанат Елібаева республикалық «Жадыра жас дарын» ән байқауының жүлдегері. Шәкірттері Дінмұхамед Ағаділов, Асылжан Мұхамедиярова, Қымбат Хами, Нұрболат Шорабек, Бекарыс Базарбек, Аида Шорабектер әртүрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп, Сырдың мақтаныштарына айналуда.
– «Он балаға ана болған адамға, он бірінші бала болам мен өзім» деп ақын жырлағандай ауылымызда аналарымыздың бастамасы құт-берекеге толы болмақ. Үлкенге ілтипат, кішіге үлгі болған ақжаулықты апаларымыздың амандығын тілеп отырамыз. «Үлкені жоқ ауыл, өрнегі жоқ бөзбен тең» деп атам қазақ бекер айтпаса керек-ті. Ақсуаттың аналарының бастамасымен 2013 жылы «Ақбата» әжелер ансамблі құрылған болатын. Бүгінде әжелер ансамблі облыстық, қалалық байқауларға қатысып жүлделі орындарды алып, өз өнерлерін көрсетіп келеді, – деді А.Қарабаев. Расында да, бұл ансамбль жақында ғана ашылған аналар аллеясының салтанатты шарасына белсене атсалысты.
Ауылдағы мәдениет үйі қызметкерлері ұлттық өнерді дәріптеп, саяси мазмұнды түрлі мәдени-көпшілік шараларды ұйымдастыра отырып, рухани қазынаны өскелең ұрпаққа жеткізу жолында аянбай еңбек етуде.
Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.