ЖАЛАҒАШТА ҚҰДАЙБЕРГЕН БЕКІШТІҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ КЕШІ ӨТТІ
Жалағаш аудандық Қ.Қазантаев атындағы Мәдениет үйінде Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Құдайберген Бекіштің туған жері Жалағаш ауданында шығармашылық кеші өтті.
Бұл шара Елбасының «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жерге тағзым» акциясы аясында өткізілді.
Әнші әндерін орындау барысында өз пікірін білдіріп, халықпен етене сұхбаттасып, емен-жарқын сырласа отырып өнер кешін әсерлі өткізді.
Құдайберген Қалиұлының орындауындағы сазды да назды әуендерді нақышына келтіре шырқағаны көзі қарақты көрерменге қуаныш сыйлағаны сөзсіз. Кеш барысында аудандық мәслихат хатшысы М.Еспанов сөз алып, әншіге аудан жұртшылығының алғысын жеткізіп, асқаралы алпыс жасқа толуымен құттықтады. Және де өнерде орны бөлек әнші Құдайберген Бекішке «Жалағаш ауданының құрметті азаматы» атағын беріп, төсбелгісін табыстады. Өз кезегінде Құдайберген Қалиұлы «...мен өмірімде марапатты көп алдым. Бірақ, маған ыстығы, жүрегіме жақыны, марапаттардың ең жоғарысы да осы болмақ» - деп ағынан жарылды.