Шырын сөздің шоғыры
Өткен апта аймақ үшін өлең сөздің қайнар көзі ашылған күн болды. Бұған дейін «Ұлы даланың ұлағаты» атты республика көлеміндегі көркем ойдың додасы өтіп, Сыр жұртшылығы дүбірлі сөз додасының куәсі болғанына ай толмаған. Енді, міне, арқалы ақындар Ақмешіт шаһарында тағы да бас қосып, айтыс сүйер көрерменге тартысты бәсеке ұсынды. Бұл жолғы сөз жәрмеңкесінің жосығы да, салмағы да, сарыны да ерек. Олай дейтініміз, айтыс тақырыбы қазақтың алып ақыны, ұлы ойшылы – Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналды. «Абай жолымен» атты республикалық айтысының арқалаған жүгі, артқан міндеті ақынның әдеби мұрасы, болмыс-бітімі, шығармашылығының қоғамдық қолданыс аясын кеңейту еді. Руханият қолдаушысы, өнер жанашыры Жүрсін Ерман бастаған жүйріктердің алған бағдары да осы тұс. Ендеше, қызығы мол айтыстағы орамды ойлар мен тапқыр сөздің орайын саралап, айтыстың өту барысын баян етейік...
Нартай Бекежанов атындағы Академиялық қазақ музыкалық драма театры. Сағат – 15:00. Көрермен залында ине шаншар орын жоқ. Тіпті, бас сұғып бір бұрышты еншілеуге де талас бар. Айтыс көрмекке жиылған халық ұлы сәскеден ат шаптырым залды лық толтырғандықтан, уақытында келсе де орын таппаған нөпірдің арлы-берлі сандалысы жиылған жұртқа маза бермеді. Ішке сыймасын сезді ме, мекеме қызметкерлері есіктерді бекітуге мәжбүр болды. Театр сыртында 500-дей адам орын таппай қапалы қайтты. Мұның барлығы айтысқа дейінгі әлек еді. Шараның ашылу сәтінде Жүрсін Ерман жиылған көптің кеңпейіл ықыласы мен ақжарма ниетіне алғаусыз алғысын білдіріп, аймақ басшысына Қызылордадан айтыстың ақ сарайын соқтырса деген тілегін жеткізді. Ел де үздіге отыр екен, ұсыныстың артын ала қошеметпен қолдайтынын аңғартты...
Жүрсін Ерман тізгіндеген сөз додасында Серік Құсанбаев (Өскемен), Әсем Ережеқызы (Нұр-Сұлтан қаласы), Айбек Қалиев (Арқалық қаласы), Жансая Мусина (Орал қаласы), Аруна Керімбек (Ақтөбе қаласы), Сұлужан Таубалды (Алматы қаласы), Аян Ниязбек (Шымкент қаласы), Аспанбек Шұғатай (Павлодар қаласы) секілді әр аймақтан жиылған жүйріктер сынға түсті. Сондай-ақ, Кенжебай Жүсіпов бастаған Мұхтар Ниязов, Мейірбек Сұлтанхан, Бексұлтан Орынбасар сынды жергілікті ақындар да жыр додасында бақ сынасты.
Кезекті сөз тізгінін алған айтыс ақберендері ұлттық мұраны дәріптеуге ынталы екенін атап өтті. Жергілікті тұрғындармен айтыс тамашалауға келген облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов ұлы өнерді қолдауға, рухани құндылықты жас ұрпақ тәрбиесіне қолдануға қашан да дайын екенін жеткізсе, «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек биыл түрлі деңгейдегі 77 айтыс өтетінін сүйіншіледі.
“Қоржыннан шыққан” ақындар
Соңғы уақытта ел арасында айтысты жаттанды жыр мен келісімді сөздің алаңына айналды деген пікір бар. Қарсыласпен уағдалы тартысты көз қылып, алдын-ала дайындалған “сценарий” аясында халықты алдау өнерге – жат, сенім артқан жұртқа – қиянат екенін зиялы қауым да айтуда. Сондықтан, соңғы өткен сөз додасында адалдық туын аспандату үшін, қарсыластарды жұптауды жеребе сәтіне тапсыру дағдыға айналған. Яғни, әр айтыс алды сахнаға ақындардың есімі жазылған қоржын әкелініп, көрерменнен екі өкіл жұптарды анықтайды. Ашықтық пен әділдіктің шеңберіндегі қадам «Абай жолымен» атты республикалық айтыста да қолданылды.
“Құпия қоржыннан шыққан” ақындардың алғашқы жұбы – шымкенттік Аян Ниязбек пен Сырдың ақыны Кенжебай Жүсіпов. Айтыскерлер қоғамның жай-күйі мен тыныс-тіршілігі төңірегінде ой бөлісіп, екі буынның айырмашылығын әзілге сүйене айшықтауға тырысты. Әсіресе, «ең жақын қаладан» келген Аянның Шиелінің сақа ақыны Кенжебай Жүсіповке деген інілік ізеті көпті сүйсіндірді.
Жеребе арқылы жұптасқан келесі ақындар ішінде осалы жоқ. Сахнаға халықтың қошеметі мен құрметін ала шыққан «Айтыстың ақтаңгері» Мұхтар Ниязов пен Арқалықтан айбынды жырымен жалындап жеткен Айбек Қалиев додадағы салмақты сөздің егесі екенін білдірді. Алғаш сөзді бастаған «Айтыстың ақтаңгері» Мұхтар Ниязов:
Бүгінгі талап басқа, тілек бөлек,
Кім келерін білмейсің сай қасыңа.
Барлығы да көз көрген ақындар ғой,
Мерейіңді отырар қайта асыра.
Жаттап алған шумақты аз айтамыз,
Шаппа-шаппен көрейік байқасып, ә?!
Сіздер де куә болып қайтыңыздар,
Шынайы шайырлардың шайқасына.
Көрісіп,келіспеген ақындардың,
Өліспей беріспейтін шайқасына, – деу арқылы суырып-салма өнердің әділ бағасын көрсетсе, Айбек Қалиевтің өңірдегі экологиялық ахуал, «Мәңгілік ел» ұстанымы аясындағы тартымды жырларына қанықтық. Әсіресе, тыңдарманды таңқалдырған тапқырлық қос ақынның Абай мұрасын насихаттауда «Бес асыл іс» пен «Бес дұшпан» идеясын дәріптеп, аталған қасиеттерді бүгінгі қоғам бойынан іздеуінде жатыр. Өлең сөзбен өмірлік қағидаларды шашау шығармай санамалап, көрерменді салмақты ойға жетеледі. Бұл да болса, ықтиятты дайындық пен тәжірибе үстемдігінің белгісі.
Кейінгі айтыскерлер де Абай дәуірі мен ортасын көркем суреттей білді. Талай жыр бәйгеде олжалы оралған Мейірбек Сұлтанхан мен Аруна Керімбек қыз бен жігіт айтысының нәзік иіріміне ұлттық тәлім-тәрбие, отбасы құндылығын шебер астастыра білді. Ұлы ақын тәрбиесінде маңызды міндет атқарған Ұлжан ананың парасат-пайымы, Зере әженің мейірім-жылуы көпке үлгі екенін алға тартқан жүйріктер бүгінгі буынға өнеге көрсете білді. Сондай-ақ, Абайдың әділ болмысы, турашылдығы да ақындар жырына арқау болды. Екі ақынның ең басты жетістігі байсалды сөз сайысы ұсына білуінде еді.
Келесі айтыскерлер де қазақы болмыстың бітім-бедерін әспеттей білді. Саңлақ айтыскер Серік Құсанбаев пен жас ақын Сұлужан Тауболдыны тұрмыстық мәдениет туралы толымды пікірлерін ортаға салып, көрермен ықыласына бөленді. Көрікті қыздан көркем ойдың ұшқыны байқалса, сақа ақыннан салмақты сөздің арыны сезілген. Ә, дегеннен өзара сыйластық пен жөн-жоралғы төңірегіндегі айтыс қазақы салт-дәстүрдің құндылығын асқақтатқан еді.
Жеребенің жетегі сахнаға Сырдың ұлы Бексұлтан Орынбасар мен әйгілі Жансая Мусинаны шығарды. Аралдық жас ақынның арыны Жайықтың кербез сұлуын біраз әбігерге салды. Ескі айла, көне тәсіл жас буын ақынға тосқауыл болсын ба? Алғашқы пәттен пәрменді қадам жасап, орамды ойымен “әпкесін” ықтырған Бексұлтан Орынбасаров өз талантын мойындата білді. Жансая Мусина үстемдік тізгінін қолында ұстауға қанша талпынғанымен Арал ұлының бәсі биік болды. "Жығылсаң, нардан жығыл" деген Бексұлтанның тапқырлығы мен Жансаяның әзілді қағытпасы көрерменді бір желпіндіргені байқалды. Айтыстың қызар тұсына жеткенін сезген халық та айқай-шу мен қиқуды қос ақыннан аямады. Болар баланың болмысын тани біліп, тәжірибелі ақынның танымын саралай білген әділ қазы мүшелері айтыскерлерге ең жоғары бағаны таңды.
Соңғы жұптың көтерер жүгі жеңіл емес. Олар Аспанбек Шұғатаев пен Әсем Ережеқызы. Осылайша, алғашқы айналым мәресіне жеткен еді. Абайдың ағартушылық тұлғасын айшықтап, философиялық көзқарасын өлең сөзбен қаузай білген ақындар тартысты өнер көрсетті. Тіпті, хакімнің шығармаларындағы ой еркіндігі, таным тереңдігін жаңаша тәпсірлеуге тырыса біліп, Абай образын ашуға, жас буынға насихаттауға талпыныс жасалды. Кәделі сөздің келісті орамдарын ақтару арқылы, өзекті тақырыптардың шешім жолын ұтымды ұсыныспен жеткізе білді. Жиылған көптің көңіл таразысын салмақтай біліп, білім биігіне ұмтылған ақындардың бірі екенін аңғартты. Бір-біріне ықыласы ерекше айтыскерлер өзара тілек биігінде қоштасты. Сөз соңында Әсем қыз:
Шашаңа шаң жұқтырмай аламанда,
Жарқырап ақ маңдайың келе берсін, – деп қарсыласына ақ жол тіледі. Осылайша, тартысқа толы алғашқы айналым мәресіне жеткеніне куә болдық.
Сөз сайысының соңғы кезең ақшам ауа басталды. Үзіліс, күн райы, уақыт ауанына қарамай, алғашқы жиылған көрермен соңына дейін аламан айтысты тамашалауға қалды. Осы сәтте, қазақтың сөз танымы мен ұлттық өнерге деген құрметіне қалайша бас имейсіз?!
Ақтық мәреде үш жұптың бағы жанды. Қазылар алқасы жеребесіз қосақталған Мейірбек Сұлтанхан мен Бексұлтан Орынбасаров, Аспанбек Шұғатаев пен Әсем Ережеқызы, Мұхтар Ниязов пен Жансая Мусина «Абай жолының» жеңіс мәресіне талпынды.
Жансая Мусина мен Мұхтар Ниязовтың ақтық сайыстағы кездесуі әсерлі сезімдер мен әзіл-қалжыңға құрылды. Абайдың болмысын ашуға қос ақынның қадамы да сәтті нәтиже беріп, бір-бірінен аса шоқтығы биік шумақтарды көпке тарту етті. Соның бір парасы Мұхтар Ниязовтың:
Қазақтың көп болғанмен оқығаны,
Абайдан ой айтқан жоқ өтіп әлі.
Әлемге тау тұлғаны тарту еткен,
Жатаған Шыңғыстаудың шоқылары.
Хакімді алға биік ұстай білсек,
Халқымның мүмкін емес тоқырауы.
Шығыстан Күнмен бірге шыққан Абай,
Батыстан күн шыққанша оқылады, – деген ғажайып қайырымы тақырыптың түйіні болғаны анық.
Мейірбек Сұлтанхан мен Бексұлтан Орынбасаров, Аспанбек Шұғатаев пен Әсем Ережеқызы да ақын өмірінің қыр-сырын саралап, кестелі көркем ойдың тиегін ағытты.
Айтысқа Халық ақыны, ҚР мәдениет және білім саласының үздігі, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті жанындағы "Өнер" студиясының директоры Әсия Беркенова, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, республикалық "Жұлдыз" журналының бас редакторы Ғалым Жайлыбай, белгілі жырау, Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алмас Алматов, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, журналист, публицист Жанарбек Әшімжан, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Орал қаласындағы Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының басшысы Бауыржан Қалиолла қазылық етті.
Бес сағаттан аса тартысты сөз додасында бас жүлде "Айтыстың ақтаңгері" Мұхтар Ниязовқа бұйырса, І орынды Жансая Мусина иеленді. Ал, ойлы орамымен көпті таң қылған Әсем Ережеқызы ІІ орынды, Мейірбек Сұлтанхан мен Айбек Қалиев ІІІ орынды қанжығалады.
Ерсін ШАМШАДИН