Қамшыбек Қоңқабаев бір жекпе-жек өткізіп, Олимпиадаға жолдама алды
Иорданияның Амман қаласында өтіп жатқан бокстан Олимпиадаға іріктеу турнирінде тағы бір боксшымыз жартылай финалға шығып қана қоймай, Токио Олимпиадасына жолдама жеңіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аса ауыр салмақта (+91) сынға түскен Қамшыбек Қоңқабаев жарысты бірден ширек финалдан бастаған болатын. Ол алғашқы айқасында қытайлық Маймаийти Аемайитиді айқын басымдылықпен ұтып, жартылай финалға шықты. Сондай-ақ, Олимпиада ойындарының жолдамасын қанжығасына байлады. Бұл Ғалымбек Кенжебаев баптайтын ерлер құрамасының Олимпиадаға жеңіп алған бесінші жолдамасы. Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін 69 келі салмақта Абылайхан Жүсіпов, 81 келі салмақта Бекзат Нұрдәулетов, 91 келі салмақта Василий Левит , 75 келі салмақта Әбілхан Аманқұл Токио Олимпиадасына жолдама жеңіп алған болатын. Сондай-ақ, әйелдер құрамасынан 75 келіде қазақстандық боксшы Надежда Рябец те Токио Олимпиадасына лицензия ұтып алды. Осылайша бүгін бір күнде қазақстандық боксшылар ел қоржынына бірден Олимпиада ойындарының 6 лицензиясын сыйлады.