Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Тіршілігің қалай, Талсуат?

Тіршілігің қалай, Талсуат?

Күре жол мен дарияның арасын қосқан, төңірегі жасыл желекке оранған, халқы ынтымақты, тіршілігі түзу, аумағы кең ауылды көргің келсе Талсуатқа бар. Ал, біз бардық. Ел ішіне еніп, тұрғындармен етене тілдестік. Ендеше әңгімені осыдан бастасақ деймін.
Дарияның иірімі оралып, қайта арнасына түсетін тұсын нағыз тораңғыл орман тектес табиғаттың керемет тылсымы дерсін. Жанға сая, дертке дауа болатындай демалыс аймағына ұқсайды. Мал екеш мал да түс әлетінде осында құлап, бауырын жазатын еді. Суаттан қанып су ішетін. Осындай шөбі шүйгін, жайылымы кең, суы мол, ыстық-суықта пана аймақты ел Талсуат атаған екен. Бұл жер жергілікті бай қазақтың мекені, жайылымы болатын. Бертінде орыстар келе бастады.
Рас, ауылдық округтер ішінде ұлты көп, бірақ бір қазанда қайнаған қаймақ секілді іргесі сөгілмеген, ізеті үзілмеген, іргелі қасиетін қанықтырған озық орны бар мекен деп ұқтық. Білуімізше, 1853-1854 жылдары Ресейден жер аударылып, осында қоныстанған орыстарға Талсуат туған еліне айналды.Алдымен «Колос» колхозы, сосын Александровский, Геолог атауын иеленген ауылдың тарихы тереңде жатыр. Бүгінде округте 2180 адам тұрады, оның 11-і басқа ұлт өкілі. 2005 жылдың 5 қаңтары Талсуат ауылдық округі құрылған күн.

Көшесінде Абайдың...
Ауылдың бас көшесі ұлы ақынның атымен аталады. Бас көше болған соң ауылды қақ жарып тұр. Барлық әлеуметтік нысан, кәсіпкерлік құрылым, жарамды үй осы жолдың бойында.Келген қонақты да осы көшемен алып жүреді. Бәрі де жақсы, бірақ... көшенің сиқы кеткен. Кедір-бұдыр. Баяғы асфальт мүжіліп, мұң шаққандай көріністі ұялатты. Көлікпен қабаттасып халық жүр. Ұлы Абайдың 175 жылдығы мерекесінде өз көшесі өгейсіп тұрғаны ыңғайсыздау екен. Бұл жайлы ауылдық округ әкімдігінде сөз қозғалған еді, олар бізді қуантты.
Ауыл әкімі Болатбек Нұрлыбаевтың кабинетіне бас маманы, жетекші маманы бар, негізгі қызметкерлер жиналды. Мәселе ауыл тақырыбын талқылау тұғын. Өзекті деген Абай көшесі де көтерілді.
–Жол проблемасының туындағыны бүгін емес, ол біршама уақыттан бері қозғалып келе жатыр. Ауылда 31 көше, тұйық бар. Оның 7-еуі асфальтталған, 10-на тас төселген, 14-і қара жер. Қала әкімінің қолдауымен биыл 17,5 млн теңге бөлініп, екі көше жөнделеді. Оның ішінде Абай көшесі бар. Көше бойына жаяу жүргіншілер жолы да қарастырылған, – деді Болатбек Қалиұлы.

Жұмыссызы жоқ ауыл
Мұндайды әлі кездестірмеппіз. Тіпті бүкіл Қазақстанды айналсаң да мұндай дерек жоқ. Ал, алақандай Талсуаттан тауып отырмыз. Қуандық. Лайым осы қатарға басқа ауылдар да қосылса қандай ғанибет.
Шынтуайтын айтқанда, ауылдағы жұмыссыздық 0,5 процент екен. Яғни жоқтың қасы. Қалаға қатынап, қызмет істейді, мұна бөлек іргедегі облыстық жүйке аурулары интернаты, мүгедек жандар мен жүйке науқасы бар азаматтарға арналған заманауи үлгідегі 3 орталық ауыл халқын жұмыспен қамтып отыр. Ал, кәсіпкерлікпен айналысатыны да жетерлік. Қысқа қайырғанда, қамсыз-қаперсіз отырған қолы бос кісі кем.
Жер телімі
Ауылдың өмірі өскелең жағдайға жеткен сайын тұрғындардың сұранысы да өсе түседі. Бұл заңдылық. Бүгінгі тіршілікке үңіліп көрдік, қала орталығында жоқ үйлер мұнда бар. Коттедждер пайда болған. Демек, ауылға көшіп келу процесіжүріп жатыр.
Статистикалық мәлімет бойынша ауылда жер теліміне 425 адам өтініш білдірген. Жерге мараторий жариялануына байланысты жер телімін беру тоқтап тұр.Оның үстіне жер телімі үшін көп шаруа керек. Көше тартылып, инфрақұрылымы жасалуы тиіс. Қазіргі қажеттілік мұнымен шектелмейді. Ауылда мәдениет үйі апатты жағдайда. Жаңадан салудың да өз талабы бар. Сметалық-жобалық құжатынан бөлек мемлекеттік-жекешелік әріптестік жүйе арқылы жүзеге асыру жүктелген. Округ әкімдігі де ғимаратты 15жылдан бері жалға алып отыр. Ол да бір өзекті мәселе.
Ауыл аумағындағы Стройтель және Дружба сайжайларындағы тұрғындар есепке кірмегенмен балалары №178 орта мектепте оқиды. Оларды арнайы көлікпен тасымалдайды.

Жаңа цехтың жаңалығы
Абай көшесінің аяғындағы Жарқынбековтер отбасына бардық. Осында жаңадан цех ашылған. Қызы Ұлбазар Әбілда 29 жасқа дейінгі жастар үшін берілген мүмкіндікті пайдаланып, Өңірлік инвестициялар орталығы арқылы жеңілдетілген 6 процентпен 8 млн теңге несие алып, ресейлік қондырғыларға қол жеткізген.
Аулаға жайлы орын дайындап, жаңа баспанаға орналастырылған цех бір үйдің берекесі ғана емес, сүт өнімдерімен ауыл мен қаланы қамтамасыз етуге лайықтылыпты. Іс алға басқан.
Біз барғанда алдымыздан анасы Қарлығаш Манасова шықты. Өзі мектепте орыс тілі мен әдебиетінен сабақ беретін ұстаз.
–Бизнес деген көптің жұдырықтай жұмылып жұмыс жасау үлгісі екен. Мен мектептен келген бойда осыған кірісемін. Қызымның қолы тие бермейді. Науқас баласына қарайды, емдету жолында жүр. Жолдасым Қожабай «ҚазГерМұнай БК» ЖШС-інде еңбек етеді. Ол да қолы қалт етсе жәрдемін аямайды. Ал, күйеу бала Әділбек сүт тасымалымен айналысады. Былай қарағанда бос адам жоқ. Бизнес деп бел буған соң шегінетін жер қалмады. Несие жетімсіздігі кейбір қажетті құрылғыдан құр қалуға итермеледі. Амал жоқ, өз қалтамыздан 4 млн теңге қосып, толықтырдық. Есесіне біршама өнім өндіру іске асты. Қазір құрт, ірімшік, қаймақ, бринза шығарып келеміз. Мына қондырғы қаймақты құтыға құяды. Ал, мынау петропакке орналастырады. Айранды да шыны ыдысқа құятын технология автоматты түрде орындалады, – деді ол.

Малға жайлы мекен
Өткен жылы кәсіпкерлік нысан 94 болды. Бұл 21,3 процентке өскенін көрсетті. Мемлекет тарапынан алынған несие де ауқымды. Оны талдап жатуды қош көрмедік. Ауыл алқасын аралап жүріп, далалық жердің кеңдігін көрдік. Дария болса іргеді. Есеп бойынша 363 гектар жайылымдық бар. Жеке шаруалықтарда 947 мүйізді ірі қара, 1109 қой-ешкі, 10 түйе,107 шошқа, 180 жылқы,738 құс бар көрінеді. Демек, дамудың деңгейі байқалады.
Біз «Сералхан» ЖК келдік. Қора ішінде қызу еңбек жүріп жатыр. Есік алдында жиырмадай жылқы тұр. Бір жағынан сиырды қораға қамап әуре. Аула қаз, тауыққа толы. Бұл – Сүйіндік Сыздықтың бизнесі.
Сүйіндік түрлі кәсіппен айналысады. Байыз тауып тыныш отыра алмайтын азамат. Ал, мына төрт түлік ұстау оның қызығушылығынан туындаған. Оған туған-туыстары көмектеседі.
–Қазақпыз ғой, мал, етсіз отыру әбес іс. Сондықтан қора-жай салып, осындай тіршілікті бастадық. Жем-шөпті сатып аламын. Бір ауық сыртқа шығарып, су ішіп қайтады. Негізінен қолда. Бордақылауға да мал ұстаймыз, – дейді кәсіпкер.
Қоғамдық негіздегі қызмет
Ертеректе бір девиз болды: «Біреу бәрі үшін, бәрі біреу үшін» деген. Осы қағида да ауылда сақталған. Қай мәселе туындаса қоғамдық кеңес, ардагерлер мен әйелдер кеңесі бас қосып, бірлесе шешеді. Оған жастар ұйымы мен көше комитеттері де атсалысады. Қазір мал ұрлығы азайды. Ауылдың негізгі мәселесін ақылға салып, ортақ мүддеге орайласқан. Биыл жасалуы тиіс жұмыс жетерлік. Көшеден өзге жарықтандыру, жаңадан қоныстанғандарға ауыз сумен, электр қуатымен қамтамасыз ету, спорт алаңдарын салу секілді шаруа күтіп тұр. Жыл сайынғы дәстүр осы.

Атына заты сай
Заңғар десе, заңғар екен! Бұл – ауылдағы 90 орындық балабақшаның атауы. Екі қабатты ғимаратта орналасқан бүлдіршіндер ордасы өзінің ерекше безендірілуімен көз тартады. Ауласының бір бұрышынан орын тепкен этно ауылға бірден назар ауды. Жасыратыны жоқ, мұндайды қаланың «мен» деген бөбекжайынан да кездестірмейсіз. Міне, нағыз ауылға тән көрініс. Есік алдынан қарсы алған балабақша әдіскері Жанна Рахметова қызығушылықты байқаса керек, этно ауылдың тыныс-тіршілігімен таныстыра бастады. Балалардың бойына ықшамдалып жасалған киіз үйдің есігі күн жылысымен айқара ашылады екен. Сырттай шағын көрінгенімен іші өрендерге кең. Охоу, мынаны қараңыз, ішінде шаңыраққа ілінген желбауы бар екен. Оған қоса, ұлттық нақышта безендіріпті. Байқасақ, сәндік үшін жасалған дүние емес, өскелең ұрпаққа ұлт мәдениетін танытар үлгілі іс. Алда ұлттық мейрам, жаңа жыл – Наурыз мерекесі келе жатыр. Балабақша ұжымы бұл күнді өрендермен бірге қазақы нақышта тойлайтыны анық.
Одан әрірек әр топқа арналған күркелер орналасыпты. Айналасы жып-жинақы, артық-ауыс зат жоқ. Ашық алаңға карусель, әткеншектер қойылған. Ыстық күнде ауа салқындатар фонтан да бар екен. Жаздыгүні аула алуан түске боялады дейді. Онысы жағалай отырғызылатын гүл көшеттері. Бүршік жарып, гүл жайқалған шақта бұл маңнан кеткің келмей қалады-мыс. Балабақшаның бір кемшілігі акт залдың жоқтығы. Есесіне, аумағы үлкен сахналық алаңы бар. Байқауымызша, мекеме меңгерушісі Күлсін Оралқызы ұлттық құндылықтарға баса мән беретін сыңайлы. Себебі сахна төріне үлкен шаңырақ бейнесі орнатылған.
Есіктен ене берген бізді тағы да көз жауын алар безендірулер таң қалдырды. Құдды табиғат аясында жүргендейсің. Жылдың төрт мезгілі бақша қабырғасында әдемі суреттелген. Одан бөлек түрлі кейіпкер бейнесі, танымдық дүниелер үйлестірілген. Ұлттық киімдегі қуыршақтар, құрақ көрпе, сандық сынды қазақы бұйымдар да бар. Тамаша.
Бұл бөбекжайдың ашылуына мұрындық болған ауылдың бұрынғы әкімі Тастайбек Мұсабаев екен. Бөтеннің теңгерімінде кеткен нысан қалалық білім бөліміне қайтарылып, нәтижесінде 2014 жылы «Балапан» бағдарламасымен жаңа балабақша ашылады. Қазір мұнда 90-ға жуық бала тәрбиеленуде. Оларға 18 педагог маман, 25 техникалық қызметкер қызмет етеді. Жаңа заман талабына сай ағылшын, орыс тілі маманы мен дефектолог, логопед, педагог-психолог, мейірбике жұмыс істейді. Әрқайсысы өз міндетіне жауапкершілікпен қарайтыны көрініп-ақ тұр. Мәселен, мейірбике әр баланың келген кездегі температурасын өлшеп, үсті-басында жара немесе жарақат жоқтығын тексереді. Үш ай сайын бойы мен салмағын өлшеп отырады. Сондай-ақ, оларға әзірленетін ас-судың құрамына, тағамның жарамдылығына да жауапты. Ас мәзірі де күнде-күнде қайталанбайды. Тазалығы мұнтаздай. Күнделікті жұмыс барысы осындай тәртіппен басталады.
Өскелең ұрпаққа өнеге беруде талапқа сай қызмет етіп жүрген ұжымның өрендермен бірге жеткен жетістігі де жетерлік. Ауыз толтырып айтарлық жеңістерін сөре үстінде қаз-қатар тізілген дипломдар мен кубок, медальдарынан-ақ аңғардық. Бәрінен бұрын бала тәрбиесінің бастауы болған балабақшаның ұлттық құндылыққа баса мән беруі ерекше қуантты.

Тоқсан жылдың толғауы
Ауыл сонау 1929 жылы «Колос» колхозы болған тұста ең алғашқы білім ордасы да бой көтерген. Қазіргі №178 орта мектеп сол кезде орыс бастауыш мектебі ретінде ашылған екен. Себебі белгілі, өзге ұлт өкілдері көп шоғырланған. Ұстаздары түрлі ұлттан құралған. Кейін «Шайкөл» деген атқа ие болып, 7 сыныптық орыс-қазақ мектебі болады. Айтсақ тарихы терең, ғасырға жуық ғұмыры бар. Бір кездері Сырдария өзені арнасынан тасып, мектепті су шайып кеткен жағдай да болыпты. Десе де мұғалімдер күшімен қайта тұрғызылып, бертінге дейін жеткен.
Мектеп ғимараты 2007 жылы жаңа үлгімен 150 орынға есептеліп қайта салынды. Бүгінде заман талабына сай асхана, спорт залы, шеберханасы, зертханалық кабинеті жабдықталған, тіпті, кей мектепте жоқ жылыжайы бар.
Арнайы келген бізді тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ерлік Оспанов қарсы алды.
– Мектепте қазір 368 оқушы оқиды. Отызға жуық өрен мектепалды даярлық сыныбына келеді. Білім ошағының тарихы терең, былтыр 90 жылдық мерейтойын тойладық. Жалпы, жаңа ғимаратқа көшкелі 10 жылдан асты. Заманауи құрылғымен толық қамтылған. Ғаламтор желісі, интерактивті тақта іске қосылған. Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде 8 камера орнатылды. Тұрмысы төмен отбасынан шыққан 60 оқушыға тегін ыстық тамақ беріледі. Жалпы, ауыл балаларының алаңсыз білім алуына жағдай жасалған,– деп біраз жайтқа қанықтырды.
Қашанда мектеп абыройы ұстаздары мен оқушылардың жеңісімен артады емес пе? Бұл руханият ордасы ғылыми жоба, олимпиада жеңімпаздары да, грант иелері де,спортшылар да жетерлік. Биыл мектепті 8 оқушы бітіреді. Оның 6-уы ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысады. Былтыр тестілеуге қатысқан оқушылар түгел дерлік жоғары ұпай жинап, тегін білім алуға қол жеткізген екен. Осы үрдіс бұл жылы да қайталанды деген ұстаздардың шәкірттеріне сенімі зор.

Мұражай мен жылыжай
Айта кетсек, мектеп ішінде мұражай, ауласында жылыжай жұмыс істеп тұр. Мұражай іші ауылдың өткені мен бүгінгі тарихынан сыр шертеді. Одан бөлек, ертеректе кеңінен қолданған бұйымдар, соғыс жылдарынан естеліктер жинақталған.
Ал, «Жас өркен» жылыжайынан былтырғы оқу жылында 2 рет өнім алыныпты. Қазіргі таңда жаңа көшеттер отырғызылған. Сырты поликорбонатпен қапталған бақшаның ішкі климаты өнімнің шығуына қолайлы етіп жасалыпты. Күнделікті бақылап отыратын маманы да бар. Оқушылар үшін тәжірибе алаңы. Алынған өніммен мектеп асханасын қамтып отыр. Енді оны көкөніспен толықтай қамтамасыз етсек дейді. Ол үшін шағын жылыжайды алдағы уақытта үлкейту жоспарда бар.

Мұнда 11 ұлт өкілі тұрады
Қазақстанды бүгінде әлем жұрты татулық пен келісімнің ұясына балайды. Құшағына жүзден аса ұлт пен ұлыстың ұрпағын сыйдырған елдің ынтымағына сүйсініп те, сұқтанып та қарайтындар аз емес. Себебі аз уақыттың ішінде етек-жеңін жиып, береке-бірлігін бұзбастан өзіндік саяси және экономикалық жүйесі бар тәуелсіз мемлекетке айналды. Құшағы кең қазақ босып келдің деп бетіне баспай, тағдыр талқысымен дәм-тұзы киелі мекеннен бұйырған адамды бауырына басты. Құшағы кең қазақ елі көптеген өзге ұлт өкіліне құшағын ашты. Қала іргесінде Талсуат елді мекенінде тек қазақтар емес, өзге ұлт өкілдері де қазақ тілінде емін еркін сөйлейді.
Талсуат ауылында татулық басты құндылық қағидасын берік ұстанады. Олар қазақтың тарихына қанығудан бас тартпайды. Өзге ұлт демекші, Талсуат елді мекенінде бір емес, он бір ұлттың өкілі тұрады. Орыс, кәріс, татар, қарашай, беларусь, украин, шешен, тарвей, орыс, өзбек, грек, қазақ халқымен біте қайнасып, аралас-құралас тұрып жатыр. Солардың бірі – ұлты неміс Нина Попова.
Нина апайды мұндағы тұрғындардың барлығы таниды. Ол қазақ жерінде үш қыз тәрбиелеп өсірді. Алина, Света және Оксана. Оксана Мәскеуде тұрмыста. Ал Алина өзбек ұлтына тұрмысқа шықса, Света армян ұлтына тұрмысқа шыққан. Нина апай қала орталығындағы №5 мектепте 37 жыл мұғалім болған. Бүгінде зейнет жасында. Апайдың алты немересі бар. Олар да ауыл балаларымен қазақ тілінде сөйлеседі. Ауыл ішінде болатын мәдени шараларға жиі қатысып, белсенді жүреді. Ынтымағы жарасқан ауылда бір-бірін ұлтқа бөліп жүрген ешқайсысы да жоқ. Қай ұлт өкілімен тілдессеңіз де қазақ халқының тіліне шорқақтық танытпайды. Керісінше, мақалдап, астарлап сөйлегенде қала қазақтарын далада қалдырады.
– Біз Талсуат елді мекеніне 1989 жылы көшіп келдік. Содан бері ауыл тұрғындарымен біргеміз. Балаларымның барлығы Қазақстанда дүниеге келген. Мұндағы тұрғындар менің туысқаным болып кеткен. Ешкіммен ұрыспаймыз, татумыз. Қазақ халқы қонақжай, ауызбіршілігі мықты. Барлығы көшеден көрсе сәлем береді. Бұл – үлкенді құрметтеу. Тұрғындар мені мереке, тойлардан қалдырмай, шақырып тұрады. Олардың салт-дәстүрлерімен де танысып үлгердім. Қала орталығындағы Достық үйіне мереке күндері барып тұрамын. Онда жиналған өзге ұлт өкілдерімен бірігіп өнер көрсетеміз, – деді Нина Попова.
Талсуат елді мекеніндегі тұрғындар өзге ұлт өкілдерінің қуанышына бірге қуанып, мұңайса бірге мұңаяды. Бұл ауылда мұңнан гөрі қуанышты сәттер көп. Өйткені, мұндағы он бір ұлттың бір-бірімен жарасымды әзілі бар. Татулығына сына бойламайды. Демек, ынтымағы жарасқан ауылдың келешегі кемел, түтіні түзу ұшарына кепілміз.

Алтын қолды ақсақал
«Аулыңдағы қария жазулы тұрған хатпен тең» деген даналық сөз бар. Әр ауылдың ақылшысы, дариясы, жол сілтер көсемі болмаса ел жетім. Сол сияқты ауылына ақылын айтып, ұрпақтарына жол көрсеткен Жанәлі атамыз. Атамыздың өмір жолын үлгі ету мақсатында жолымыз түсіп, қарашаңырағына атбасын бұрған едік. Жетпістен асып, сексенге аяқ басқан қарияның шаңырағы берекелі де мерекелі екендігін бірден аңғардық. Қазақтың дәстүрін дәріптеп, салтына салмақпен қарап, өткені мен келеріне талдау жасап отыратын Жанәлі атамыздың әңгімесі маңызды, сөзі мағыналы. Амандық-саулық сұрасқаннан кейін дүниеге келгенінен бастап, өмір жолындағы көрген-түйгендерін, еткен еңбектерін жіпке тізіп шықты.
Бүгінде ақсақалдын ұлы ержетіп, отау тігіп, қызы бойжетіп, тұрмыс құрған. Қазір немере сүйіп отырған Жанәлі ата Алладан осылардың амандығын тілеп отыр. Темір жол саласында 12 жыл инженер-механик болып еңбек етеді. Одан кейін көліктік бақылау саласында 30 жыл жұмыс істейді.
Көп жылдар бойы қызметте болған Жанәлі ақсақалдың жасы жетпістен асса да кәсіппен айналысып, жастарға үлгі болып жүр. Көктем келсе қария бір тыным таппайды. Өйткені оның бау – бақшасы жасыл желекке оранады. Жанәлі ақсақалдың бақшасын ауыл тұрғындарының бәрі біледі. Мұнда алма, алмұрт, жүзім, шабдалы, өрік, тіпті абрикосқа дейін өседі.
Жанәлі ақсақал да жаздыгүні бау-бақша дақылдарын сатып алмайтындардың қатарынан екен. Себебі, көктем басталғаннан ауладағы аядай ғана жерді аударып, қарықтайды. Содан соң арнайылап тегістелген жерге қызанақ, қияр, болгар бұрышы, пияз сияқты бақша дақылдарының тұқымын себеді. Күтімі жақсы болғандықтан көкөністер жыл сайын мол өнім береді. Одан кейін немерелер ертерек қауыннан ауыз тисін деп бес-алты ұяға оның да тұқымдарын тастайды екен.
Жанәлі ақсақалдың қимылы ширақ. Әлі күнге дейін қоғамдық жұмыстардың бел ортасынан табылатын ол Талсуат ауылдық округі қоғамдық кеңесінің төрағасы.
– Көріп отырғандай бақшамыз бар. Жаздыгүні немерелерім демалысқа келгенде бақша өнімдері пісіп, дайын тұрады. Барлығы солар үшін. Бақша өнімдерінің барлығын осы жерден үзіп аламыз. Жер құнарлы. Күн жылыса бақшаға кірісемін, – дейді қария.
Ақсақалдың мына сөзінен кейін «Қолдан келсе көп ағаш өсіріп, жүрген жерін жасыл желекке айналдыру, көріктендіру әрбір пенденің игілікті ісі» деген сөзінің бекер айтылмағанын ұғасың. «Ерінбеген адамның егіні бітік шығады» дейді дана жұртымыз. Жер-Ананың адал кәсіптің тұтқасын ұстап, ерінбей еңбек еткеннің жігерін құм қылмайтынын тағы бір байыптадық. Жердің бабын тапқан атамыз бақшасын «химикатсыз» күтеді. Жергілікті жердің табиғи өнімі қай кезде де жоғары сұранысқа ие. Қария балаларына ауыл шаруашылық мамандығының қыр-сырын үйретуде. Немерелерін агроном мамандығы бойынша оқуға түсуге үгіттейтін ол – ауылдың көркейіп, дамуын ауыл шаруашылығымен байланыстырады.
Бақ дарып, дәулет қонған қарияның шаңырағы әр уақытта бақыт пен берекеге толы.

Қаныбек ӘБДУОВ,
Айдана САЙДУЛЛА,
Жарасхан ҚУАНЫШБАЙҰЛЫ
Суретті түсірген Нұрболат Нұржаубай.






11 наурыз 2020 ж. 1 264 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 420 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам