СҰЛУТӨБЕ АТАУЫНЫҢ СЫРЫ
Әр адамға өз ауылы баға жетпес қымбат. Өзімнің балалық шағым ата-әжеммен бірге жайлауда өтті. Олар – Шиелі ауданы Сұлутөбе ауылының тумалары. Атам алаңсыз жылқы бағып, мал шаруашылығымен айналысты. Ал, әжем үнемі жанында жүретін. Шопандар келсе, дастарқанын жаятын.
Қаншама ағартушылар дүниеге келген Сұлутөбе – киелі мекен. Алаш қозғалысына қатысқан қайраткер, Түркістан жерінің азаттық күресі топ бастаушыларының бірі, публицист, ғалым Мұстафа Шоқай осы туған топырақта кіндігі кесілді, түледі, тұлға болды.
Шиелі ауданы – бір жағына Қаратау, екінші жағынан Сырдария аралығындағы шөбі, суы мол, тірлікке өте қолайлы, ат бауырын жазып шабатын дала. Көнекөздердің айтуынша, кезінде тауды қарақұйрық, арқар, киік жайлаған. Дария жағасындағы қалың тоғай сан алуан аңға, құсқа толы. Тіпті, қамыс арасында қабан, жолбарыс тіршілік еткен деген аңыз да болған. Міне, осы ауданға қарасты Сұлутөбенің құрамына Бірінші Мамыр, Бірлестік ауылдары кіреді.
Орталығы саналатын мекеннің атауы неге төбемен байланысты? Сұлутөбе атауының сыры неде?
Сексеннің сеңгіріне шыққан ауылдың тумасы Итемер Меңлібаев ақсақалды сөзге тарттық.
– Бала күнімнен жайылым табиғатының тылсым сырларын сезініп өстім. Ауылда дүниеге келіп, осында ержеткен соң малшылықтың қыр-сырын меңгеруге тырыстым. Бұл – ата-бабамыздан келе жатқан кәсіп. Ауылға қарасты 1 Мамыр мекені жақта өте биік құм төбе бар болатын. Көпшілікке ауылдан бұрын сол төбе көрінетін. Құмды болғандықтан күнмен шағылысып, әдемі көрініс беретін. Біз ол кезде ауылдың қарадомалақ баласы едік. Оның айналасы – ат жарыс ұйымдастыруға қолайлы жер. Өзім әке-шешеден ерте айырылып, мал шаруашылығына бейімделіп кеттім. Сол сәтте осындай көріністі байқайтынмын. Тағы да бір мынадай аңыз бар, – деп қария әңгімесін қайта жалғастырды. Сол кездегі үлкендерден естігенім, ертеде бұл төңірек су табаны болып, су ортасындағы биік арал төбеге құстар қонады екен. Әсіресе, олардың ішінде аққулар көп болса керек. Сондықтан «Қутөбе» деп те аталған. Кейіннен су тартылып, жер құрғап, айналасына ел қонып көріктенген кезде Сұлутөбе атауы берілген. Шамамен 1905 жылы осы жерден теміржолдың өтуіне байланысты осымен аттас теміржол бекеті салынған. Міне, біз атпен аралаған ауылға пойыз, көлік қатынайтын болды. Уақыт өте келе осылай дами бастады, – деді ол кісі.
Сарысуы бар мал жайылымына қолайлы ауылда тірлік осылай жалғасуда. Бүгінде төбе бар. Бірақ, құмы жыл өткен сайын көшіп, шағын төбеге айналып қалған. Қаншама тұрғыны бар бір ауылдың атауы болып келе жатқан төбенің өзіндік сыры да осында...

Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.