Коронавирус: Сырдың бас қаласында сақтық шаралары қалай?
«Сақтансаң, сақтайды» демекші, әлемді дүрліктірген коронавирус дертінің алдын алу шаралары Қызылорда қаласында қандай деңгейде? Секунд сайын ақпарат өзгерген сайын елдің «Біздегі дайындық қалай екен?» деп алаңдауы заңдылық. Бұл орайда, шаһар басышысының қаланы күн сайын аралап, дайындықты пысықтауы алаң көңілді бір демдегендей болды. Қала аралаудағы алғашқы нысан – темір жол вокзалы.
Қаланың көркі мен бейнесіне айналған темір жол вокзалы қатаң бақылау мен ұқыптылықты қажет етеді. Берісі Өзбекстан, арысы Ресейді байланыстаратын темір жол торабынан күніне мыңдаған жолаушы қала үстінен көктей өтіп, өңірдегі қауіпсіздік ахуалын көзімен көреді. Оған қоса, Темір жол вокзалына аялдаған аз ғана уақытта Қызылорда туралы алғашқы әсер мен ұғымды қалыптастырары сөзсіз. Қала әкімі бұл маңызды факторды ескерсе керек, нысандарды аралау жұмысын шаһар қақпасы – Қызылорда темір жол вокзалынан бастады. Ғимараттың кіреберісінен бастап күту залы, перрон маңындағы қауіпсіздік шараларын бағамдаған қала әкімі мұнда бір-екі антисептик аздық ететін айтып, ескертпе жасады. Оның санын көбейту және халықтың оны пайдалануын қадағалау қажеттігін ескертті. Қызылорда қаласы бойынша теміржол вокзалының аумағына жауапты Ибрагим Басықараевтың айтуынша, күніне мұнда 4-5 мың адам келіп кетеді. Сондықтан мұндағы бар жоғы 2 антисептик мұнша халыққа аздық етеді.
«Қазіргі жағдайға байланысты халықтың денсаулығын сақтау мақсатында ғимарат ішінде антисептиктердің санын көбейту керек. Сонымен қатар ғимарат ішін әр сағат сайын жуып, тазалық жұмыстарын ұдайы жүргізіп отыру керек. Ғимарат ішінде сағат сайын дезинфекция жұмыстары жүргізілсін. Есік-терезелерді ашып қойып, халықтың сыртта жүргені абзал. Қазір күн жылы, сондықтан вокзалға келушілердің сыртта күткені, кассада бір адамнан артық тұрмағаны жөн. Ғимарат сыртында да халыққа жағдай жасалу қажет», – деді қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.
Е.БАЛТАБЕКҰЛЫ