Түркістан облысы мен Шымкент және Қызылорда арасында автобустар тоқтатылды
Қызылорда, Түркістан облысы мен Шымкент қаласы арасындағы облысаралық автобус қатынасы уақытша тоқтады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Сондай-ақ Түркістан облысындағы бірнеше автовокзалдың жұмысына шектеу қойылды. Коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ауданаралық тұрақты бағыттардағы рейстердің 50%-ы қысқартылды. Облыс аумағында 6 автовокзал, 26 автотұрақ, 4 жолаушыларға қызмет көрсету пункті бар. Бұған дейін облыс аумағынан жүретін халықаралық автобус бағыттарына шектеу қойылғандығы туралы айтқан болатынбыз. Мамандар өңірде коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау мақсатында өңір тұрғындарына сақтық шараларына барынша мұқият болуды ескертеді. Гигиеналық талаптарды сақтап, карантиндік режим аяқталғанша қоғамдық көлікпен сапарға шықпауға кеңес береді.
«Бүгін ауданаралық бағыттардың 61 кестесінің 50 пайызын тоқтаттық. 31 кестеменен қазір ауданаралық қатынастар болып жатыр. Күнделікті зарарсыздандыру жұмыстарын жүргізу мәселесі қарастырылған. Таңертең шыға берісте және кешке жұмыстан қайтқан кезде автобустарды дизенфекция жасау. Ол бойынша күнделікті біз облыстағы ситуациялық орталыққа ақпар беріп, бақылауда ұстап отырмыз», – облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Мырзабаев.