Қатаң талап қадағаланады
Дүниежүзін дендеген дерт елімізге енгелі халық қауіпсіздігі қатаң қадағалануда. Кеселдің жолын кесіп, жайылып кетпеуі үшін төтенше жағдай жарияланды. Сырдың бас қаласында бұл жағдай барынша бақылауда. Шаһар басшысының тікелей тапсырмасымен жедел штаб жүйелі жұмыс жасауда. Басты мақсат – азық-түлік тауарлары сапасын сараптап, бағасын бақылау. Халық тұтынатын өнім бағасы қолжетімді болуы тиіс. Себепсіз қымбаттатқандарға сөгіс қатаң. Елге келген азғантай ауыртпалықта тұтастығымызды танытсақ бұл сынақтан да сүрінбей шығарымыз ақиқат. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген емес пе?
– Президент Қ.Тоқаевтың Жарлығымен жарияланған төтенше жағдайға байланысты өңірімізде ойын-сауық орталықтары мен ірі сауда нүктелері, жастар жиі жиналатын түнгі клуб, кафелер жұмыс режимін қысқартты. Алайда ескертпені ескерусіз қалдырып жатқандар да жоқ емес. Оларға заң аясында әкімшілік айыппұл салынып, қамауға алынғандар бар. Қазіргі төтенше жағдайға орай қала әкімдігі жанынан құрылған мобильдік топтар тәулік бойы тиісті нұсқаулыққа сәйкес қауіпсіздік шараларын жүргізуде. Жалпы төтенше жағдай кезінде талаптарды орындамау әкімшілік жауаптылыққа әкеп соқтырады. Бұл бойынша ӘҚБтК-нің 476 бабы бойынша ескерту, 10 АЕК айыппұл салу немесе 15 тәулікке дейін қамаққа алу қарастырылған. Сонымен қатар, төтенше жағдай кезінде билік өкілінің заңды талабына бағынбағаны үшін ҚК-ның 379 бабымен 2 мың АЕК айыппұлдан 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Бірлескен рейд барысында белгіленген заң талаптарын бұзғаны үшін жалпы 21 дерек тіркеліп, әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 476 бабы бойынша 17 іс қозғалды. Ол істер онлайн режимде сотта қаралып, 4 азаматқа әкімшілік қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды, – дейді қала прокуроры Асхат Бекмұханов.
Қала әкімдігі жанынан жасақталған арнайы мобильдік топқа әкім аппараты, полиция, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау басқармалары, қалалық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм, ішкі саясат бөлімі қызметкерлері бекітілді. Кәсіпкерлері тарапынан базарлар мен сауда орындарына келушілерге тегін медициналық бетперделер және резенке қолғап пен қолсүрткіш таратылуда. Атап айтар болсақ, «Қызылорда оптомаркет» сауда үйі тарапынан тұтынушыларға 3000 бетперде үлестірсе, «Мирас» сауда үйі 1000 данасын таратты. Сондай-ақ, «Ажар сити» сауда орталығы да тұтынушыларына 500 тегін медициналық бетперде үлестірді. Бізде бір данасын үлесімізге еншілеп. үйімізге аттандық.
– Алдағы уақытта кәсіпкерлер тарапынан келген тұтынушыларға тегін бетперде тарату акциясы қала аумағында халыққа қызмет көрсететін 80-ге жуық сауда үйі мен 12 базарда жалғасын табатын болады. Барлық мүмкіндік халық игілігі үшін жасалуда. Қазіргі жағдайға байланысты қалада әлеуметтік маңызы бар тауар бағасына күнделікті мониторинг жүргізілуде. Халық ең көп тұтынатын әлеуметтік дүкен сөрелерінде азық-түлік өнімдері халыққа қолжетімді бағада сатылуда, – дейді қала әкімінің орынбасары Бектас Нұридинов.
Мобильдік топ аялдаған қаладағы әлеуметтік дүкеннің бірінде қала тұрғыны Мейрамгүл Сіргебаевадан пікірін сұрағанымызда:–Барлығына дән ризамын. Өнімдердің бағасы қалтаға қонымды. Осындай елең-алаң шақта елмен етене жүрген ел ағаларына аналық алғыс айтамын. Біздің басымызға не келмеді, қазақ барлығын сабырмен еңсере білді. «Ел болғасын жақсылық, жамандық бар. Ескіретін кезі бар жаңаның да» деген бұрынғы бәтуәлі қариялар. Бұл кеселдің де күн өте бәсі басылады. Бастысы, ауызбіршілік сақтап, денсаулығымызды күту керек,- дейді бізбен әңгімесінде.
Иә, тосыннан келген кеселге төтеп беретін таудай төзім ғана. Сабырды серік қылып, сауысқандай сақтықпен жүретін сәтіміз бұл. Басшылықтың да басты айтар уәжі осы. Сақтанғанды сақтаймын деген. Ал, Алланың өзі де рас, сөзі де рас екенін Абай атам әлдеқашан айтып кеткен.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ.